Читайте также:
|
|
Бүгінгі күні шетел тіл білімінде әлеуметтік лингвистиканың негізгі зерттеу нысандары ретінде гиперлект пен акролект ұғымдары танылып отыр. Гиперлект – жоғарғы әлеуметтік тап өкілдеріне тән ең құзіретті, консервативті тілдік қолданыс. Ал акролект – жалпыхалықтық қолданыстағы, стандартты, тілдік нормаға сай тіл. Ал сөйленімнің әлеуметтік сипатын танытатын ұғымдар деп базилект пен мезолект терминдерін атауға болады. Базилект – білім деңгейі жоғары, тәжірибесі мол егде адамдардың тілдік қоры, сөйленім қоры. Ал мезолект – бұл гиперлект пен базилект арасындағы БАҚ көмегімен дамып, толықтырылып отыратын аралық тілдік қор. Аталмыш тілдік қордың әлеуметтік деңгейі үнемі өз мәртебесін сақтап тұра бермейді. Олар қоғам өзгерген сайын, дамыған сайын, кеңейіп немесе тарылып, бірінен біріне ауысып отырады. Ал әрбір адам өзінің тілдік қорының әлеуметтік деңгейін сақтап отыру үшін қоғамдық даму легінен қалмай, қатар дамып отыруы тиіс. Бір мемлекеттің тіл тұтынушыларының тілдік қор деңгейі әртүрлі болатыны заңды құбылыс. Дегенмен де мемлекеттің ішкі инфрақұрылымы, саяси-экономикалық даму бағыты, мәдени болмысы адамдардың танымына, біліміне едәуір ықпал етеді, демек, тілінің әлеуметтік мәртебесіне де әсерін тигізеді. Мәселен, қазіргі таңда «қазақ тілінің ғылыми мәртебесі осал, ғылым тілі ретінде өзін кеңінен таныта алмай жүр» деген алып-қашпа әңгімелер болып жатқаны рас. Бірақ бұл қазақ тілінде базилект жоқ деген сөз емес. Қазақ тілінің ғылыми аппараты ғылыми ұғымды өз дәрежесінде, еркін жеткізуге қабілетті. Дегенмен, негізі қалыптасқан ғылыми тілді одан әрі дамытудың жолдары мен әдістемесі жетіңкіремей тұрған сияқты.
Біздің ойымызша қазақ тіл білімі үшін әлеуметтік лингвистика мына мәселелерді негізгі нысан етіп алып, оны тереңінен қарастыруды алға қою керек. Біріншіден, кәсіп пен білім шеңберінде қалыптасып дамитын тілдерді, яғни саясат тілін, экономика тілін, ғылым тілін арнайы қарастыру керек. Екіншіден, халықтың өмір сүріп отырған әлеуметтік ортасында дамитын тілдерді, яғни қала тілі мен ауыл тілін, олардың бір біріне ықпалдасуы мен ауысу құбылыстарын жеке қарастыру қажет. Үшіншіден, қызмет көрсету жағдаятында, қарым-қатынас кезінде дамитын институционалды дискурс тілін, яғни мұғалім мен шәкірт қатынасындағы тілді, дәрігер мен науқас қатынасындағы тілді, сатушы мен сатып алу қатынасындағы тілді, т.б әлеуметтік лингвистиканы жеке зерттеу нысаны ретінде қарастыру керек.
Орыс тіл білімінде саясат тілін арнайы зерттейтін «лингвополитология» бағыты қалыптасты. Оған тіл мен саясаттың өзара ықпалдасуы, тілдің саяси қызметтерді атқару жағдаяттары басты себеп болды. Ал қазіргі күні қазақ тіл білімінің лингвосаяси сипаты мемлекеттік тілдің құзіреті мен мәртебесін қалпына келтіру, «бір мемлекеттің ресми тілі бір ғана тіл болу керек» деген қағиданы енгізу, тіл саясатының орындалу деңгейін арттыру, билингвизмді жойып, ұлттық монолингвизмді орнату сияқты мәселелерге ұласқан.
Орыс тіл білімінде мемлекетішілік тілдік қатынастардың өзара ықпалы билингвизм, монолингвизм, мультилингвизм ұғымдары аясында қарастырылып жүр. Кез келген ұлт тілінде немесе белгілі бір мемлекет тілінде бұндай құбылыстар болатыны табиғи заңдылық деп түсіндіріледі. Себебі, мемлекет, ұлт болғандықтан өзге елмен, ұлтпен қарым-қатынаста болып араласады, тәжірибе алмасады, елшілік қатынастар жүргізеді, мәдени құндылықтарын таныту, тану үрдістері жүреді. Сол сияқты екі елдің қарым-қатынасы олардың тіліне де өз ықпалы тигізеді. Негізінен қостілділік деңгейіне жетуге аккультурация (өзге ұлт мәдениетін сіңіру) құбылысы басты себеп болады екен. Билингвизмнің қолданылу деңгейі де әртүрлі дәрежеде болады. Мәселен, кейбір мемлекеттерде билингвизм тек диалект, арго, жаргондық қолданыстар сияқты екінші дәрежелі тілдік қатынастарда ғана көрініс табады да, әдеби, ресми тіл ретіндегі бірінші дәрежелі тілдік қатынаста байқалмайды. Яғни ол мемлекет тұрғындары тек диалектілік, жаргондық, қарапайым қолданыстағы билингвизмді ғана қабылдаған. Ал кейбір мемлекет тілі толығымен қостілді болып саналады, яғни халықты, әлеуметтік ортаға ақпаратты жете жеткізу үшін екі тіл қатар қолданылуы аса талап етіледі.
Мультилингвизмдер көбінесе көп ұлтты мемлекеттерде қалыптасады. Бірақ сол тілдердің қолданысы әртүрлі сипатта көрінеді. Мәселен бір мемлекетте жарыспалы қолданылатын үш-төрт тілдің біреуі ресми тіл ретінде басымдылыққа ие болса, екіншісі оған бағынышты деңгейде қызмет атқарады, бірақ шартты түрде, қарапайым қолданыс шеңберінде ол екі тіл тең дәрежелі мәртебеге ие болады.
Қазақ тіл білімінде тілдің әлеуметтік сипатын, қостілділік мәселесін, социолектінің жиілігі мен статистикасын қарастыру арқылы алғаш әлеуметтік тіл білімінің ұшқынын ұялатқан Б.Хасанов болса, қазақ әлеуметтік тіл білімінің негізгі зерттеу бағытын, нысаны мен әдіс-тәсілдерін нақтылап берген ғалым Э.Д. Сүлейменова мен оның шәкірттері болды. Сүлейменова Э.Д., Шаймерденова Н.Ж. Смағұлова Ж.С., Д.Х. Ақановалардың басқаруымен шыққан, әлеуметтік тіл білімінің 650 ұғымына түсініктеме берілген «Әлеуметтік лингвистика терминдерінің сөздігінде» әлеуметтік лингвистиканың негізгі ғылыми аппараты, басты бірліктері мен зерттеу нысандары, негізгі бағыттары анықталып, олардың терминдік құрамына лұғаттық түсініктеме берілген және әлеуметтік лингвистиканың негізгі бірлігі - социолектінің мәні ашылып көрсетілген: «Социолект - әлеуметтік диалект, қандай да бір әлеуметтік топқа (сондай-ақ кәсіби топқа, жас мөлшеріне қатысты топтарға), макроәлеуметтік қауымдастыққа, қосалқы мәдениетке тән тілдік ерекшеліктердің жиынтығы. Социолект коммуникацияның дербес, әрі толыққанды жүйесі болып саналмайды, оған тек нақты лексикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктер тән. Социолектіге жаргон, арго, жастар тілі жатады».
Бүгінгі күні қазақ тіл біліміндегі әлеуметтік лингвистиканың жаңаша зерттеу аспектілерін ұсынған ғалым Н.Уәлидің зерттеулерінде тіл бірегейлігінің, ұлт бірегейлігінің, мемлекет бірегейлігінің негізгі идентификаторы тіл болып саналатынын айта отырып, қазақ этномәдениетінің тарихи, әлеуметтік өзгеру сипатына (қоныстанушы әтномәдениет, қуғындалған этномәдениет, эшалондық этномәдениет) талдау жасайды, ұлттың «тамырластық институты» мен толеранттылық қасиетінің сақталу деңгейін сипаттап береді [145]. Сонымен қатар Б.Момынова әлеуметтік тіл білімінің қазіргі зерттелу жай-күйіне тоқтала отырып: «Дүниедегi тiлдердiң бiрiнiң коммуникативтiк рөлi жоғары, ендi бiрiнiкi төмен, әлеуметтiк, құқықтық рангiлерi де әрқилы, қызметтерi де бiр-бiрiне ұқсамайды. Осындай әр түрлi деңгейлi тiлдер арқылы адамзат тiлдiк ғұмыры тоқтаусыз алға жылжиды, “тiлдiк” тiршiлiгiн өткiзедi. Әлеуметтiк тұрғыдан әр түрлi болуына қарай тiлдердiң әлеуметтiк сипаты қалыптасады», - деген тұжырымын айтады [146]. Сондай-ақ ғалым әлеуметтiк лингвистика мәселелерi қоғам мен тұтас ұлтты, ұлттың көзi қарақты зиялы қауымын үнемi қызықтырып, өзiне тартып отыратын тiл мәселелерiне арналған, осындай мәселелердi көтеретiн, көтерiп қана қоймай ғылыми дәрежеде зерттейтiн практикалық маңызы зор сала екенін дәлелдей отырып,коммуникативтiк рангасына қарай дүниежүзiндегi тiлдер - әлем тiлдерi, халықаралық тiлдер, мемлекеттiк тiлдер, аймақтық тiлдер, жергiлiктi тiлдер деп бес түрге бөлінетінін, бұл — тiлдердiң қолданыс аумағына қарай жасалған жiктелiс екенін, қолданысы төмен, тiл иелерiнiң санын саусақпен ғана санарлық тiлдердiң жер бетiнде қалу мүмкiндiгi ұрпақ ауысқан сайын өлі тілдер қатарына енетінін, осының барлығы тілдің әлеуметтiк мәселелеріне жататынын айтады.
Қазақ тіл біліміндегі әлеуметтік лингвистиканың лингвосаяси (тіл саясаты) сипаты мен маңызы тіл білімінің ғана емес, мемлекеттің де өзекті мәселесіне айналып отыр.
Біздің ойымызша қазіргі қазақ тіл білімінің әлеуметтік сипаты мен оның қолданбалы көрсеткіші ғылыми негізде мынадай қайшылықтардың шырмауынан шыға алмай жүрген сияқты. Жалпы қазақ тілінің қоғамдық қарым-қатынас құралы (ауызша, жазбаша) ретіндегі қызметінің нормаға сай орындалуына, әлеуметтік ортадағы болмысына, «тіршілігіне» сараптама жасайтын болсақ, қазақ тілінің «шалалығы», «бұрмалануы», «нәрсіз, тұшынатын әдеби сөйлеудің жетіспеуі», «солғын күйі» сияқты құбылыстары бар екеніне көз жеткіземіз. Қоғам дамып, өркендеген сайын, тілдің әлеуметтік қолданыстағы дәрежесі де өзгере бастайды. Қай мемлекетті алсақ та, «ұлттық тіл», «мемлекеттік тіл» мәселесіне қатысты өзекті ахуалдар туындап жатады. Мәселен, орыс әлеуметтік тіл білімі «дөрекілену», «анайылану», «әдеби нормадан ауыпқып, бұрмалануы» тәрізді мәселелермен күресу, ғылыми негізде зерттеуді алға қойса, қазақ әлеуметтік тіл білімі «халықты мемлекеттік тілде сөйлету» мәселесімен күрес жүргізуде. Ресей халқы тілдің ұлттық және мемлекеттік мәртебесін жоғары көтере отырып, өзге елден келген халықты орыс тілінде сөйлетуге саналы түрде бейімдейді, тіпті халықтың рухани қыспағынан үйренуге мәжбүр болады. Ал қазақ жерінде нақ осындай ұлттық рухани тұтастық негізде саналы түрде талап қою жігерлігі жетіңкіремей отыр. Себебі, қазағымыздың өзінде «ұлттық тіл», «мемлекеттік тіл» деген мәртебені жоғары бағалау сезімі бяу қалыптасуда. Сондықтан мемлекеттік тілдің қоғамдық қарым-қатынастағы шынайы мөлдір қызметін жүзеге асыру, тіл саясатының толыққанды орындалуын қалыпқа келтіру, халықтық жаппай қазақ тілінде сөйлеу дәрежесін өз деңгейіне көтеру сияқты әлеуметтік тіл біліміне қатысты мәселелерді шешудің басты тетігі – халықтың тілдік санасын қалыптастыру, қазақ тілінің рухани ұлттұтастырушылық қызметін етене тереңдету.
Бүгінгі күні тәуелсіздігімізге 20 жыл толып отыр. 20 жыл бойы қазақстандық халықты қазақша сөйлету үшін қыруар жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен, айтарықтай оң нәтиже көрінер емес, тек өте баяу қарқынмен іргелі жылжып келеді. Осы тұста Ә. Кекілбайдың айтқан ой-түйіндері, пікірлері еске түседі: «Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда қазақ тілін көкпардың лағындай қайта-қайта саяси талапайға салып баққысы келгендер аз болмады.... Бірақ, ана тіліміздің ат жалынан тартып мініп арындап ала жөнеле алмай жатқандығы – тек мұндай сотанақ күштер мен қитұры кедергілерден ғана емес еді. Ең бастысы, тоталитаризм мен отаршылдық психологиясына әбден бауыр басып, ғасырлар бойы салпақтаған соқпақтан шыққысы келмейтін ұлттық нигилизмнен әлі арыла алмай жатқандығымыз еді. Елінің де, тілінің де болашағына онша сене қоймайтын, сырттай қарағанда жаңалыққа бас шұлғып тұрғандай көрінгенмен, көкейінде бойы үйренген баяғысына көбірек мойын бұрып тұратын солақай сананың солқылдақтығынан еді. Ол солқылдақтық нарық пен демократияны тәуелсіздікпен ұштастыра қарамай, ауыспалы кезеңде ауыздары майланып қалған қауымның қай-қайдағы тауыстырмас «желбуаз» мүдделеріне жем қылғысы келмейтін топшылдық эгоизм мен элиталық снобизмге ұласты. Әлдеқашан мемлекеттік статус алған тіліміздің әлі күнге мәртебесіне сәйкес пәрмен ала алмай жүргендігі де содан еді. Тіліміздің жүтаңдығынан емес, өзіміздің кісілік жұтаңдығымыздан еді.
... Бүгінде мемлекеттік тіліміздің адымын аштырмай тұрған – осы заманғы ақыл-ойдың биігіне көтеріліп алған өрелі элитаның өз деңгейінен кенде жатқан байырғы тілді қомсынғандығы емес, кешегі бодандық сана бүгін әр нәрсеге бір құмартқан әуені сипатқа ауысып, утилитарлық пайдакүнемдіктің тығырығына тіреліп, өздерімен қоса бүкіл ұлттық сананы да сол тұйыққа қамап, шығарғысы келмейтін салбөксе самарқаулықтан.
... Тіл намысы – ел намысы екендігін ұмытып, ұлт намысын түгендеп алар тұста: «Қазақша оқыған балаң ертең нанын таба ала ма, жоқ па?!» деген кешегі қоркөкірек уайымның енді «Орысша оқымаса, балам ертең бай бола алмай, бастықтыққа қолы жетпей шерменде болып қалып жүрмей ме?!» деген көркөкірек пысықайлықпен алмасып, «қуанышы, қайғысы от басынан аспайтын» күлдікөмеш пиғылдан алысқа ұзап кете алмай жүргендігімізден. [147, 140б]
Демек, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру үшін ең алдымен, жалпы әлеуметтің тілдік санасын оятатын жолдарды анықтау қажет. Екіншіден, жалпыхалықтың қазақ тілінде еркін сөйлеуіне кедергі келтіретін факторларды анықтау керек. Демек, әлеуметтік тіл білімін адам, халық санасына тілдік ықпалын қарастыратын когнитивтік тіл білімін сабақтастыра отырып, зерттеу қажет секілді. Одан бұрын «қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қызмет ету дәрежесіне жетті ме?» деген мәселенің басын ашып алу қажет.
Қазақ тілінің өз деңгейінде қолданысқа түспей, әлеумет ортасында ұлттық тұғырына жете алмай отырғанының басты себебі тілдің тәжірибь жүзіндегі қолданбалы аспектісінің жүзеге аспай отырғаны деп көрсетеді. Ал қолданбалы тіл білімін зерттеушілердің пікірінше және практикалық қазақ тілін үйретушілердің пікірінше қазақ тілін меңгертуде кездесетін кереғар қайшылықтар болады екен. Яғни «қазақ тілінің ішкі құрылымының өзі толық зерттеліп болған жоқ» деген ұстанымды негіз етеді. Бүгінгі күнге дейін қазақ тілінің ғылыми зерттелу дәрежесі барша қазақстандықты (өзге ұлт өкілін немесе шала мәңгүрт қазақты) қазақ тілінде сөйлетуге, ойын қазақ тілінде еркін айтуға бейімдеу үшін жеткілікті әрі қолжетімді ғылыми базаға бай. Қазақ тілі ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген деген пікірлер тілдің ғылыми-теориялық негіздемелерінің шашыраңқы, яғни ғылыми еңбектер мен диссертациялар деңгейінде қалып, бірізділікпен жүйеленіп, жинақталмай отырғандығында болса керек.
Демек, жалпы қазақ тілін үйренушілерге арналған «Қазақ тілі» оқулығына да, ғылыми-теориялық негіз беретін «Қазақ тілі» оқулығына да жаңа анықталған ғылыми зерттеу тұжырымдарын, ғылыми жаңалықтарды енгізе отырып қайта шығару кезінде оқулық құрастырушылар құрамында тілші ғалымдарды қосу керек. Расында да қазақ тілінің қолданымдық тәжірибесінде кездесетін кейбір уникалийлер мен өзгертілген ғылыми ережелерді, жалпы ережелерден тыс ескерілетін өзгеше тілдік құбылыстарды үйретуде, меңгертуде оқытушы мен мұғалімнің ізденісі жетіңкіремей жатады. Қазақ тіліндегі жаңаша ғылыми жаңалықтармен таныстырып отыратын білім жетілдіру институттарының әдіскерлері Тіл білімі институтымен тығыз байланыс жасап отыруы керек сияқты. Ал әдіскерлер оқулық, әдістемелік құрал жасауда сонда жүйеленіп, біріздендірілген ғылыми негізге сүйене отырып жасауы тиіс. Осы ойымызды Ә.Кекілбаевтің тұжырымдамаларымен ұштастыра кетейік. Жазушы, саясаткер, мемлекеттік тілдің жанашыры Ә.Кекілбай тіл мәртебесін арттыруда атқарылмаған істерді былайша баяндайды: «тіл туралы заңды әуелі білім беруден бастауымыз керек еді. Қазақ тілін үйретумен шектелмей, барлық пән бойынша барлық деңгейде толыққанды білімді қазақша берумен жүзеге асыруымыз керек еді ғой, сонда ғана ол білім тіліне айналмай ма?! Ол үшін бастауыш, орта, жоғары оқу орындарына керекті барлық пәннің оқулықтары қазақша шығуға тиісті болатын. Қолда бар интеллектуал күштердің барлығы да сондай «Оқулықтар» бағдарламасын жүзеге асыруға ат салысса лазым. Ғалымдарымыздың ең таңдаулыларына оқулық жаздырып, олардың ең жақсыларын ең мықты деген аудармашыларымызға аудартқан дұрыс. Осындай іргелі істі бітірмей тұрып, білім алуды жөнге қойдық деуге әлі ерте.... Егер барлық пән бойынша барлық дәрежеде білім бере алсақ қана, ана тіліміз мемлекеттік тіл бола алады. Онсыз биліктің тілі, ұлттық тіл, мемлекеттік тіл болмай, аудармашылар мен халықтың белгілі бір бөлігі ғана білетін этнографиялық құбылыс күйінде қала береді. Әлі де осыдан бастамай тұрып, мемлекеттік тілді ұлттық дамудың басты құралына айналдыра алмаймыз»,- деп көрсетеді.
Сонымен қазақ тіл білімінде өз жемісін бере бастаған әлеуметтік лингвистиканың басты зерттеу бағыттары мыналар деп танылып отыр: мемлекеттік тілдің бірегей ұлттұтастырушылық қызметі арқылы мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілдің ұлттық дамудың басты құралына айналдыру жолдарын қалыптастыру, қостілділік, тіл саясаты (лингвосаясаттану), гендерлік тіл білімі, тіл экологиясы әлеуметтік тіл білімінің ең өзекті де маңызды аспектілері болып табылады.
Қазақ тілінің сөздік қоры мен сапалық деңгейі өзге тілдермен салыстырғанда құрамы мен мағынасы жағынан да, эстетикалық, функционалдық қызметі жағынан да еш тілден кем түспейтін, арғы-бергі тарихы бар, көне этнографизмдер мен даналы-пәлсафалық мән-мазмұнға бай тіл деп бағаланады. Сондықтан да қарапайым сөйленіс қарым-қатынасында да, ғылыми-техникалық өндірісте де, саясат пен мемлекет ісінде де, медицина, спорт, туризм, өнер, мәдениет пен білім салаларында да қазақ тілі өз мүмкіндіктері мен құндылықтарын жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Тек оны заман талабына сай одан әрі жетілдіру үшін біріншіден, барлық салаға ортақ болатын терминдерді бірізділікке салып, аударылуыға тиісті терминдерге халықтың көңіліне қонымды, дөп келетін балам беріп отыратын тілші-ғалымдардың, терминшілердің, тіпті сала мамандарының басын біріктіретін ғылыми орталық керек. Екіншіден, халықтың тілге деген құрметін, тілді үйренуге деген шынайы еркін талпынысын, яғни тілдік санасын оятатын «қазақ елінің мемлекеттік тілінде сөйлеу парызым» деген ұлттық идеологияны жеткізіп отыратын іс-шараларды ұйымдастырып, оның оң нәтижелі болуын бақылайтын басқармалар керек. Осы істі тілдерді дамыту орталықтары басты міндеттеріне алуы тиіс. Демек, қазақ тілі өзінің мемлекеттік мәртебесіне толыққанды ие болуы үшін, қазақ тілінің тілдік саясаты өз деңгейінде қызмет етуі үшін осылайша материалдық жағынан да, идеологиялық жағынан да қатар іске кірісуі керек. Қазақ тілі нақ осылай ғылыми негізде ғылыми-техникалық қорын толықтырып алса, әрбір мекемеде, оқу орындарында, бала-бақшаларда қазақ тілін үйрететін, оның мемлекеттік тілдегі дәрежесін түсіндіретін ұйымдар болса, қоршаған ортада, отбасында қазақша сөйлеу дағдысы қалыптасса, жан-жақтан болатын қарқынды қысыммен жұмыс жүргізілсе, мемлекеттік тілдің төрден көрінетін күні де жақындайтын болады.
Кубанская государственная медицинская академия
Дата добавления: 2014-12-20; просмотров: 139 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав |