|
Әр түрлі қоғамдағы, әр формациядағы жеке тұлғаның жағдайы. Азаматтық. Азамат және мемлекет. Жеке тұлға және мемлекет. Жеке тұлғаның құқықтық мәртебесі. Азаматтың құқығы мен бостандығының түсінігі мен түрлері. Адам құқығын жіктеу. Қазақстан Республикасының Конститутциясы бойынша азаматтың құқығы мен бостандығын жіктеу. Жеке тұлғаның жауапкершілігі. Қоғам мен мемлекет алдындағы жеке тұлғаның заңдық міндеттері мен жауапкершілігі. Азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігі. Жеке тұлғаның құқығы мен бостандығының бұзылуы. Адам құқығын халықаралық қорғау. Адам құқығының жалпыға бірдей Декларациясы, оның маңызы.
Сұрақтар мен жауаптар
1 Мемлекет және құқық теориясы пәнінің түсінігі
Әр ғылымның өзінің зерттейтін пәні бар. Пән дегеніміз өзі зерттейтін объективтік ақиқатты зерттеудің бір жағы. Мемлекет және құқық теориясының пәні дегеніміз мемлекет пен құқықтың пайда болуының, дамуының және қызмет етуінің жалпы заңдылықтары, сондай-ақ заң ғылымдарының негізгі түсініктердің, ұғымдардың жүйесін айтамыз.
Жоғарыда көрсетілген анықтамаға сәйкес, мемлекет және құқық теориясының пәні екі бөліктен тұрады:
Біріншіден, мемлекет және құқықтың пайда болуының, дамуының, қызмет етуінің жалпы заңдылықтары. Аталған бірінші топқа мыналар жатады:
- мемлекет және құқықтың пайда болуы;
- мемлекет және құқықтың типтері;
- мемлекет және құқықтың дамуы;
- мемлекет және құқық нысанының эволюциясы;
- мемлекеттік органдар жүйесі мен құқықтық жүйесінің қалыптасуы;
- мемлекет және құқықтың функциясын жүзеге асыру;
- мемлекет және құқықтың қоғамдық қатынастарға әсер ету шегі;
- адам құқығының дамуы;
- демократия, заңдылық, құқықтытық тәртіп қағидаттарының нығаюы;
- азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің дамуы;
- құқықтың нормаларды сақтау, орындау, қолдану;
- бұл заң ғылымының дамуы.
Екіншіден, барлық заң ғылымын қамтитын заңи түсініктердің, ұғымдардың жүйесі. Мысалы, мемлекет, мемлекеттік органдар, құқық, құқық бұзушылық, заңи жауаптылық.
Мемлекет және құқық теориясы пәнінің ерекшелігі:
а) ол негізгі ұғымдар жүйесін өзі үшін ғана емес, сондай-ақ барлық заң ғылымдарының салалары үшін қалыптастыруымен айналысады;
ә) мемлекет және құқық теориясы нақты бір мемлекет және құқықтың дамуы, қызмет етуін зерттеп қана қоймай, сонымен қатар мемлекет пен құқықты жалпы түрде, яғни, кез келген қоғамға тән мемлекет пен құқықтың жалпы белгілерін қарастырады. Мемлекет және құқық теориясы уақыт және кеңістікке қарамай жалпы түрде барлық мемлекет пен құқық жүйелерін зерттейді. Сондықтан да, онда мемлекет пен құқықтық туралы ғылыми ойлардың жетістіктері шоғырланған;
б) мемлекет және құқық теориясы мемлекет пен құқықтың бір-бірін толықтыратын, бір-бірімен тығыз байланысты әлеуметтік институт ретінде қарастырады.
2 Мемлекет және құқық теориясының әдісінамасы
Жалпы ғылым дегеніміз, екі бағытты біріктіреді – теория мен әдіс. Теория – бұл ғылым нені зерттейді?- деген сұраққа жауап береді Әдіс – бұл ғылым қандай тәсілмен, амалмен зерттеуді жүргізеді? – деген сұраққа жауап береді Әдіс дегеніміз жаңа білімді алуға, пәнге жетуге мүмкіндік беретін тәсілдер мен амалдардың, қағидаттар мен ережелердің жиынтығын айтамыз. Әдіс – бұл зерттеп жатқан құбылысқа жетудің жолы, ақиқатқа жетудің ғылыми-танымдық тәсілі. Ғылым әдісі – бұл пәнді түсінуге мүмкіндік беретін тәсілдер мен бағыттардың жиынтығы.
Сонымен, мемлекет және құқық теориясының әдісі дегеніміз мемлекет пен құқықтық құбылыстарды зерттеуде қолданатын тәсілдер мен амалдардың жиынтығын айтамыз. Мемлекет және құқық теориясы өз пәнін зерттеу үшін көптеген әдістерді қолданады.
Мемлекет және құқық теориясының әдісі төмендегідей топтастырылады:
1) Жалпылама әдістер дегеніміз ойлаудың әмбебапты қағидаттарын көрсететін философиялық, дүние танымдық бағыттарын айтамыз. Жалпылама әдістер мемлекет пен құқықты философия тұрғысынан қарастырады. Оларға мыналар жатады:
а) метофизика ( мемелекет пен құқықты мәңгілік өзгермейтін институттар ретінде қарастырады);
ә) диалектика.
Диалектика өз алдына идеалистік және материалистік деп екіге бөлінеді.
Идеалистік диалектика өз алдына екіге бөлінеді: субъективті және объективті. Егер де объективті идеализм мемелекет пен құқықтың пайда болуын құдай күшімен, объективті санамен байланыстырса, онда субъективті идеализм адамның санасымен, келісіммен байланыстырады.
Материалистік диалектика – бұл қоғамдағы әлеуметтік–экономикалық өзгерістермен, нақты айтқанда, жеке меншіктің пайда болуымен және қоғамның таптарға бөлінуімен байланыстырады. Материалистік диалектика тұрғысынан барлық мемлекет пен құқықтық құбылыстарды нақты тарихи даму жағдайында басқа да құбылыстармен тығыз байланыста болады.
2) Жалпы ғылыми әдіс дегеніміз жалпы әдістер сияқты бүкіл ғылыми танымды толығымен қамтымайды, ғылыми танымның жекелеген кезеңдерін қамтитын әдісті айтамыз. Оларға мыналар жатады:
а) анализ – бұл күрделі мемлекет пен құқықтық құбылыстарды шартты түрде жеке бөліктерге бөлу арқылы зерттеуді білдіреді;
ә) синтез – бұл құбылыстардың бөліктерін шартты түрде біріктіре отырып, зерттеуді білдіреді;
б) жүйелілік тәсіл – бұл мемлекет пен құқықтық құбылыстарды жүйеге, салаға топтастырып зерттеуді білдіреді (мысалы, бұл тәсіл жүйелі құрылым ретінде мемлекеттік аппаратты, саяси құқықтық жүйені және құқықтық норманы зерттеуге мүмкіндік береді);
в) функционалдық тәсіл – бұл белгілі бір әлеуметтік құбылыстың басқа құбылыстарға әсер ету нысанын анықтауға бағытталғанын білдіреді (мысалы, бұл әдіс құқықтық функционалдық заңды жауапкершілікті, құқықтық шектеулерді зерттеуге мүмкіндік береді);
г) әлеуметтік – эксперимент тәсілі – бұл құқықтық реттеудің бұрыс нұсқасынан алдын алу мақсатында қандай да бір шешімнің жобасын тексерумен байланысты (мысалы, Қазақстанның кейбір аумағында әкімдерді сайлау институтын енгізу арқылы, оның тиімділігін зерттеу).
3) Жеке ғылыми әдістер деп мемлекет және құқық теориясының нақты техникалық, гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдарының ғылыми жетістіктерін меңгерудің нәтижесінде пайда болған тәсілдерді айтамыз. Оларға мыналар жатады:
а) нақты-әлеуметтік тәсіл – бұл сауалнама, сұхбат, бақылау және басқа да тәсілдер арқылы мемлекет пен құқық саласында субъектілердің мінез-құлық туралы нақты мәліметтерді алуға мүмкіндік береді (мысалы, олар қоғамдық қатынастарға мемлекеттің әсерін, заңдар арасындағы қарама-қайшылықтарды анықтауда қолданады);
ә) статистикалық тәсіл – бұл бірнеше рет қайталанатын мемлекет пен құқықтық құбылыстардың, олардың ішінде құқықбұзушылықтың, заңи тәжірибенің сандық көрсеткіштерін алуға мүмкіндік береді (ол үш кезеңнен тұрады: статистикалық мәліметтерді жинау, оларды белгілі бір негіздер бойынша топтастыру, оларды өңдеу);
б) кибернетикалық тәсіл – бұл кибернетиканың заңдар мен техникалық құралдар арқылы мемлекет пен құқықтық құбылыстарды зерттеуді білдіреді;
в) математикалық тәсіл – бұл сандық көрсеткіштерге негізделген тәсілдер жиынтығы.
4) Жеке құқықтық әдістер – дегеніміз тек мемлект және құқық теориясына ғана тән әдістерді айтамыз. Ол екіге бөлінеді:
а) формальді–заңи тәсіл - бұл заң ұғымдарын анықтауға, олардың белгілерін көрсетуге, топтастыруға, құқықтық ережелердің мазмұнын түсіндіруге мүмкіндік береді. Бұл тәсілге заңи техника мен құқық нормаларды талқылау тәсілдері кіреді.
ә) салыстырмалы құқықтық тәсіл - бұл әртүрлі құқықтық құбылыстарды салыстыру арқылы олардың жеке және жалпы белгілерін анықтайтын тәсіл.
3 Мемлекет және құқық теориясының функциясы
Мемлекет және құқық теориясының функциясы дегеніміз өзінің алдында тұрған міндеттер мен мақсаттарға жетуге қажетті қызметінің негізгі бағыттарын айтамыз. Оның түрлері:
- онтологиялық функция мемлекет және құқықтың мәнін түсінуге, мемлекет және құқық дегеніміз не? олар қалай пайда болды? -деген сұраққа жауап беруге мүмкіндік береді;
- гносеологиялық функция мемлекет және құқықты ғылыми тұрғыда зерттеу үшін, ғылыми тұжырымдарды, доктриналарды, құқықтық ұғымдарды, әдістер мен тәсілдерді қалыптастырады;
- эвристикалық функция мемлекет және құқық құбылыстар дамуының негізгі заңдылықтарын ашуға мүмкіндік береді;
- болжау функциясы мемлекет және құқықтық құбылыстардың өзгеруі, даму тенденциясын анықтауға, болашаққа болжау жасауға мүмкіндік береді;
- әдістемелік функция заң ғылымы салаларының талаптарына сәйкес, жаңа әдістемелік тұжырымдар жасап, ғылымның жақсы дамуына жағдай жасайды;
- ұйымдық - қолданбалы функция мемлекет және құқықты құбылыстарды реформалауды, мемлекет және құқықты қалыптастырудағы елеулі мәселелерді шешуге ұсыныстар жасай отырып, мемлекеттік басқару мен құқықтық реттеуді ғылыммен қамтамасыз етед, басқа да заң ғылымдары сияқты, мемлекеттің қызметін жетілдіруге, заңнама мен оны қолдану тәжірибесін жақсартуға және дамытуға бағытталаған ұсыныстар жасауға қызмет етеді;
- идеологиялық функция мемлекет және құқық туралы идеялары мен көзқарастарды қалыптастырып, субъектілердің саналарына тікелей әсер етіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік береді;
- тәрбиелік функция мемлекет және құқық теориясы құқықтық тәрбиелеу мәселелерін шешуге, адамдарда демократия, тұлғаның құқықтары мен бостандықтары, заңдылық, тәртіп және т.б. күрделі мәселелерге қатысты шынайы ғылыми көзқарастардың қалыптасуына жәрдемдесуі қажет.
Жоғарыда көрсетілген функциялар бір-бірімен байланысты және оларды кешенді түрде алып қарастырғанда ғана нәтиже береді.
Дата добавления: 2015-09-12; просмотров: 126 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав |