Студопедия  
Главная страница | Контакты | Случайная страница

АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Немістің классикалық философиясы.

Читайте также:
  1. Сонымен қатар, тепе-теңдік экономиканың классикалық және кейнсиандық үлгілері ажыратылады.

Немістің трансцендентальді-сыни философиясы 18 ғасырдың орта шені мен 19 ғасырдың басын қамтитын неміс пен батыс еуропалық аймаққа таралған: Кант, Фихте, Шеллинг, Гегель, Фейербах сынды ой алыптарының туындыларымен байланысты кезең. Энгельс бойынша марксизм идеологиясына сүйенілген тұғырнамада «немістің классикалық философиясы» деп аталған болатын. Немістің трансцедентальді-сыни философиясы — батыс еуропалық мәдениет пен философияның даму тарихындағы әйгілі кезең бола отырып, айқын нәтижелер мен интеллектуалдық ізденістерде маңызды болып саналған. Бұл өзінің тегі жөнінен философиялық канон немесе канондық философиялық дәуір. Онда Платон идеяларынан бастап, 18 ғасырға дейінгі метафизиканың түйінделуі көрініс беріп, ол әрқашанда әлемдік философиялық ойдың классикалық ареалы түрінде бағаланды.

Сонымен немістің трансцендентальді-сыни философиясын бұрынғы батыстағы екі мың жылдық философиялық тарихтың қорытындысы, жаңа еуропалық рационалистік философияның жоғарғы, шешуші буыны деп түйсінуге болатындықтан, жүйелі бүтіндік пен аяқталғандық, әлем құрылымының жаратылыстану бойынша да тәртіпке енгізілуін басшылыққа алуды және оған рационалдық тұрғыдан келуді негіздегендіктен ол «классикалық» деп аталған.

Кант(Kant) Иммануил (1724-1804 жж.) — неміс философы және жаратылыстанушы. Оның шығармашылығын дәстүрлі түсінікте екіге бөліп қарастыру қолға алынған: сыншылдыққа дейінгі және сыншылдық кезең. Алғашқы кезеңде ойшыл күн жүйесінің жаратылуы мен дамуы, жер тарихы мәселелерімен айналысты. Оның нәтижесі: «Жалпы жаратылыстану тарихы және аспан теориясы» атты еңбегінің тууы. Ал екінші кезеңінде ол: гносеология, этика, эстетика мәселелерімен шұғылданып, «Таза ақылға сын», «Практикалық ақылға сын», «Ойтолғам қабілетіне сын» еңбектерін тудырды. Сондықтан ол «философия сынаудан басталуы керек» деп пайымдады.

Кейбір мәліметтерде оның философиясын төрт кезеңге бөліп қарастырады: 1) жаратылыстанулық кезең; 2) метафизикалық кезең; 3) сыншылдық кезең: 4) сыншылдықтан кейінгі кезең. Трансцендентальді идеалист ретінде танылған Канттың философиясы таным теориясында көпқырлы терең дүниетанымды басшылыққа алды. Оның осындай трансцендентальді философиясы – барлық пайымдаулар мен ойталқылардың заттардың мәнімен қаншалықты байланысты екендігінен туындайтын, олардың сезімдік көрсеткіштерінің тәжірибе арқылы бекітіле түсетіндігін негіздейді.

Кант өзінің трансцендентальді идеализмін ұсына отыра, универсумдық-континуумдық ойтолғамдарында «антиномиялар» деп аталған қайшылықтарын дәйектей түсіп, ондағы өмір сүрмейтіндік парадигманың көріністерін жалпы концептуалдық мәнде шолып өтеді. Мәселен, бірінші антиномияның тезисінде: «Әлем уақыт бойынша басталған және кеңістікте шектелген» және оның антитезисінде: «Әлем уақыт бойынша басталмаған және кеңістікте шектелмеген» деп атап өте отырып: «Егер әлем уақыттың бастауын иеленсе, оған дейін бос уақыт (уақытсыздық) болған болар еді. Бос уақытта қандай-ма болмасын заттардың пайда болуы мүмкін емес, ал егер әлем аяқталатын және кеңістікте шектелген болса, онда әлемнің бос кеңістікке қатынасы болуы тиіс. Бұл кеңістік Ештеңе болып табылады. Немесе ол тек форманың көрінісі ғана және өздігінен әлдебір шынайылық емес», - деп тұжырымдайды.

Сондай-ақ Канттың астрономиялық теориясындағы космогонездік туынды жаратылыстанулық бастау болып табылатын хаос мәселесін де қамтып өтеді. Яғни, И. Канттың сыншылдыққа дейінгі кезеңі оның теорияларын ғылыми танымда белгілі бір жетістіктерге жеткізді. Осы орайда, ол әлемнің пайда болуы туралы болжамдарын және хаос туралы пікірлерін дәйектеді. Ойшылдың хаос қатынасатын космогенезі кейіннен небулалдық болжам ретінде ғылым эволюциясында маңызды роль атқарғаны белгілі. Бұның концептуалдық мәні таза метафизикалық ойлау машығынан гөрі ғылыми-жаратылыстанулық картинаға жуықтайды. Бұнда да хаос өзінің бастапқы мәнінен айнымайды, демек, ол бастапқыда хаос болған деген тұжырымды дәйектеп, әлемнің пайда болуы туралы орнықты пікір ұсынады. Бұл мифтік хаостың алғаш рет ғылыми негіздерін сараптауға бетбұрыстар ретінде танымал болған еді.

Кант әлемнің жаратылысы туралы теологиялық тұжырымдамаларды да қолдай отырып, құдайдың алғашқы материяны жаратқандығын және оған жалпы қасиеттерді таңғандығын, ондағы тарту мен кері итерушілік басты екі сипат екендігін көрсетіп, жаратылатын қордан уақыт бойынша жүйелі туындайтындығын және жаратушының «құдыреттілігін» де атап өтіп, әлем бастапқы хаос қалпынан ұзақ немесе қысқа уақытта дамып шығуға ұмтылатындығын көрсете келе, жаратудың бір кезде басталғанмен, оның ешқашан тоқтамайтындығын түйіндейді.

Осы тұстан Канттың идеясында көрсетілгендей, болмыс туындыларының (мәселен, нақты болмыс элементтері) әлдебір потенциалды қордан (запас) шексіз бөліне алатындығы туралы теологиялық-космологиялық ой ниетін бағамдауымызға болады. Кант өзінің онтологиясында көне Үнді дәстүрлері бойынша категорияларды жіктеп, оларды талдап көрсетеді. Категориялар пайымның таза ұғымдары деп оларды 4 классқа бөліп, 12 категорияны түзеді: сан, сапа, қатынастар, модальдылық. Мәселен, модальділік кластың өзін былайша жіктейді: «IV. Модальділік: Проблемалылық/Мүмкіндік – мүмкін еместік; Ассерторикалық/Өмір сүру – өмір сүрмеу; Аподиктикалық/Қажеттілік – Кездейсоқтық»

Ол білімнің тәжірибеден басталып, сезім мүшелеріне берілетінін айта отырып, таным логикалық-априорлық сәтпен немесе формальды фактормен толықтырылуы керек дейді. Ол априорлық форма негізінде барлығына ортақ танымды зерттеп, сезімділік (трансцендентальді эстетика), пайым (трансцендентальді аналитика), ақыл (трансцендентальді диалектика), сезімділік пен оның формаларын трансценденттік талдауда кеңістік пен уақыт идеалды математикалық конструкцияда объективті мағыналы деп түсінді.

Таза ойдағы конструкциялар өзіндік затқа қарағанда ешқандай білім бермейтін ноумендер болып табылады. Мәселен, схоластикадағы жанның өлмейтіндігі, әлемнің пайда болуы, құдайдың өмір сүретіндігі т.б. Ал өзіндік зат кез-келген объектінің адам танымы шегінің арғы жағындағы танылмайтын қыры болып есептеледі. Тәжірибеге басымдылық берген Кант оған дейінгі білімдерді «априорлы» деп атап көрсетіп, оны ақыл тануға белгілі бір деңгейде қабілетсіз деп көрсетеді. Осыған орай, адам санасының таным қабілетінің арғы жағындағы, мүмкін болатын тәжірибенің шегінен шыққан, бұл тәжірибеден тыс нәрселерді «трансцендентті» деп атаған. Ол ұғымдар трансценденталийлер: құдай, ерік т.б. Бұған қарама-қарсы түсінік – имманентті, бұны Кант мүмкін болатын тәжірибенің шегінде, сол нәрсенің өзін зерттеуді айқындайтын тәсіл деп түсіндіреді.

Ол метафизиканы үш бөліктен тұратын жүйеде қарастырды: 1) пропедевтика (трансцендентальді сын); 2) табиғат метафизиксы; 3) құлықтылық метафизикасы. Мәселен, этикалық қағидаттары бойынша оның кесімді бұйрық (категориялық императив) түсінігі белгілі. Кант бұны белгілі бір жағдайларда ғана күшіне енетін гипотетикалық императивпен салыстыра отырып, категориялық императивті ығыстырылмайтын міндеттілік ретінде, мінез құлық ілесіп отыратын формалар мен қағидаларды орнатады деп, оның адам орындауға тиісті бұйрық түрінде көрінетіндігін атап көрсетеді. Георг Вильгельм Фридрих Гегель немістің идеалист философы (1770 – 1831 жж.). 1801 жылы Иен университетінде жоғары лауазымға ие болып, «Фихте мен Шеллингтің философиялық жүйелерінің айырмашылығы» атты бірінші басылымын шығара отырып, 1807 жылы «Рух феноменологиясы» туындысын жариялады. 1812-1816 жылдары «Логика ғылымы» еңбегін жазып шықты. Ал Берлиндегі кафедрада жұмыс жасаған кезінде ол «Құқ философиясының очерктері», 1827-1830 жылдары энциклопедиялар өнімдерін тудырды.

Гегель жүйесі 3 бөліктен тұрады: 1) Логика (онтология) әлемді жаратуға дейінгі Құдай болмысы; 2) Натурафилософия – материалдық әлемдегі құдайдың жатсынылуының мазмұны; 3) рух философиясы –Құдайдың өзінің жаратуынан адамдық рухта өзіне қайта оралуы, өзге болмыстан рухтың қайтып оралуы тек адамда ғана, субъективті рух өзінің танылған санасын, өзінің жеке рухани субстанциясын сәйкес деп танымайды, объективті рух қоғам құрған құқ, мораль, құлықтылық арқылы өзінің құрылуында осындай эволюцияны бастан өткізеді. Сондықтан объективті рухтың құрылуында абсолютті рухтың үш формасы бар; байыптау, елестету, білім. Тарих еркіндіктің санадағы прогресімен бірге әлемдік рухтың өзін тану процесі.

Гегель идеалистік диалектиканың негізін салушы ретінде, диалектика заңдары мен категорияларын ұсынған. Метафизикалық мәселелерді еркін сараптаған, онтология мен теологияны зерделі байыптаған, космология мен антропологияны өз тұғырнамалық идеялары бойынша бағдарлаған ойшыл философия тарихында дамуды онтологиялық үстем деңгейде тиянақты жүйелеп, оны шешудің жоғарғы және дәйекті ойтолғамдарын ұсынды. Сондықтан оның даму тұжырымдамасы барынша күрделене түсіп, болмыс пен Бейболмыс, болмыс пен Ештеңе мәселелерін өзінің «Логика ғылымы» деп аталатын еңбегінде еркін қамтыды: «Әзірге Ештеңе бар болса, онда бірдеңе туындауы тиіс. Бастау таза ештеңе, бұл өзінен бірдеңе тууы тиіс ештеңе; болмыс болуға бағытталды және бастаудан орын алады. Бастау демек, оны және өзгені қамтиды, яғни, болмыс пен ештеңені, ол – болмыс пен ештеңенің бірлігі, басқаша айтқанда, ол сол сәтте болмыс болып табылатын бейболмыс және осы уақытта бейболмыс болып табылатын болмыс»

Осы тұста ойшыл Ештеңенің таза өзімен-өзі енжар емес, бірнәрсе тудыруға арналған, тағайындалған Ештеңе екендігін атап өте отырып, болмыс пен Ештеңені теңестіреді. Сондықтан бастау Бейболмыстан туындайтын болмысты қамтитын болса, бұндағы Бастау мен Бейболмыстың орын ауыстыруы модельі бейімделгіш жоба түрінде ұсынылып, ойшылдың диалектикалық көзқарастары бойынша қарастырылатындығы түсінікті. Сондықтан ойшыл болмыс пен Бейболмыстың қарама-қарсылығын және өзіндік тұтастығының белгілі бір парадигмада қайта тоғысатын сәйкестігін атап өтеді, бастау – осы екеуінің тұтастанған бірлігінен тұрады. Бастау ұғымының бастау ретіндегі, процесс түріндегі қасиеті – оның осы тұтастықтан бөлінбейтін бірлігімен анықталады. Себебі, ол – Бейболмыстан болмыстың туындау сәтіндегі негізгі процесті айқындап, оның түсініктемесінің ажырамас қасиетін құрайды. Гегель Бастаудың белгілі бір қатынастарда болмайтындығы мен бар екендігін қарама-қарсылықпен біріккен – болмыс пен Бейболмыс арқылы шешеді. Болмыстың Бейболмысқа қарама-қарсылығы күмәнсіз болса, осы анықталған қарама-қарсылық бастаудың өзіне айналады. Демек, нақтырақ айтқанда, бастау дегеніміз – болмыс пен Бейболмыстың бастапқы қарама-қарсылығы болып шығады. Бірақ бұл қарама-қарсылық таза абсолютті болмайды, бірін-бірі алмастыратын дамудың көзі ретінде пайымдалды.

Бастаудың өзі – болмыс пен Ештеңенің қатынасының жалпы конструкциясы бойынша құрылады, болмыстың қатынасы бұл жерде шартты түрде міндеттеледі. Себебі, нақты ненің басталатындығы анықталуы тиіс болғандықтан кірістірілген. Осы тұста болмыстан басқа басталатын нәрсеге балама жоқ екендігі түсінікті. Осы құрылым арқылы бастау – болмыстың Ештеңе арқылы басталуы екендігі байыпталады. Бұнда тек қана үш маңызды субъект анық: бастау, болмыс, Ештеңе. Сондықтан болмыс пен Бейболмыстың қатынасы – сол бастау концептісінің өзін айғақтауға келіп тіреледі. Бастау Бейболмыспен теңеседі, бірақ әзірге Ештеңе түрінде сақталып, бастаудың таза мәнін ашуға Бейболмыс болмыс арқылы қатынасады.

Сайып келгенде, Гегельдің болмыс пен Бейболмыс хақындағы даму туралы пікірлері мынадай тұжырымдармен айшықталады; Бейболмыс жеке дара оқшау қарастырылуы мүмкін емес; Бейболмыс болмыс және болмыс Бейболмыс арқылы ғана ашылады; Бейболмыс болмыстың әрбір сәті және болмыс Бейболмыстың да әрбір сәті; Болмыстың заңдылықтарының іске асуы Бейболмыссыз орындала алмайды; Бейболмыс шартты атау ретінде ғана «оқшау болып табылады», ал болмыс заңдылықтары шеңберінде ол өзінің болмыстық кейпіне енеді; сайып келгенде, Бейболмыс әлемнің даму, байланыс, қозғалыс, терістеу үдерістері арқылы «көріне алады» және керісінше. Ойшылдың көзқарастарында болмыс даму арқылы өзгенің емес өзінің болмысын терістейді де, оны Бейболмысқа өткізеді және ілгерідегі даму бойынша өзінің Бейболмысына, яғни, әлі олай болмаған болмысына ұмтылады. Демек, терістеу Гегель философиясында өзінің болмысын Бейболмысқа өткізуден құралатын болса, осындай тізбекті терістеу болмыстың өзін үнемі Бейболмысқа айналдырып отырады және керісінше.

Ол өзінің философиясын батыс философиясындағы ойлаудың шыңы, монархия мемлекетін соңғы дамыған мемлекет деп түсінген. Оның идеялары кейіннен К. Маркске қатты әсер еткен, ХХ ғасырда Ф. Гегель идеяларын әр түрлі түсіндіретін жаңа гегельшілдік (неогегельянство) бағыты туған. Сондықтан Гегельдің философиялық жүйесінің ауқымдылығы мен зерделілік жағынан тереңдігі оны әлемдік философ ретінде дүниежүзіне мойындатты. Гегельдің сан қырлы идеяларының тұтастығы мен әркелкілігі оны көптеген бағыттар мен ұстанымдар тұрғысынан қарастыруға алып келді: трагедиялы, метафизикалық, мистикалық т.б.

 

 




Дата добавления: 2015-04-11; просмотров: 46 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав

1 | 2 | 3 | <== 4 ==> | 5 |


lektsii.net - Лекции.Нет - 2014-2024 год. (0.008 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав