Читайте также:
|
Жалпы адамзат бұрынғы заманда қолданып жүрген егіншілік жүйелері интенсивтілік дәрежесіне байланысты қарапайым, экстенсивті және интенсивті болып негізінен үшке бөлінеді.
Егіншіліктің қарапайым жүйесі топырақтың тек табиғи құнарлылығын пайдалануға негізделген. Бұл егіншіліктің алғашқы кезеңіне тән ерекшелік. Бұл ерте заманда жерге жеке меншіктік бола қоймаған кезде қолданылған егіншіліктің ең қарапайым жүйесі болып табылады. Ерте кезде адамдар орманды алқаптарда егін салу үшін ағаштарды кесіп, не өртеп егістік алаң дайындаған. Осылай орманнан тазартылған жерлерге 3-5 жыл дәнді дақыл егілген. Танаптарда арам шөптер көбейіп, топырақтың құнарлылығы азайып, өнім төмендей бастағанда, бұл жерді тастап егіс үшін орманнан жаңа жер дайындаған.
Диқан тастап кеткен танаптарға қайтадан табиғи шөптер, ағаштар өсіп кей жылдар өткеннен кейін жердің құнарлылығы табиғи күштердің көмегімен қалпына қайта келетін болған.
Егіншіліктің бұл жүйесі кесу-өртеу жүйесі деп аталады. Орманды аймақтың оңтүстігінде жатқан далалық аймақта ағаш емес, әдетте көп жылдық шөптер өсетіні белгілі. Бұл аймақта жерді егінге дайындау үшін көп жұмыстың қажеті жоқ. Жердің түбелікті иесі болмағандықтан диқан өзінің көңіліне ұнаған жерге егін салған. Егістік түсімі төмендеп, арам шөптер көбейіп, жердің құнарлылығы азая бастаған уақытта диқандар ол жерді тастап басқа тың жерге ауысып отырған. Сондықтан егіншіліктің бұл көшпелі тәсілі егіншіліктің тыңайған — ауысу түрі деп аталған.
Танаптың құнарлылығын көтеру үшін адамдар ешқандай шара қолданбаған. Диқан тастап кеткен танапқа табиғи шөптер өсіп 15-20 жылдан кейін топырақтың құнарлылығы қайтадан қалпына келген. Тың жерге тән көп жылдық шөптер өсе бастаған уақытта диқан ол жерді қайта жыртып, егін салған. Қазақстанда ¥лы Қазан төңкерісіне дейін егістің осы тыңайғанға ауысу сияқты қарапайым жүйесін қолданып келген. Ол уақытта ең көп егілетін дақыл тары болған. Тарыны бір жерге 2-3 жыл егіп, топырақтың құнарлылығы кеміп, арам шөптердің саны көбейе бастағанда басқа тың не тыңайған жерге ауысып отырған.
Егіншіліктің экстенсивті жүйесі қарапайым жүйесіне қарағанда көп жоғары тұр. Бұл жүйе бойынша егістік жерлерді пайдалану едәуір жақсарады. Халықтың саны өсуіне байланысты егін алқабының аумағы үлкейеді. Жерге жеке меншіктік пайда болды, енді диқан бұрынғыдай, кез келген жерді егістікке арнап жырту мүмкіндігінен айрылды. Енді осыдан топырақ құнарлылығын қалпына келтіру мерзімін қысқарту қажеттігі туды. Ондай тәсіл табылды — ол танапты парға қалдыру. Жерді парға қалдырғанда арам шөптерді құртуға, топырақтың құнарлылығын көтеруге мүмкіндік туады. Жерді тыңайту мерзімі бір жылға дейін қысқарды. Дақылдар егілмеген танаптарда арам шөптерге қарсы күрес жүргізу қажеттілігі туды, яғни танапта ештеңе егілмесе де жаз бойы ол бапталып күтілді. Сөйтіп, егіншіліктің пар жүйесі пайда болды.
Кейін парға қалдырылған танаптарға органикалық, минералдық тыңайтқыштар төгілетін болды. Сөйтіп, табиғи жағдайда 15-20 жылда танаптың құнарлылық күші қалпына келетін болса, адам оны бір-ақ жылдың ішінде құнарлы қалпына келтіретін болды.
Егіншіліктің интенсивті жүйесі. Егіншіліктің интенсивті жүйесі ХVІІІ ғасырдың басында Англияда пайда болды. Бұл жүйе бойынша әдетте төмендегідей ауыспалы егістер қолданылды: 1 — беде, 2— күздік бидай, 3— отамалы дақылдар (картоп, қызылша), 4 — масақты жаздық дақыл және беде (беде астықтың үстіне себіледі). Бұл ауыспалы егісте органикалық-минералды тыңайтқыштар кеңінен қолданылды. Астық өнімі гектарына 1,6-1,7 т-ға көтерілді. Егіншіліктің интенсивті жүйесінде жерді неғұрлым тиімді пайдалану үшін ғылымға негізделген көптеген шаралар қолданылады, барлық жұмыс әр гектардан мүмкіндігінше мол өнім алуға бағытталады. Ол үшін танаптарға, барлық қажетті тыңайтқыштар беріледі, ауыл шаруашылық дақылдарын аурулардан, зиянкестерден қорғау үшін әртүрлі химиялық улы заттар қолданылады. Өнімді көбірек алуға бағытталған әр гектарға жұмсалатын шығын арта түседі.
Егіншіліктің интенсивті жүйесінде пар болмайды, ауыспалы егістің құрамында қант қызылшасы, картоп сияқты тыңайтқыштарды көп қажет ететін дақылдар болады. Мал шаруашылығының өркендеуі ауыспалы егістегі танаптарға, бұршақ тұқымдас дақылдарды және тамыр жемісті өсімдіктерді егуді талап етті. Мал шаруашылығы өркендеген сайын танаптарға берілетін органикалық тыңайтқыштардын да мөлшері арта түсті.
Жылда танапқа биологиялық жағынан әртүрлі, өсіру технологиясы да бір-бірінен өзгеше дақылдарды егу топырақтың құнарлылығын арттырып, алынатын өнім мөлшерін арттыра түсті. Сөйтіп, егіншіліктің интенсивті жүйесінде дақылдарды өсіру үшін жұмсалатын қаржы көбейіп, сонымен қатар алынатын өнім де арта түседі.
Егіншілік жүйесін ғылыми негізде қорғау және оның ауылшаруашылығын өркендетудегі маңызы. Ғылым жетістіктеріне сүйене отырып құрылған егіншілік жүйесі
барлық қажетті өнімді жеткілікті мөлшерде өсірумен қатар жыл сайын топырақ құнарлылығының арта түсуін, алынатын өнімнің арзан болуын қамтамасыз етуі тиіс. Егіншіліктің ұсынылған жүйесі оның экономикалық тиімділігі дәлелденгенде ғана шаруашылыққа енгізіледі. Әр аймақтың табиғи-экономикалық жағдайына қарап оған тиімді егіншілік жүйесі қолданылады. Ресейдің қара топырақсыз аймағын алсақ, онда жауын-шашын мол болады, бірақ топырағы күлгін, құнарлылығы төмен. Осыған байланысты бұл жерде дәнді-шөпті егіншілік жүйесі қолданылады. Жыртылатын жердің жартысынан астамын астық дақылдары алып жатады. Топырақ құнарлылығы тыңайтқыштар қолдану, көп жылдық бұршақ тұқымдас шөптер себу арқылы көтеріледі.
Далалық аймақтарда жауын-шашын аз болғандыңтан дәнді парлы егіншілік жүйесі жиі кездеседі. Кей жағдайда далалық аймақ-отамалы дақылдар да егіледі, бұл жағдайда егіншілік жүйесі дәнді парлы-отамалы деп аталады. Далалық аймақта жердің көбісін дәнді масақты дақылдар алып жатады. Топырақтың құнарлылығы тыңайтқыштар қолдану, жерді дұрыстап өңдеу арқылы, пардың көмегімен көтеріледі. Суармалы жерлерде дәнді және отамалы дақылдар егіледі. Аңызық, аралық дақылдар егілгендіктен көп жағдайда дақылдар орналастырылған жер көлемі жыртылатын жер көлемінен асып кетеді. Суармалы жерде таза пар болмайды. Жердің құнарлылығы оны өңдеу, тыңайтқыштар қолдану, дақылдардың орнын ғылыми жүйемен ауыстыру арқылы жақсартылып отырады.
Батыс Сібірде, Қазақстанның солтүстігінде орналасқан құрғақ далалардағы миллиондаған гектар тың жерлерді игергеннен кейін, 4-5 жыл өткен соң бұл байтақ аймақтарда жел эрозиясы басталды. Осы эрозияның кесірінен топырақ құнарлылығы күрт төмендеп кететіні белгілі. Топырақты бұл апаттан сақтап қалу үшін егіншіліктің топырақ қорғау жүйесі қолданылады.
Егіншілік жүйесінің негізгі құрамдары. Егіншілік жүйесін ғылыми негізде құру үшін төмендегідей бөлімдерден тұратын шаралар қолдану керек: шаруашылық территориясын дұрыс ұйымдастыру (қай жерге егін себу керек, қай жерде шабындық болады, танапты қорғайтын орман алқаптары қайда орналастырылады т.б.), егілетін дақылдардың көлемін дұрыс анықтау, шаруашылықтың мамандандырылуына ескере отырып ауыспалы егіс құру, жер өңдеу жұмысын дұрыс жоспарлау, ауыспалы егістер бойынша тыңайтқыштарды қолдану жүйесін жасау, арам шөптермен, дақылдардың ауруларымен, зиянкестерімен күрес жүйесін құру, тұқым ауыстыру жүйесін жоспарлау, топырақты су және жел эрозиясынан қорғау жүйесін белгілеу, бұл жұмыстарды бәрін орындауға керекті машиналармен, құралдармен шаруашылықты толық қамтамасыз ету.
Айтылған шаралар жүйесінің әрқайсысының маңызы аймақтың ауа-райына, топырағына байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Топырағының құнарлылығы төмен аймақтарда тыңайтқышты дұрыс беру жүйесінің маңызы басқа шаралардан жоғары болуы мүмкін. Сол сияқты әртүрлі эрозия күшті болатын жерлерде топырақты бұл апаттан қорғау жүйесі, жауын-шашын аз болатын аймақтарда жер суару, ылғалды жинау, сақтау шараларының маңызы басқа шаралардан басымдау болады.
Дата добавления: 2015-01-07; просмотров: 400 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав |