Студопедия
Главная страница | Контакты | Случайная страница

АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Жер құқығының пәні. Жер құқық қатынастары: түсінігі, обьектісі, субьектісі және түрлері

Читайте также:
  1. E) кішентай көлем, өз бетімен жүктелу мүмкіндігі және компьютердің мүлтіксіз жұмыс істеуіне кедергі келтіруі
  2. e) мәліметтер қорын енгізуге және көруге
  3. E) сауда түрлері, сұраныс
  4. IIІ – дәріс. ХХ ғасырдағы және қазіргі заманғы әлеуметтанулық теориялар
  5. Lt;question> Қатынасқа түскен із қалдырушы және із қабылдап алушы беткейлердің шекарасынан тыс пайда болатын іздер қандай іздер
  6. Lt;question> Жаратылыс тану және техникалық ғылымдар криминалистиканың қай бөлімімен тығыз байланысты
  7. Lt;question> Тергу әдістемесінің құқықтық негіздемесін көрсетіңіз
  8. Lt;question> Шиыршықты (завитковый) өрнектердің түрлері қандай болады
  9. Lt;question> «Саусақ» және «қараймын» деген мағына беретін трасологияның тарауы криминалистикада қалай аталады
  10. Lt;variant>Жауаптылықты және жаза тартуды жеңілдетіп іс-әрекеттер жаңа заңның таратылуы

Құқықтық қатынастардың қоғам талаптарына сай өзгеруі, жер құқығы пәні мен міндеттерінің өзгеруіне әкеп соғады. Нарықтық экономика және тұрақты даму жағдайында жер меншік иелері мен жер пайдаланушылардың дербестігі, жер құқық қатынастарының демократиялағы, жер меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтарының кең ауқымға жетуі сияқты құбылыстар орын алып отыр. Нәтижесінде жер құқығының пәні мен міндеттері өзгеріске ұшыраған. Жер құқығының пәні дегеніміз – жер құқық нормаларымен реттелген қоғамдық қатынастардың жиынтығы, яғни жер құқық қатынастары. Жер Кодексінің 12-бабының 10-тармақшасына сәйкес, жер құқық қатынастары дегеніміз – жерге меншік құқығын және өзге де құқықтарды жүзеге асыра отырып, жер ресурстарын басқаруға, жекелеген субьектілерге жер учаскелерін бекітіп беруге байланысты жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі қатынастар болып табылады.

Жер құқық қатынастарының өзіне тән белгілері:

· бұл қатынастар жерді пайдалану мен қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған;

· бұл қатынастар жерді меншік обьектісі, пайдалану обьектісі, аумақтық кеңістігі және табиғат байлығы ретінде қарастырады;

· бұл қатынастар жер құқық нормаларымен қатар, өзге құқық салаларының нормаларымен реттеледі;

· бұл қатынастар тек жер учаскесін пайдалану емес, сонымен қатар, жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікті де пайдаланумен байланысты қатынастар;

Жер құқық қатынастарының да өзге құқық қатынастары сияқты өзіне тән болатын объектісі, субъектісі және мазмұны болады. Жер құқық қатынастарының обьектісі ретінде Қазақстан Республикасының жер қоры, жер учаскесі және жер үлесі танылады.

А.Х.Хаджиевтің пікірі бойынша: жер құқығы қатынастарының жалпы объектісі – еліміздің экономика салаларында қолданылып жатқан және қолдануға мүмкін болатын еліміздің жер ресурсы, барлық жер қоры құрайды.

Ал, Ә.Е. Бектұрғанов жер құқық қатынастары жердің өзі туралы емес, оның құқықтық мәртебесі туралы қатынастар оның объектісі болып саналады дейді.

Жер қоры Қазақстан аумағының барлық жерлерінің жиынтығы. Қазіргі жер қоры нысаналы мақсатына сәйкес, жеті санатқа бөлінеді:

1. ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер;

2. елді мекендердің (қалалардың, кенттер мен ауылдық елді мекендердің) жері;

3. өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де ауылшаруашылығы мақсатына арналмаған жерлер;

4. ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер;

5. орман қорының жері;

6. су қорының жері;

7. босалқы жері;

Үкіметіміздің 1999 жылғы 10 ақпандағы “Қазақстан Республикасы бойынша бар жерлер мен олардың пайдаланылуы жөніндегі 1998 жылғы есепті бекіту туралы” N110 қаулысымен берілген 1-қосымша бойынша, республикамыздың жер санаттарының жалпы пайдаланылған жер алаңы (мың, га) алғаш рет нақты, әрі дербес төмендегіше белгіленген болатын.

ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 130 062,71 га;

- елді мекендердің (қалалардың, поселкелердің және селолық елді мекендердің) жерлері 19 890,8 га;

- өнеркәсіптің, көліктің, байланыстың, қорғаныстың жерлері және басқа да ауыл шаруашылығы емес мақсаттағы жерлер 11 843,4 га;

- ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері 1 087,3 га;

- орман қорының жерлері (ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының уақытша пайдаланымдағы жерлерінсіз) 20 046,7 га;

- су қорының жерлері 3 146,3 га;

- босалқы жерлер 83 893,0 мың га.

Мұндай көрсеткіш жыл сайынғы жер қатынастарының өзгермелі қасиетіне байланысты, сонымен қатар жерді пайдаланудың сипатына қарай әрдайым өзгеріске түсіп отырады. Әрбір жер санатындағы жерлер жер құқық қатынастарының объектісі ретінде өзінің құрылымын сақтап қалып, ал жер санаттарының пайдаланылу алаңын құрайтын жер көлемі тұрақсыз шамамен өлшенеді.

Бұл жағдай жер қорының жер санаттарына бөліну нормасы мен оларды жер құқық қатынастарының объектісі деп танитын құқықтық норманың заңды күшін жоюға негіз бола алмайды. Керісінше, жер құқық қатынастарының дамуы біртіндеп тиімділік тұрғысында жер санаттарының объективтік көрінісін ұлғайтуға өз септігін тигізуі мүмкін. Осы санаттардағы жер көлемінің өзгеріп отыруына, сыртқы факторлардың әсері нәтижесінен барып туындайтын қоғамның заңдылық күші тікелей ықпал жасайды.

Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттікке қарасты Жерге орналастыру және жер кадастры басқармасының 2001 жылы келтірген мәліметіне назар аударсақ, республикамызда айналымға түсетін ауыл шаруашылығына жарамды жердің көлемі - 93 млн 77 мың га; елді мекендердің жері - 20 млн 200 мың га; өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жер - 11,1 млн га; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жері, сауықтыру мақсатындағы рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер - 1,2 млн га; орман қорының жері - 22,2 млн га; су қорының жері - 3,6 млн га; босалқы жер көлемі - 118,7 млн га; ал еліміздің жер пайдаланушылары пайдаланатын республикадан тысқары жерлер - 0,9 мың га екендігін көреміз.

Жер учаскесі дегеніміз – белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілген тұйық шекара ішіндегі бөлінген жер бөлігі (Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 12-бап 13-тармағы).

Жер учаскесінің мынадай белгілері бар:

Біріншіден, түрақты белгілі бір аумақта орналасқан жердің бір бөлігі;

Екіншіден, тұйықталған шекарасының болуы;

Үшіншіден, заңда белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетіндігі;

Төртіншіден, жер учаскесіне құқықтарды растайтын арнайы құжаттарының болуы. Мысалы, жер учаскесіне жеке меншіктің мемлекеттік актісі т.б.

Жер учаскесінің екі түрі бар. Ол бөлінетін және бөлінбейтін жер учаскесі. Бөлінетін жер учаскесі дегеніміз – өзінің нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыстық және өзге де міндетті нормалар мен ережелерді бұзбай бөліктерге бөлуге болатын, бөлінгеннен кейін әрқайсысы дербес жер учаскесін құрайтын жер учаскесінің түрі. Егер бұлай болмаған жағдайда жер учаскесі бөлінбейтін деп танылып, жер учаскесіне құқықты куәландыратын құжатта көрсетіледі.

Жер үлесі дегеніміз – бір жер учаскесіне екі немесе одан да көп тұлғалардың құқықтары болған жағдайда, сандық тұрғыдан анықталған үлес. Жер үлесі бірнеше түрлерге бөлінеді:

· ортақ меншіктегі және ортақ пайдаланудағы жер үлесі;

· қонымды жер үлесі;

· шартты жер үлесі.

Екі немесе бірнеше тұлғаның меншігіндегі жер учаскесі оларға ортақ меншік құқығымен тиесілі болады. Ортақ меншіктегі немесе ортақ пайдаланудағы жер үлесі ортақ үлестік меншік құқығында (пайдалану), мысалы: ауылшаруашылық серіктестіктерінің жерге меншік (пайдалану) құқығы немесе ортақ бірлескен меншік құқығында (пайдалану), мысалы: ерлі-зайыптылардың жерге меншік (пайдалану) құқығы болуы мүмкін.

Қонымды жер үлесі кондоминиум объектілері болып табылады. Кондоминиум дегеніміз – жылжымайтын мүлікке меншіктің (өзге де құқықтың) ерекше нысаны, бұл ретте жылжымайтын мүліктің жекелеген бөліктері жеке және заңды тұлғалардың бөлек дербес меншігінде болады, ал жылжымайтын мүліктің бөлек меншікке жатпайтын бөліктері, оның ішінде жер учаскесі де, оларға ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болады және бөлек меншігіндегі жылжымайтын мүлік бөліктеріне құқықтардан ажыратылмайды. Мысалы: көп пәтерлі үйдің ауласы, шатыры, баспалдақ алаңы, лифт т.б.

Шартты жер үлесі дегеніміз – таратылған немесе қайта ұйымдастырылған ұжымшар мүшелерінің, мемлекеттік емес болып қайта құрылған мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерінің сандық тұрғыдан анықталған үлесі.

Ғалым Ә.Е. Бектұрғановтың пікірінше құқықтық қатынасқа қатысушылардың барлығы бірдей құқық субъектісі бола бермейді. Құқық нормалары құқықтық қатынасқа қатысушылардың құқықтық жағдайын белгілеп, олардың мәртебесін, керек болса, құқықтық қатынасқа қатысушылардың мүмкіншіліктерін де белгілеп береді. Жер құқығы қатынастарының субъектісі кез-келген тұлға бола алмайды, тек әрекет етуші заңмен анықталған құқықтар мен міндеттерге ие және құқықтық қатынастарға қатыса алатын тұлғалар ғана болуы мүмкін. Сондай-ақ ол құқықтарға ие болу деңгейі жер құқығы қатынастарындағы субьектілердің құқықтық дәрежесін анықтауда негізгі өлшем болып табылады.

Жер құқығы қатынастары субьектілерінің құқық көлемі мынадай жағдайларға тәуелді болады:

- субъектінің түріне;

- субъектінің заңи маңызы бар әрекетіне;

- аталған жер құқығы қатынастарының ерекшелігіне;

- құқық қатынастары субьектісінің өз функциясын жүзеге асыру жағдайына байланысты болады.

Жер құқығы қатынастары субъектілерінің қатары, мазмұны және олардың құқықтарының ара-қатынасы елдегі жер саясаты және әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар сипатына тәуелді өзгеріп отырады.

Кеңес одағы кезінде мемлекет жерге меншік құқығы қатынастарының айрықша жеке субъектісі болғаны бәрімізге аян. Ал жерге жеке меншік институтын енгізген соң жерге меншік құқығы қатынастарының субъектілері қатарына жеке тұлғалар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар қосылды.

Қазіргі кезде мемлекет заң бойынша жеке меншікке берілмеген және беруге болмайтын жер қорына меншік құқығын сақтап отыр. Міне, осыған сәйкес мемлекет жерге мемлекеттік меншік құқығы қатынастарының субъектісі болып табылады. Жер құқық қатынастарының субьектілері дегеніміз – жер құқығы қатынастарына қатысушылар болып табылатын және соған орай құқықтары бар әрі осы құқық қатынасында міндеттер атқаратын жеке және заңды тұлғалар, мемлекет. Мысалы: мемлекеттік органдар, жердің меншік иелері, жер пайдаланушылар, қазақстандық тұлғалар, шетелдік тұлғалар, халықаралық ұйымдар және т.б.

Жер құқық қатынастарының мазмұны дегеніміз – жер құқық қатынастарына қатысушылардың заңдармен белгіленген немесе реттелген құқықтары мен міндеттері. Бұл тұжырым бір-бірімен байланысты үш элементтен тұрады:

1. Жер құқық қатынастарына қатысушылар (субъектілер-жерге меншік иелері, жер пайдаланушылар, жер құқық қатынастарын реттеуші мемлекеттік органдар);

2. Жер құқық қатынастарына қатысушылардың (субъектілердің) құқықтары мен міндеттерін, өкілетті органдардың өкілдіктерін реттейтін заңдардың (өкілді және атқарушы органдардың құзыреттері туралы) нормалары;

3. Заңдарда және заңи құжаттарда белгіленген жер құқық қатынастарына қатысушылардың құқықтары мен міндеттері.

Осындай жайттардан шығатын жер құқығы қатынастары субъектілерінің құқықтарын былайша жіктеуге болады: әрекет немесе әрекетсіздік ретінде көрінетін белгілі бір мінез-құлыққа жататын құқық. Мысалы, Жер кодексінің 64-бабы 1-тармағына сәйкес жер учаскесінің меншік иесі осы жерден дербес шаруашылық жүргізуге және бұл шаруашылық жүргізудің коммерциялық құпиясы туралы мәліметтерді басқа тұлғаларға бермеуге құқылы. Бірінші жағдайда әрекетке құқық, екінші жағдайда әрекетсіздікке құқық жүзеге асырылады.

Жалпы жер құқығы қатынастары субъектілерінің барлық құқық түрлері субъективті сипатқа ие болуымен қатар субъектінің еркіне толық тәуелді болып табылады.

Ал енді жер құқығы қатынастары субъектілерінің міндеттері дегеніміз – заңмен анықталған басқа тұлғаның субъективті құқығына сәйкес міндетті тұлғаның мінез-құлқының заңмен анықталған түрі мен көлемі.

Жер құқығы қатынастары субъектілерінің міндетті мінез-құлқы мынадай сипатта көрінеді:

- қандай да бір әрекетті жасау міндеті (белсенді міндет);

- қандайда бір әрекетті жасамау міндеті (бәсең міндет).

Жер құқығы қатынастарының субъектілерінің құқықтары мен міндеттері иеленушілерге қарай жалпы және арнайы болып екіге бөлінеді. Бұл құқықтар мен міндеттер жер құқығы қатынастары субъектілерінің бәріне тән құбылыс. Сондай-ақ бұл субъектілердің жекелеген санаттарына тән арнайы құқықтар мен міндеттер. Қазақстан Республикасы Жер кодексіне сәйкес, жер меншік иелері мен жер пайдаланушылардың бірқатар құқықтары мен міндеттері бар.

Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн пайдалануға құқықтары:

1) жер учаскесiн оның нысанасынан туындайтын мақсатта пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргiзу;

2) ауыл шаруашылығы және өзге де дақылдар мен екпелер себу мен отырғызуға, өндiрiлген ауыл шаруашылығы өнiмi мен жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде алынған өзге де өнiмге және оны өткiзуден түскен табысқа меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару;

3) өз шаруашылығының қажеттерi үшiн жер учаскесiнде бар құмды, сазды, қиыршық тасты және басқа да кең таралған пайдалы қазбаларды, шымтезектi, екпелердi, жер үстi және жер асты суларын, кейiннен мәмiлелер жасасу ниетiн көздемей, белгiленген тәртiппен пайдалану, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн пайдалану;

4) жер учаскесi мемлекеттiк қажеттiктер үшiн алып қойылған (сатып алынған) жағдайда келтiрiлген шығынды толық көлемiнде өтетiп алу;

5) жердi аймақтарға бөлудi ескере отырып, меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару құқығымен жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкестiкте тұрғын үйлер, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салу;

6) белгiленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарға сәйкес суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстар жүргiзу, тоғандар мен өзге де су айдындарын жасау құқығы бар.

Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн пайдалану жөнiндегi мiндеттерi:

1) жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес, ал уақытша жер пайдалану кезiнде - жер учаскесiн беру актiсiне немесе жалдау шартына (өтеусiз уақытша жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға;

2) санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес өндiрiс технологияларын қолдануға, өздерi жүзеге асыратын шаруашылық және өзге де қызмет нәтижесiнде халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтiруге, санитарлық-эпидемиологиялық, радиациялық және экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеуге;

3) жердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға;

4) жер салығын, жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын және Қазақстан Республикасының заңдары мен шартта көзделген басқа да төлемдердi уақтылы төлеуге;

5) жануарлар дүниесiн, орман, су және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тәртiбiн сақтауға, жер учаскесiнде орналасқан, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекет қорғауындағы тарих, сәулет ескерткiштерiн, археологиялық мұра мен басқа да объектiлердi қорғауды қамтамасыз етуге;

6) жер учаскесiнде шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарды (нормаларды, ережелердi, нормативтердi) сақтауға;

7) мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген жердiң жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi уақтылы табыс етiп отыруға;

8) басқа меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;

9) топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына және оның құнарлылығының нашарлауына, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу құнарлы қабаттың бiржола жоғалуын болғызбау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатымен оны сыдырып алуға жол бермеуге;

10) ҚР Жер кодексінде көзделген тәртiппен сервитуттар берудi қамтамасыз етуге мiндеттi.

Жер құқығы қатынастары субъектілерінің құқықтары рұқсат ету нормалары арқылы көрініс табады. Олардың міндеттері шектеу, тыйым салу нормалары арқылы іске асады.

Ал енді жер құқық қатынастарын төмендегідей бөліп қарастырамыз:

1) материалдық жер құқық қатынастары құқық субъектілерінің тікелей жерге қатысты құқықтары мен міндеттерін анықтаушы нормаларды құрайды. Басқаша айтқанда бұл құқықтар құқық нормасымен қарастырылған құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру арқылы қалыптасады. Мысалы жер учаскесін кепілге салу (ЖК 76-бабы), жер учаскесін оның нысанынан туындайтын мақсатты пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргізу (ЖК 64-бап, 1 тармақ, 1 т.), басқа меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзбау (ЖК 65-бап, 1 т., 8 т);

2) жер процессуалдық құқықтық қатынастар материалдық құқықтық қатынастардың пайда болуын, тоқтатылуын және жүзеге асыру тәртібін анықтайтын нормаларда көрінеді. Яғни құқықтық реттеуге жер құқық қатынастары түспейді, оларды жүзеге асыру тәртібі түседі. Оған жерге қатысты мәмілені тіркеу тәртібі жатады. Жерді сатып алу-сату шарты жер ресурстарын басқаратын өкілетті органның тиянақты тексеруінен кейін міндетті түрде тіркелуге жатады.

Сонымен қатар, Жер Кодексінің 69-бабының 1-тармағына сәйкес жеке меншік иесі немесе жер пайдаланушы көрші жер учаскесіне жеке меншік немесе жер пайдалану құқығының субъектісінен, ал қажет болған жағдайда өзге учаскеге де жеке меншік немесе жер пайдалану құқығының субъектілерінен осы учаскелерді шектеулі пайдалану құқығын (жекеше) сервитут табыстауды талап етуге құқылы. Міне, осылардың барлығы жердің процессуалдық құқық қатынастары арқылы жүзеге асырылады.

3) Реттеуші жер құқық қатынастары заңи жауапкершілікті қолдануға байланысты емес жер құқық қатынастарын жүзеге асыру процесінде қалыптасады. Мысалы, Жер Кодексінің 85-бабына сәйкес, егер меншік иелері немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушылар жер пайдалану құқығын сатып алған болса, жер учаскелерін мемлекеттік қажеттіктер үшін олардан алып қою Жер Кодексіне, ал онымен реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының өзге де заң актілеріне сәйкес сатып алу тәртібімен жүзеге асырылады.

Бұл шара мемлекет тарапынан қолданылған санкцияны білдірмейді, керісінше заңда қарастырылған жағдай мен тәртіпте жүзеге асырылады. өйткені, меншік иесінің шеккен шығындарының барлығы өтеледі. Бұл құқықтық қатынастар реттеуші жер құқық қатынастары нысанында жүзеге асырылады, себебі мұндай алып қою қандай да бір жер құқық нормаларын бұзу болып табылмайды.

4) Қорғаушы жер құқық қатынастары жасалған құқық бұзушылыққа жауапкершілік шарасын қолдануға байланысты пайда болады. Мәселен жердің құнарлы қабатын химиялық заттар шығарып тастау арқылы нашарлатқан заңды тұлғалар, заң актілеріне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Кейбір жағдайда осындай құқық бұзушылықтан басқа құқық салаларымен қарастырылған қорғау қатынастары туындайды.

Қорғау құқық қатынастары жер заңының бұзылуының барлық жағдайында пайда болады. Мысалы, жердің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту жер учаскесін алып қоюға негіз болады (жер құқығы жауапкершілігі); келтірілген залалды өтеу (азаматтық құқықтық жауапкершілік; айып төлеуді қолдану (әкімшілік құқықтық жауапкершілік).

Жер құқық қатынастарының жіктелуі қосымша келесідей негіздер бойынша жүзеге асырылады:

1. Жер құқық қатынастарының мазмұнына байланысты:

жерді табиғи объект ретінде қорғаумен байланысты қатынастар;

жерді өндіріс құралы ретінде пайдаланумен байланысты қатынастар;

жер ресурстарын мемлекеттік басқарумен байланысты қатынастар;

жер заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілік қолданумен байланысты қатынастар;

2. Жер құқық қатынастары қатысушыларының құқықтары мен міндеттерінің мазмұнына байланысты:

жерге меншік құқығын жүзеге асырумен байланысты қатынастар;

жерге меншік құқығынан туындайтын өзге құқықтарды жүзеге асырумен байланысты қатынастар;

3. Жер құқық қатынастарының мерзіміне байланысты:

тұрақты қатынастар; тұрақты жер пайдалану құқығынан және жерге меншік құқығынан туындайтын қатынастар т.б;

уақытша қатынастар; жер учаскесін қысқа (5жыл) немесе ұзақ (49жыл) мерзімді уақытша пайдаланудан туындайтын қатынастар т.б.

4. Жер құқық қатынастарының туындау негіздеріне байланысты:

бастапқы жер құқық қатынастары;

туынды жер құқық қатынастары;

5. Жер құқық қатынастары нормаларының мазмұнына байланысты:

материалдық қатынастар;

процессуалдық қатынастар:

 




Дата добавления: 2015-02-16; просмотров: 310 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав




lektsii.net - Лекции.Нет - 2014-2025 год. (0.021 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав