Читайте также: |
|
Қазақстан Республикасының Индустриалдық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған мемлекеттiк стратегиясы Қазақстанның 2015 жылға дейiнгi кезеңге арналған мемлекеттiк экономикалық саясатын сипаттайды және экономика салаларын әртараптандыру арқылы дамудың шикiзаттық бағытынан қол үзу арқылы елдiң тұрақты дамуына қол жеткiзуге бағытталған. Өңдеушi өнеркәсiпте және қызмет көрсету саласында бәсекеге түсуге қабiлеттi және экспортқа бағдарланған тауарлар, жұмыстар және қызметтер өндiрiсi мемлекеттiк индустриалдық-инновациялық саясаттың басты нысанасы болып табылады.
Әлемдік экономиканың ғаламдануы аясында Қазақстан экономикасы бiрқатар мәселелерге тап болып отыр. Негiзгi мәселелерге мыналарды жатқызуға болады: өндірістің бiр жақты, шикiзаттық бағыты, әлемдiк экономикаға ықпалдасудың әлсiздiгi, ел iшiндегi салааралық және аймақ аралық экономикалық ықпалдасудың босаңдығы, iшкi рынокта тауарлар мен қызметтерге деген тұтыну сұранысының мардымсыздығы (шағын экономика), өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымның дамымауы, кәсiпорындардың жалпы техникалық және технологиялық тұрғыдан артта қалуы, ғылым мен өндiрiстiң арасында ықпалды байланыстың болмауы; ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға қаржының аз бөлiнуi, менеджменттiң экономиканың ғаламдану процестерiне және сервистiк-технологиялық деңгейге өтуге бейiмдеу мiндеттерiне сәйкес келмеуi. Қазақстан кәсiпорындарының негiзгi қорлары да құлдырау алдында. 2001 жылдың басында негiзгi құралдардың тозу дәрежесi орта есеппен 29,7 % құрады. Бiрқатар салаларда негiзгi құралдардың нақты тозуы 50 % және одан астам деңгейге жақын.
Қазiргi уақытта кәсiпорындар қолданылып жүрген негiзгi құралдарды пайда есебiнен жаңарту үшін қаржы ресурстарын жинақтау жүйесі рухани тұрғыдан ескiрген жабдықты ауыстыруға ынталылық туғызбайды және белгiлi бiр дәрежеде оны жаңартуда кедергі болып отыр.
Негiзгi құралдарды жаңарту коэффициентi 1999 жылы - 8 %, 2000 ж.- 13,8 % құрады. Мұндай өсуге мұнай және табиғи газ өндiруге инвестиция салу есебiнен қол жеткiзiлдi.
Негiзгi құралдар құрылымында аса тозғандары - машиналар және жабдықтар. Олардың тозу дәрежесi 2000 ж.- 42,1 %, көлiк құралдары - 41 %, ғимараттар 36,5 %.
Мұнай өндiрумен және металдарды өндiрумен байланысты емес салаларда жабдықтың тозу дәрежесi соңғы үш жылда 45 %-тен 62 %-ға дейiн өскен. Өңдеушi өнеркәсiп кәсiпорындарында толықтай тозған машиналардың, жабдықтардың және көлiк құралдарының үлес салмағы- 12 %-ға жеткен.
Бұл негізгі қорлардың физикалық, рухани тұрғыдан алғанда ескiруiне байланысты ел экономикасының бәсекеге қабiлетi төмендеуге ұшырайды. Егер Қазақстанда ЖIӨ-нiң 1 долларын өндiруге 2,8 киловатт сағат жұмсалатын болса, Ұлыбритания, Германия, Италия және Жапония сияқты елдерде бұл көрсеткiш- 0,22-0,3; АҚШ, Франция, Түркия, Кореяда - 0,4-0,6, Канада мен Қытайда - 0,8-1,2 киловатт сағатты құрайды. ҚР Индустриалдық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясының негізгі алға қойған мақсаты шикiзат бағытынан қол үзуге ықпал ететiн экономика салаларын әртараптандыру жолымен елдiң тұрақты дамуына қол жеткiзу, ұзақ мерзiмдi жоспарда сервистiк-технологиялық экономикаға өту үшiн жағдай жасау болып табылады. Негізгі міндеттеріне тоқталар болсақ, олар өңдеушi өнеркәсiпте орташа жылдық қарқынын 8-8,4 % мөлшерiнде қамтамасыз ету, 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы еңбек өнiмдiлiгiн кемiнде 3 есе арттыру және ЖIӨ энергия сыйымдылығын 2 есе төмендету; өңдеушi өнеркәсiптiң негiзгi қорларының өнiмдiлiгiн арттыру; кәсiпкерлiк ахуалды, құрылымды қалыптастыру және жеке секторды ынталандыратын әрi бәсекелестiк артықшылықты жетiлдiретiн қоғамдық институттарды қамту, қосылған құнды барынша өсіруге қол жеткiзе отырып, нақты өндiрiстерде қосылған құндар тiзбегiндегi элементтердi игеру; ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялық экспортқа негiзделген өндiрiстер құруды ынталандыру; елдiң экспорттық әлеуетiн қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтердiң пайдасына қарай әртараптандыру; сапаның әлемдiк стандарттарына көшу; дүниежүзілiк ғылыми-техникалық және инновациялық процестерге қосыла отырып, аймақтық және дүниежүзiлiк экономикамен ықпалдасуды күшейту. Индустриалдық-инновациялық саясатты белсендi жүргiзу экономиканың өсу қарқынын жылына кемiнде 8,8-9,2 %-ды қамтамасыз етедi деп күтілуде. Бұл 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы ЖIӨ көлемiн 3,5-3,8 еседей ұлғайтуға мүмкiндiк бередi. Бұдан басқа өңдеушi өнеркәсiпте орташа жылдық өсу қарқынын 8-8,4 %-ға дейiн жеткiзуге, 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы еңбек өнiмдiлiгiн кемiнде 3 есе арттыруға және ЖIӨ энергия сыйымдылығын 2 есе төмендетуге мүмкiндiк бередi. Стратегияны iске асыру нәтижелерi 2015 жылы мұнай, газ кен орындарын қарқынды игеру жағдайында экономиканың және өнеркәсiптiк өндiрiстiң құрылымын түбегейлi өзгерiске ұшыратпайды. Сонымен бірге ЖIӨ құрылымында өнеркәсiптiң үлестiк салмағын 2015 ж. 46,5 %-дан 50-52 %-ға дейiнгi мөлшерде ұлғайтуға; ЖIӨ құрылымында ғылыми және ғылыми-инновациялық қызметтiң үлестiк салмағын 2000 ж. 0,9 %-дан 2015 ж. 1,5-1,7 %-ға арттыруға; ЖIӨ құрылымында өңдеушi өнеркәсiп үлесiнiң төмендеу қарқынын 2000 ж. 13,3 %-дан 2015 ж. 12-12,6 %-ға дейiн бәсеңдетуге мүмкіндік береді деген болжам жасалуда. Стратегияны iске асыруды есепке алғанда кен өндiру кәсiпорындары 46-47 %-ды ғана құрайды. Бұл ретте ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялық өндiрiс орындарының үлесi 2000 ж. ЖІӨ 0,1 %-дан 2015 ж. 1-1,4 %-ға дейiн артады. Өңдеушi өнеркәсiпте жасалатын қосылған құнның құрылымында сапалық өзгерiстер болады. Металлургияның және металдарды өңдеу үлесi өңдеушi өнеркәсiптiң қосылған құнының жалпы көлемiнiң 40,1 %-дан 27-28 %-ға дейiн төмендейдi, ал ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеу үлесi 38,1 %-дан 45-46%-ға дейiн өседi. Бұл ретте ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялы өнiмнiң үлесi 2000 ж. 0,6 %-бен салыстырғанда 9-11 %-ды құрайды. Мәселелерді шешу және Стратегия аясында алға қойылған мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу үшiн Даму Банкiнiң қызметiн жандандырумен қатар, Қазақстанның инвестициялық қоры, экспортты сақтандыру жөнiндегi Корпорация, Инновациялық қор сияқты арнайы даму институттары құрылған.
Стратегия елде ғылымды және инновациялық қызметтi ынталандыруға бағытталған белсендi мемлекеттiк ғылыми және инновациялық саясат жүргiзудi көздейдi. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткiзу үшiн қаржы рыногын одан әрi дамыту және фискалдық, бiлiм бepу, монополияға қарсы, инфрақұрылымдық саясатты жетiлдiру көзделiнген. Стандарттау саясаты шеңберінде экономиканың және басқарудың барлық салаларында әлемдiк стандарттарға көшу басталды.
Стратегияны ойдағыдай iске асыру адам капиталын, өндiрiлген және табиғи капиталды тиiмдi пайдалануға негiзделген экономиканы тұрақты өркендеуiне алып келедi. Сондықтан стратегия экономика құрылымында сапалы өзгерiстер жасауға, Қазақстанның әлеуметтiк дамуы мен қоғам құрылысының сапалық жаңа деңгейiне шығуына ықпал етуi керек.
Әлемде индустриалдық саясатты жүргiзудiң мол тәжiрибесi жинақталған. Экономиканың бiр өнiмге тәуелдiлiк мәселесін ойдағыдай шешiп, өз өнеркәсiбiн әртараптандыра алған санаулы елдердi ғана атап өтуге болады. Тарихи өткен кезеңде Латын Америкасы елдерi де, Шығыс Азия елдерi де импорт алмастыру және экспортқа бағдарланған кезеңдерден өткен. Шығыс Азия елдерiнiң белгiлi бiр кезеңде импортты алмастыру саясатынан бас тартып, экспортты қолдау саясатына көшуі, ал Латын Америкасының импорт алмастыруға ерекше көңiл аударуы осы елдердiң ерекшелiгi болып табылады.
Бүгiнгi таңда, Қазақстанды әлемдiк қауымдастық рыноктық экономикалы мемлекет ретiнде мойындап отырғанын атап өту керек. Ол ТМД елдерiнiң iшiнде бiрiншi болып инвестициялық ел рейтингiне ие болды. Әлемдік Банк Қазақстанды әлемдегi инвестиция салуға ең тартымды 20 елдiң қатарына қосты.
Қысқаша қортындылайтын болсақ, ҚР индустриалдық-инновациялық стратегиясын iске асыру нәтижесiнде 2015 жылға қарай еліміздің экономикасы сервистiк-технологиялық дамуға өтуге сақадай сай болуы қажет.
Ізденіс сұрақтары:.
1. Инновациялық саясат дегеніміз не?
2. ҚР Индустриалдық-инновациялық стратегиясының негізгі мақсаттары қандай?
3. Осы стратегияны жүзеге асырудың негізгі міндеттері қандай?
4. ҚР Индустриалдық-инновациялық стратегиясы қандай кезеңдерден тұрады?
5. Осы стратегияны орындау барысында қандай нәтижелер күтілуде?
6. ҚР Индустриалдық-инновациялық стратегиясын жүзеге асыру құралдары қандай?
7. ҚР ғылымды және инновациялық қызметтi ынталандыру бағыттары қандай?
Тест тапсырмалары:
1. Индустриалдық саясат дегенiмiз- бұл:
А) мемлекеттiң бәсеке қабiлеттiлігін арттыруға бағытталған шаралары
В) мемлекеттiң тиiмдi ұлттық өнеркәсіпті қалыптастыруға бағытталған шаралары
С) мемлекеттiң кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған шаралары
D) экономиканың шикізатқа тәуелді өндірісін қысқартуға бағытталған шаралар кешені
Е) жауаптардың барлығы дұрыс
2. Индустриялық-инновациялық стратагияны жүзеге асырып, қаржыландыру үшін құрылған институтар:
A) ҚР Даму Банкі
B) Инвестициялық қор
C) Инновациялық қор
D) Инжиниринг және технологиялар трансфертi орталығы
E) жауаптың барлығы дұрыс
3. Индустриялық-инновациялық стратагияны жүзеге асыру мерзімі:
A) 2002-2009жж.
B) 2003-2010жж.
C) 2003-2015жж.
D) 2004-2013жж.
E) 2003-2013жж.
4. Индустриялық-инновациялық стратагияның қабылданған мерзімі:
A) 2002ж.
B) 2003ж.
C) 2004ж.
D) 2005ж.
E) 2000ж.
СӨЖ үлгі тақырыптары:
1. ҚР экономикасының бәсекелік қабілеттілігін нығайтуда инновациялық саясаттың рөлі.
2. Импорт алмастыру және экспортқа бағдарланған саясат.
3. Латын Америкасы мен Шығыс Азия елдерінің индустриалдық саясатты жүзеге асыру тәжірибелері.
4. ҚР инвестициялық және инновациялық қорлардың құрылымы, мақсаттары мен міндеттері.
5. Инвестициялық рейтинг және ҚР инвестициялық рейтингі.
6. Инновациялық іс-әрекетті, ғылымды, білім беруді қаржыландыру.
7. Сервистiк-технологиялық дамуға қол жеткізген елдердің тәжірибесі.
Есептер мен жаттығулар:
1.
Жыл | Номиналды ЖҰӨ (млрд.долл.) | Дефлятор %-бен 1982=100 | Нақты ЖҰӨ |
2. Айталық, ЖҰӨ 500 млрд. теңгеден 450 млрд. теңгеге, ал ЖҰӨ дефляторы 125 % - дан 100% - ға төмендейді. Мұндай жағдайда нақты ЖҰӨ мөлшері:
A) өзгермейді;
B) жоғарлайды;
C) төмендейді;
D) бұл мәліметтер негізінде есептелмейді;
E) көрсетілген жауаптар дұрыс емес.
3. Елдің өткен жылғы көрсеткіштерінің мәні келесідей:
ЖІӨ- 600; жеке сектордың таза инвестициясы- 105; мемлекеттік шығыстары- 120; үй шаруашылығының тұтынуы- 350; тікелей салық түріндегі мемлекеттік бюджет түсімдері- 70; жанама салықтар- 60; кәсіпорындар субсидиялары- 55; экспорт- 250; импорт- 210.
Амортизациялық қорды, үй шаруашылығының иелігінде қалатын табысты, мемлекет бюджетінің жағдайын анықтау қажет.
4. ЖҰӨ мен ЖІӨ-ге мысал келтіріңіз.
5. XX ғасырдағы ғылыми-техникалық революцияға тән қазіргі көріністерін және ерекшеліктерін сипаттаңыз.
6. Төмендегі кестені толтырыңыз:
Технологиялық өндіріс әдісі | |
негізгі кезеңдері | ерекшеліктері |
7. Әлемде индустриалдық саясат жүргiзудiң мол тәжiрибесi жинақталғаны белгілі, мысалдар келтіріңіз.
8. Төмендегі кестені толтырыңыз:
ҚР Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы | ||
Кезеңдері | Мақсаттары мен міндеттері | Күтілетін нәтижелері |
Мәселелік жағдайлар:
1. Айталық Қазақстан Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болып кірді делік.. Сіздің пікіріңізше, осы ұйымға кіруден соң қандай оң нәтижелерге қол жеткіземіз және қандай кедергілер бар? Қазақстанның әлемдік рынокта бәсекелік мүмкіншілігіне ол қалай әсер етеді?
2. Ұлттық экономиканың ғаламдануымен байланысты ҒТП-тің рөлі қалай өзгереді? ҚР-ның бәсекелік қабілеттілігін арттырудағы техникалық прогресс пен инновацияның маңыздылығы неде деп ойлайсыз? Қазақстанда Инновациялық даму стратегиясы қабылданып, жүзеге асырылуда. Бұл стратегияның кемшіліктері бар ма, оның нәтижелі болуы үшін сіз қандай ұсыныстар мен өзгертулер жасар едіңіз?
Глоссарий:
1. Аралық өнім - өндіріс процесінде жұмсалған шикізат, материалдар, жанар-жағармай ретінде қолданылған тауарлар.
2. Жалпы ішкі өнім - бұл елдің аумағында орналасқан барлық отандық және шетелді өндірушілердің бір жыл ішінде өндірген соңғы тауарлар мен қызметтерінің ақшалай сомасы.
3. Жалпы ұлттық өнім - бұл тек осы мемлекеттің аумағында орналасқан барлық отандық өндірушілердің ғана емес, сонымен қатар шет мемлекеттерде қызмет көрсететін, осы елдің өндірушілерінің де бір жыл ішінде өндірген соңғы тауарлар мен қызметтерінің ақшалай сомасы.
4. ЖІӨ дефляторы- номиналды ЖІӨ-нің нақты ЖІӨ-ге қатынасы.
5. Инновация- бұл интеллектуалды қызмет нәтижелерін өндіріс немесе қызмет көрсетуді жетілдіру үшін қоғамның кез-келген саласына енгізу.
6. Индустриалдық саясат- мемлекеттiң бәсеке қабiлеттiлігін арттыруға, тиiмдi ұлттық өнеркәсіпті қалыптастыруға, кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасауға және экономиканың шикізатқа тәуелді өндірісін қысқартуға бағытталған іс-шаралар кешені.
7. Технологиялық өндіріс әдісі - бұл қоғамдық өндірісті дамытуға қажетті еңбек құралы, материалдар, технологиялар, қуаттар, ақпараттар және өндірісті ұйымдастырудың жиынтығы.
8. Техникалық прогресс - бұл соңғы өнім шығару үшін ресурстардың тиімді жаңа комбинациясын жасайтын жаңа білімдерді ашу.
9. Тұтыну бағаларының индексі- ағымдық тұтыну қоржыны құнының базалық жылдағы осы қоржын құнына қатынасы.
10. Ұлттық есеп жүйесі (ҰЕЖ)- соңғы өнім мен ұлттық табысты өндіруді, бөлуді, қайта бөлу мен пайдалануды сипаттайтын өзара байланысты көрсеткіштер жүйесі.
Әдебиеттер:
1. Ýêîíîìè÷åñêàÿ òåîðèÿ (ïîëèòýêîíîìèÿ): Ó÷åáíèê./ Ïîä. Ðåä. Â.È.Âèäÿïèíà, Ã.Ï.Æóðàâëåâîé – Ì., 1997.
2. Ýêîíîìè÷åñêàÿ òåîðèÿ: Ó÷åáíèê.Ïîä ðåä. À.È.Äîáðûíèíà, Ë.Ñ.Òàðàñåâè÷à. – Ñàíê-Ïåòåðáóðã, 1999.
3. Ýêîíîìè÷åñêàÿ òåîðèÿ: Ó÷åáíèê/Ïîä ðåä. Â.Ä.Êàìàåâà– Èçä.5-å – Ì., 1999.
4. Ýêîíîìè÷åñêàÿ òåîðèÿ. Òåîðèÿ ñâîáîäíîãî ðûíêà./Ê.Õîðâàðä, Ã.Æóðàâëåâà, Í.Ýðèàøâèëè. – Ì., 1998.
5. Ýêîíîìè÷åñêàÿ òåîðèÿ: Ó÷åá. Ïîñîáèå./Í.Í.Ñîëîâûõ è äð. – Ì., 1998.
6. Îñíîâû ýêîíîìè÷åñêîé òåîðèè: Ó÷åá.ïîñîáèå./Ïîä.ðåä. Â.Ä.Êàìàåâà. – Ì., 1996.
7. Çóáêî Í.Ì. Ýêîíîìè÷åñêàÿ òåîðèÿ. Ìèíñê, 1998.
8. Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 ж. 17 мамырдағы N 1096 Жарлығы. Астана,2003. Источник: справочная правовая система ЮРИСТ
Дата добавления: 2014-12-20; просмотров: 224 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав |