Читайте также:
|
|
Егістегі орны. Алғашқы кезде баяу өсетіндіктен қышаны арам шөптер басып кетеді. Сондықтан оларды арам шөптерден таза танапқа себу керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда қышаның жақсы алғы дақылы күздік (Орал облысында қара бидай), отамалы және дәнді бұршақты дақылдар болып табылады. Ал қышаны ықтырма үшін пайдаланғанда, ол сөзсіз таза парға себіледі. Қышаны айқыш-гүлдер тұқымдасына жататын рапс, арыш және басқа өсімдіктерден кейін себуге болмайды, себебі олардың аурулары, зиянкестері және арам шөптері ортақ.
Тыңайту және топырақ өңдеу. Топыраққа қоятын талабы онша болмағанмен қыша өсімдігі топыраққа органикалық және минералдық тыңайтқыштарды сіңіргенді ұнатады.
Органикалық тыңайтқыштарды алғы дақылға беріп, қышаға оның қалдық әсерін пайдаланған жөн. Күзде сүдігер жырту алдында әр гектарға әсерлі заттар есебімен 45-60 кг толық минералдық тыңайтқыштарды топыраққа сіңіреді.
Қыша себу үшін топырақты өңдеу ерте себілетін дәнді дақылдар мен күнбағыс үшін топырақ өңдеуден айырмашылығы жоқ. Яғни, топырақты өңдеу күзде аңызды (күздік дақылдардан кейін) 1-2 рет сыдыра жыртқыштармен қопсытып, одан кейін терең етіп сүдігерге жыртудан, ал көктемде ылғал жабу мен егін себер алдындағы культивациялаудан тұрады.
Себуге іріктелген таза және өнімділігі жоғары тұқым таңдап алынады.
Суыққа төзімді болғандықтан қышаны ерте себеді. Бұл топырақтағы көктемгі ылғал қорын тиімді пайдалануға, соның арқасында қышаның құрғақшылыққа төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қышаны негізінен кәдімгі жай қатарлы әдіспен себеді. Көкшіл сұр қышаның қолайлы себу мөлшері әр гектарға 10-12 кг, ал ақ қышаныкі —15-18 кг.
Тұқым сіңіру тереңдігі топырақтың механикалық құрамына және оның ылғалдылығына байланысты.
Көкшіл сұр қышаны 4-5 см, ал ақ қышаны —2-3 см, ал механикалық құрамы жеңіл топырақтарда — 4 см тереңдікке сіңіреді.
Күтіп-баптау және жинау. Қышаны сепкеннен кейінгі топырақты нығыздаудан басталады. Осы агротехникалық шараның арқасында топырақ пен себілген тұқымның жанасуы ұлғайып, дәнге жердегі ылғал жақсы сіңіп, ол жақсы бөртіп, тез көктеп шығады.
Арам шөптері бар танаптарда қышаның өсу кезеңінде егістікті жеңіл тырмамен егін себу бағытына кесе-көлденең немесе қиғаш бағытпен тырмалайды.
Қыша өсімдігі айқын гүлдер битінен көп зиян шегеді. Сондықтан осы аталған зиянкесті жою үшін қыша көктеп шығысымен егістіқ әрбір гектарын 0,6-0,8 кг 50%-ті ГХЦГ гамма-изомер препаратымен өңдейді.
Өсу кезеңінде әртүрлі зиянкестерге (кене, капуста күйесі және басқалар) қарсы қыша егісін әр гектарға 0,6-0,8 литр 50 проценттік карбофос, 1,5-2,0 кг 30 проценттік метафос препараттарымен өңдейді.
Көкшіл сұр қышаны барлық өсімдігі сарғайып, дәні қамырланып піскенде комбайнмен бөлектеп орады. Дестені жинағанда дән бастырғыш барабанның бір минуттағы жылдамдығы 500-600 айналыс болу керек.
Ал қыша шашылып-төгілмейді, сондықтан оны толық пісіп жетілгенде комбайнмен тікелей орады.
Солтүстік Қазақстан облыстарында таза парларда жиналатын ылғал қорын молайту үшін және оны жел эрозиясынан қорғау мақсатымен қышаны ықтырма өсімдік ретінде себеді.
Таза пар бір-екі рет жазық табанды сыдыра жыртқыштармен өңделгеннен кейін шілде айының бірінші он күндігінде жел басым соғатын бағытқа кесе-көлденең 2-3 қатарлы әдіспен қышаны 3-4 см тереңдікке себеді. Көп жылдық деректерге қарағанда Қазақстанның солтүстік облыстарында жаңбырдың ең көп жауатын уақыты шілде-тамыз айлары. Шілденің басында себілген қыша осы жауын-шашынға дәл келеді, сондықтан ол тез көктеп шығады. Қыша көктеп шыққаннан күзге дейін арам шөптерді жою үшін ықтырманың қатар аралықтарының қашықтығы оны өңдейтін құралдардың алымдарының еніне байланысты 6-10 метр шамасында болу керек.
Қыста ықтырмаларға тұрған қардың биіктігі 40-55 см-ге жетеді. Ол ықтырмасыз танаптардағы қардың қалыңдығынан 8-10 см биік. Мұның өзі әр гектарға қосымша 400-450 тонна су жинап, бидайдың өнімділігін 3,1 центнер көбейтеді.
Лекция
Дата добавления: 2015-01-07; просмотров: 197 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав |