Студопедия  
Главная страница | Контакты | Случайная страница

АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

Тақырып №3

Читайте также:
  1. Дәріс – 2 Тақырып: Валюталық операциялар және олардың сипаттамалары
  2. Дәрістердің, тәжірибелік сабақтардың, студенттердің өзіндік жұмыстарының тақырыптық жоспарлары
  3. Интерндердің аудиториядан тыс өздік жұмыстарының тақырыптық жоспары
  4. Интерндердің аудиториядан тыс өздік жұмыстарының тақырыптық жоспары
  5. Күнтізбелік-тақырыптық жоспар.
  6. Лекция сабағының күнтізбелік –тақырыптық жоспары
  7. Практикалық сабақтардың тақырыптары
  8. Семестрлік және бақылау жұмыстарының тақырыптарына методикалық кеңестер
  9. Семинар сабағының күнтізбелік – тақырыптық жоспары
  10. СОӨЖ тақырыптық жоспары

Модуль 2

Блок №2. Ислам дәуірі әдебиеті

Тақырып №3

Жоспар:

1. Жүсіп Баласағұн "Құтадғу біліг " ("Құтты білік ").

2. Ахмед Иүгінеки. "Хибатул-Хакайық" ("Ақиқат сыйы")

3. Қожа Ахмет Иассауи. «Даналық кітабы».

4. Сүлеймен Бақырғани. "Бақырғани кітабы"

 

1. Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн – түркі халықтары тарихындағы қайта өрлеу дәуірінің аса көрнекті ақыны, есімі күллі Шығыс елдеріне мәшһүр болған данышпан-ойшыл, атақты ғалым, белгілі қоғам және мемелекет қайраткері. Әйтсе де Жүсіп Баласағұн есімін әлемгетантып әдибиет тарихына мәнгілік өшпестей жазып қалдырған бірден-бір әдеби туындсы – «Құтты бірлік» дастаны

Жүсіп Баласағұнның өмірі туралы мәлімет мүлдем аз сақталған. Жүсіп Балсағұн өз өмірі мен ақындық, қызыметі жайындағы кеибір деректерді «Құты бірлік» дастанынның сонғы үш тарауында қысқаша түрде, үстірт қана әнгіме етеді. Міне, ақынның осы сөзі жазған мәліметтерге қарағанда,Жүсіп Балсағұн орта ғасырда Қарахан әулетті билік жүргізген мемелекетін бір кездегі астанасы Баласағұн шаһнарында туған. Академик В.В. Бартольдтың пайымдаушсына, Баласағұн қалласы Жетісу өңірінде, Шу өзенінің бойындағы Тоқымақ қаласына жақын жерде болған.

Сол кездегі түркі тілдес тайпалардың мәдени мірінде Қашқар қаласы да зор рөл атқарғаны мәлім. Ақынның «Құтты білек дастанын» Баласұғында бастап, Қашқарда аяқтауы кездейсоқ жәйт емес. Бұл дастанға қара сөзбен жазылған кіріспеде ақын: «Бұл кітапты жазған кісі Баласұғында туған..., осы кітапты Қашқарда жазып бітіріп, шығыстың әміршісі Табғаш Қара Бограханға тарту еттім» дейді.

Ақын Жүсіп Баласұғын «Құтты білік» дастанның хижра есебі бойынша 462 жылы, яғни жаңаша жыл санауесебі бойынша 1070 жылы жазып бітірген. Бұл жөнінде автордың өзі дастанда (6495 және 6623-бәйіттерде) екі рет ескертеді. Бұл көлемді дастанды он сегіз айда жазып бітіргенін автор шығарманың мәтіндерінде өзі айтады. Жүсіп Хас Хажыб бұл еңбегін жасы егде тартып қалғанда жазғаны белгілі. Ақын өзі туралы айта келіп: «Елуге де келіп қалдық.... бір кезде қара қарға едік, аққуға аппақ айналдық» дейді

Осы шығарманы ұзақ жылдар зерттеген ғалымдардың есебі бойынша, Ж.Б. өз дастанын шамамен 54 жасында жазып бітірген. Демек, ақын 1015-1016жж. Туған деп шамалаймыз. Ал 1070ж ол «Құтты білікті» жазып болып, сол жылы оны «Хандардың ханына» тарту еткенін жоғарда айттық. Бұл тартуға риза болған Богра хан ақынға: ұлы хас хажиб «бас кеңесшіміз» н\е «ұлы уәзір» деген атақ береді.

Ақын «Құтты білікте» қандай адам ұлы уәзір болып істеу мүмкін деген сауал қойып, оған өзі егжей-тегжей жауап айтады. Хас хажиб - әмірші-патшаның көрер көзі, естер құлағы,ол мемлекет заңдары мен сол елдің әдет-ғұрпының дұрыс орындалуын қадағалап отырады. Сондай-ақ ұлы уәзір- қазына ісінбасқарушы адамға, сарайда қызмет ететін хат көшірушілермен қол өнершілерге патша атынан әмір береді, елшілерді қабылдап, шығарып салып отырады, ресми түрдегі салтанатты жиындардың заңға сәйкес өтуін қадағалайды әрі кедейлер мен жетім-жесірлердің арызын тындап, оны Богра ханға жеткізіп отыруы тиіс.

Сонымен, «Құтты білік» дастанының тілін қазіргі түркі тілдерінің қай тобына жатқызуға болады деген сауал туады. Бұл жөнінде тюркология ғылымында әр түрлі пікір айтылып келеді. Мәселен, С.Е.Малов «Құтты білік» көне ұйғыр тілінде жазылған десе, А.М.Щербак – қарлұқ тілінде, Г.Ф.Благова дастандағы сөздердің талдану сипатына қарап, бұл қарлұқ-қыпшақ тілінде жазылған деген қорытынды жасайды.

Ж.Б-ның «Құтты білік» дастанының бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен 3 нұсқасы бар. 1-сі Вена нұсқасы, оны Герак нұсқасы деп те атайды. Бұл қолжазба қазір Венаның Корольдік кітапханасында сақтаулы тұр. Сол үшін оны Вена нұсқасы дейді. Ал Герат нұсқасы деген себебі, бұл 1439ж Герат шаһарында көшірілген екен. Оны ұйғыр әрпімен көшірген адамның есімі – Хасан Қара Сейіл

Екіншісі –Каир нұсқасы. Бұл қолжазба араб әріпімен көшірілген. Оны Каирдағы бір кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорынан 1896ж неміс ғылымы Б.Мориц тапқан. Белгілі орыс ғылымы В.В.Радлов Петербург ҒА-ң Азия музейі үшін Каир нұсқасының бір данасын көшіріп алады. Қазір бұл қолжазба Ресей ҒА Шығыстану институтының Санкт-Петербург бөлімшесінде сақтаулы тұр.

3-сі Наманган нұсқасы. Оны 1913 жылы А.Валитова Өзбекстанның Наманган шаһарынан тапқан еді. «Құтты білік» дастанының араб әрпімен көшірілген, ең толық саналатын осы нұсқасы бойынша ұзақ жылдар бойы зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1971 ж. Дастанды өзбек әрпіне транскрипция жасап, оны ғылыми сипаттамасымен бірге жеке кітап етіп басып шығарды.

«Қ.б» дастанын әдебиеттану, тіл білімі, тарих ғылымы тұрғысынан зерттеуге С.Е.Малов, Е.Э.Бертельс, А.Валитова, К.Каримов, С.Муталибов сияқты көрнекті ғалымдардың мол үлес қосқаны белгілі.

«Қ.б» дастанының басты идеясы төрт принципке негізделіп жазылған. Біріншісі мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Автор әділдік бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді. Екіншісі–бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ –дәулет мәселесі дастанда патшаның әузірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған. Үшіншісі – ақыл-парасат. Ақыл парасаттың қоғамдық рөлі уәзір баласы Өгдүлміш бейнесінде жырланады. Төртіншісі– қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Одғұрмыш бейнесі арқылы әңгіме болады.

Кітабында талай жайды айтады ол,

Бұл төрт ұлық сөздерінен байқалар.

Бірі оның– шындық жолы – әділет,

Екіншісі–құт пен ырыс, дәулет.

Үшіншісі– ақыл менен парасат,

Төртіншісі–ұстамдылық, қанағат.

Композициялық құрылысы жағынан дастан 6520 бәйіттен тұрады. Бұл 13000 өлең жолы деген сөз. Соның бәрі 85 тарауға бөліп берілген. Шығарманың негізгі бөлімдері екі жолдық масневи түрінде жазылған. «Қ.б» дастанын сюжеті де автор алға қойған этикалық-моральдық, дидактикалық міндеттерге, яғни төрт қаһарманның іс-әрекетіне тікелей байланысты етіп құрылған. Дастанның сюжеті қарапайым: Күнтуды деген патша өзінің әділ саясатымен жер-жаһанға есімі әйгілі болады. Патшаның даңқын естіп, оған іштей тәнті болған Айтолды деген данышпан сол патшаны іздеп, алыс жолға аттанады. Ұзақ сапарда көп қиыншылыққа ұшырап, Күнтуды табады. Патша алдымен Айтолдыны жан-жақты сынап көреді.Ақыры, өзіне уәзір етіп алады. Айтолды уәзір кезінде ел-жұрттың жағдайы түзеліп, бақ-дәулеті арта түседі. Жазылмас дертке шалдыққан Айтолды күндердің күнінде өмірмен қоштасады. Ол өлер алдында патша мен өз баласын өсиет-уағыз айтады. Арада талай жылдар өтеді. Өгдүлміш ер жетіп, патшаның қарамағына қызметке кіреді. Ол өз іскерлігімен, білгірлігімен танылады. Ол патшаның ең сенімді адамы болады.

2. Ислам дәуірінің этикалық, моральдық, дидактикалық мәселелерін зор білгірлікпен жырлаған сөз зергерлерінің бірі Ахмет Йгүнекиеді. Ахмет Йгүнекиеді (Ахмет Махмұдұлы Жүйнеки)ХІІ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген аса көрнекті ақын, есімі кезінде бүкіл ұлан-ғайыр Қарахан мемлекеті Түркістан қаласының маңындағы Жүйнек (Югнак) деген елді мекен болса керек. Алайда Югнак деп аталатын қоныс басқа жерлерде де болуы мүмкін деген жорамалдар бар (4,7). Ислам дәуірінің атақты ақыны Ахмет Йгүнекидің бізге жеткен жалғыз туындысы- «Хибату – хақайық» (Ақиқат сыйы) деп аталады.

Басқа түркі ескерткіштері (Ақиқат сыйы) да түркі халықтарының тіл тарихын, әдебиет тарихын, ондағы жанрлар және басқа да ерекшеліктер негізін, мысалы, дидактикалық әдебиет, дүнйяуй әдебиет көздерін ашып олардың тамырын талдау ісінде таптырмайтын құнды мұра болып табылады.

Ахмет Йгүнекидің өмірі мен ақындық қызметі жайында мәлімет жұртқа тән. Әйтсе де ақын дастанда өзі туралы кейбір деректер берген. Сондай-ақ дастанды ертеректе көшірген хуснихатшылар да (каллиграф) шығарманың авторына қатысты мәліметтерді өз тарапынан қосып жазған. Мәселен, «Хибату-хақайықтың» ХV ғасырда көшірілген алғашқы қол жазба нұсқаларының бірінде Ахмет Йгүнеки туралы мынадай өлен жолдары бар:

Ахмет Әдіб – атым, үлгі – сөзім,

Қалады мұнда сөзім, кетем өзім

Күз келер, жаз да кетер, өмір де өтер

Сонымен жұмылар да екі көзім.

Бұл өлендерден біз ақынның шын аты Әдіб Ахмед екенін (Ахмет Йгүнеки- лақап аты), әкесінің есімі Махмұд болғанын аңғарамыз. Болашақ ақын анасына көзі соқыр болып туған.

Дастанның өзі көне түркі тілінде жазылса да ақын шығармасының атын «Хибату – хақайық) деп әдейі арабша қойған сияқты. Бірқатар қол жазбалар бұл шығарманың атын «Айбату-хақайық», ал кейбіреулерінде «Айтебату - хақайық»(«шындық қақпасы») деп жазылған.

«Ақиқат сыйы» дастанның көне қол жазбасы табылғаны жөніндегі алғашқы мәліметі түрік ғалымы Нәжік Асим 1906 жылы хабарлады. Қазір бізге бұл шығарманың бірнеше қол жазба нұсқасы мәлім. Солардың ішінде ең көнесі әрі бір шама толық сақталғаны – самрқан нұсқасы. Бұл қол жазба қазіргі Ыстамбул қаласындағы Айя – София кітапханасында сақтаулы. Оны 1444 жылы Самарқан қаласында атақты каллиграф Зену- Абидин Джурани деген кісі ұйғыр әріпімен көшірген екен. Дастанның бұдан кейінірек, дәлірек айтсақ, 1480 жылы Шейхзаде Әбдіразақ- Бақши көшірген нұсқасын Нәжіп Асим осман түріктерінің тіліне аударып шығарманың түпнұсқасымен қоса оны 1916 жылы жеке кітап етіп басып шығарады. Ахмет Йгүнеки дастанының араб әріпімен көшірілген қол жазба нұсқаларының бірі қазір Берлин қалалық кітапханасында сақтаулы тұр. Бұл дастанның ғылымға мәлім болған нұсқаларын өзара салыстыра отыра, шығарманың толық мәтінің әзірлеген зерттеуші түрік ғалымы Рашид Арат Рахмат болды. Ол 1951 жылы осы дастанның толық мәтінін әзірлеп, оны латын әріпімен кітап етіп шығарады.

Әйтсе де Ахмет Йгүнеки дастанын тіл, әдебиет, тарих және философия ғылымдары негізделген мәтінін, сөздігін, транскрипциясын әзірлеп, оны басқа тілдерге аудару жөнінде түрколог-ғылымдар қыруар жұмыстар атқарады. Әсіресе Е.Э.Бертельс, С.Е.Малов, Қ.Махмудов тағы басқа ғылымдар бұл салада жемісті еңбек етті.

«Ақиқат сыйы» дастанын жан-жақты зерттеу ісіне кезінде В.В.Радлов, Т.Ковалевский, Ж.Дени, т.б сияқты шығыстанушы ғылымдар да белсене ат салысты.

Белгілі ғылым, білікті тіл маманы Б.Сағындықов ««һибат-улхақайиқ» - ХІІ ғасыр ескерткіші» деп аталатын еңбек жазып, көне дәуір жәдігерлігіне тілдік тұрғыдан жан-жақты талдау жасады. Мұнда танның транскрипциясы, аудармасы, зерттеу тарихы, ғылыми сипаттамасы, лексика-грамматикалық ерекшеліктері, «түрікше-орысша-қазақша», «арабша-орысша-қазақша, «парсыша-орысша-қазақша» сөздіктері тұңғыш рет жарияланды.

«Ақиқат сыйы» дастанының қазақ тіліндегі прозалық және поэтикалық аудармасын жасағандар Ә.Құлышжанов пен Б. Сағындықов болды.

«Ақиқат сыйы» - дидактикалық сарында жазылған шығарма. Дастан сюжетке құрылған емес. Шығарманың әрбір тарауында белгілі бір мәселе жөнінде әңгіме болады, автор оқушысына тиісінше ақыл-кеңес беріп отырады. Бұл дастан өзінің көтерген тақырыбы мен идеялық мазмұны жағынан ақын өмір сүрген қоғамдағы моральдық ұғымдар мен мінез-құлық нормаларының жиынтығы.

Сол кездегі шығыстың классикалық әдеби дәстүріне сәйкес, автор «Ақиқат сыйы» дастанын Алланы, Пайғамбарды және төрт сахабаны (пайғамбардың серіктері) мадақтаудан бастайды. Ақын бұл дастанды Ықпаһсалар деген бекке арнап жазғанын оқушысына ескртеді. Тегінде ақын өз дастанын арнап отырған адамы сол кездегі көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі болса керек.

Дастан 254 бәйіттен тұрады. Мұның бәрі 14 тарауға бөліп берілген.

Ахмет Йгүнекиислам дәуірі әдебиетінің көркемдік дәстүрін негізге ала отырып, дастанның алғашқы тарауын (1-10-бәйіттер) қайырымды, мейірімді Аллаға, екінші тарауын (11-19-бәйіттер) құдайдың жердегі өкілі Махаммед пайғамбарға арнайды. Содан кейін, үшінші тарауда (20-33-бәйіттер) ақын осы кітаптың жазылуына себепші болған Ыспаһсалар бекті мадақтайды. Дастанның негізгі идеясын айту бесінші тараудан (40-62-бәйіттер) басталады деуге болады. Мұнда ақын білімнің пайдасы мен надандықтың зияны туралы жырлайды. Алтыншы тарауда (63-86-бәйіттер) тілді тыйып сөйлеу - әдептілік пен тәртіптіліктің шарты екендігі туралы айтылады. Дастанның жетінші тарауында (87-110-бәйіттер) өмірдің өзгеріп тұратындығы, дүниенің құбылмалығы жайында сөз болады. Ал сегізінші тарауда жомарттық пен сарандық, тоғызыншы, оныншы және одан кейінгі тарауларда түрлі моральдық-этикалық мәселелер туралы дидактикалық мазмұнда уағыз-өсиет айтылады.

3. Қожа Ахмет Йассауи – сопылық дүниетанымның негізін қалаушылардың бірі, есімі ислам әлеміне мәшһүр ойшыл қайраткер, аса көрнекті ақын. Ақынның толық аты-жөні: Хазірет Сұлтан Шейх-ул Ислам Қожа Ахмет Йассауи.

Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам (оны кезінде Испиджап, Ақсу, Ақшаһар, Ақтұрбат деп те атаған) қаласында өмірге келген. Ақынның туған жылы ғылымда анық емес, ал 1166 жылы қайтыс болғаны туралы нақты жазба деректер бар. Әкесі Шейх Ибрахим – түркі тектес тайпалардан шыққан өз дәуірінің көрнекті дін қайраткері болған. Ақынның анасы Айша (қазақтар оны Қарашаш ана деген) – Мұса деген атақты шейхтың қызы болған. Ахмет Йассауиді туған ауылында оқытып, сауатын ашқан.

Болашақ ақын жас кезінде Түркістан (ол кезде Йассы деп аталған) қаласына келіп тұрған Ұлы Жібек жолының тоғысқан торабына орналасып, бүкіл әлеммен қарым-қатынас жасап тұрған. Мұнда келіп Ахмет Йассауи атақты Арыстан Баб және Жүсіп Хамадани сияқты ғұламалардан дәріс алады. Бұл туралы Ахмет Йассауи:

Жетімде Арыстан Бабқа арнап келдім,

Мұстафа өсиетіне қанбақ болдым.

Кейінірек ол Бұқара шаһарына барып, сондағы медреселерде есімдері ислам әлеміне мәшһүр ұстаздардан бірнеше жыл білім алады.

Ахмет Йассауи туған еліне – Қыпшақ даласына ислам ілімін жан-жақты меңгерген оқымысты адам, діни қайраткер болып оралады. Ол өз өмірінің соңғы күндеріне дейін осы Йассы қаласында тұрып, бүкіл қыпшақ даласында ислам ілімі мен мәдениетін, әдебиетін таратуға қыруар мол үлес қосады.

Ақын өзінің есімін әлемге мәшһүр еткен «Диуани хикмат» («Ақыл кітабы»), «Мират-ул Қулуб» («Көңіл айнасы») және «Пақырнама» атты шығармаларын осы Йассы қаласында жазады.

Ғұлама-ақынның Ибрахим атты ұл баласы және Гаухар Хошназ деген қызы болған. Өздерін Йассауи ұрпақтары санайтын адамдардың бәрі де осы Гаухар Хошназдан тараған жандар болып келеді.

Кезінде Қожа Ахмет Йассауидің өзінен дәріс алып, кейінірек ұлы ұстаздың сопылық дүниетанымын насихаттаған, оны дамыта түскен дарынды шәкірттері де аз емес еді. Йассауидің алғашқы шәкірті – Арыстан Бабтың баласы Мансур болған. Екіншісі – Сайт Ата Хорезми, үшіншісі – Сүлеймен Бақырғани, Мұхаммед Данышмент Зарнұқи, т.б.

Ахмет Йассауидің «Ақыл кітабындағы» он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы хикметтеріде негізінен өз өмірбаянын жырға қосқан. Соның өзінде ақын «Диуани хикметтің» басты идеясын айтудан ауытқып кетпеген. Қайта ақынның ғұмырнамасы «Даналық кітабының» филасофиялық мәнін, көркемдік көрінісін жетілдіре түскен. Ахмет Йассауи өз өмірі туралы айта келіп, «не себептен алпыс үште кірдім жерге?» деген сауал қояды. Ақын өмірбаянына бағышталған барлық хикметтер осы жалғыз сауалға жауап болып табылады.

Ислам жолын уағыздаушы данышпан ақын пайғамбар жасына жетіп, Аллаға шүкіршілік етеді, одан әрі, яғни алпыс үш жастан асып, тірі пенделер арасында жүруді өзіне үлкен кінә санайды. Сол үшін ол жер астынан арнайы салынған орынға – хилуетке түсіп, қалған өмірін сонда өткізеді. Бұл туралы ақын өзінің «Даналық кітабында»:

Таң сәріде дүйсенбі күні жерге кірдім,

Мұстапаға қайғы тұтып кірдім міне.

Алпыс үште сүндет деді естіп білдім.

Бақыл айтып жер астына қадам қойдым,

Жарық дүниені толық етіп, хақты сүйдім.

Қожа Ахмет Йассауи 1166 жылы Йассы қаласында қайтыс болып, осында жерленеді. Жергілікті халық оған шағын кесене тұрғызады. Араға екі жүз отыз жылдай уақыт салып барып, атақты Әмір Темір ақынның ескі қабірі орнына қазіргі үлкен кесенесін салғызады.

Ислам дінінің негізін қалаушы Мұхаммед пайғамбар мен оның серіктері қайтыс болған соң, Құранның кейбір қағидалары мен шарттарын белгілі бір нақтылы жағдайға байланысты тереңірек түсіндіріп отыратын кітап қажет болды. Мұндай еңбек Мұхаммед пайғамбардың көзі тірісінде Алла туралы туралы айтқан сөздері, жарлықтар және пайғамбардың өмірдегі іс-әрекеттері туралы түрлі аңыз - әңгімелерге негізделіп жазылады. Оны «хадис» деп атады. Түрлі хадистердің жинағы, яғни «сунна» бертінде өмірге келді. «Мұхаммед пайғамбар айтыпты» деген түрлі аңыз-әңгімелерді жинап, жүйелеп отыратын діни қызметкерлер («мухаддис») пайда болды. Алғашқы мухаддистер «факих» (заңды жетік білетіндер)ретінде мұсылмандардың қолдауына ие болды.

Шынайы сопылықтың тағы бір белгісі – «құдаймен сұхбаттасу». Ол үшін дәруіштер «самаäа» (арабша- тыңдау) болып, яғни белгілі бір музыкалық әуенге қатты беріліп, өзін-өзі ұмытқанша, экстаз қалпына түскенше зекір салып билей береді.

Бертін келе зікір салатын әуенге, ұйқасқа құрылған мәтін қажет болады. Бұл сияқты мәтіндер негізінен құранның жекелеген сүрелері мен аяттарын, Мұхаммед пайғамбардан естіген хадистерді уағыздауға арналған самаäа талаптарына негізделіп жазылған осы өлеңдер сопылық поэзияның алғашқы үлгілері болды.

Е.Э.Бертельс жалпы сопылық поэзияны төрт түрге бөліп қарастырады. Біріншісі – эротикалық сипаттағы өлеңдер, бұлар негізінен зікір салу барысында сопыларды экстаз күйіне жеткізу үшін қажет. Екіншісі – таза сопылық поэзия, мұнда «аллаға жақындау жолында» зікір салып жатқан сопының ішкі психологиялық күй-қалпы бейнеленуі тиіс. Үшіншісі – құдайға құлшылық етушілердің философиялық ой-пікірін білдіретін өлеңдер. Төртіншісі – дидактикалық сарыңдағы діни лирика болып келеді.

Суфизм философиялық ағым ретінде біртекті емес екендігін мықтап ескергеніміз жөн. Олар ислам қағидаларын түсіну, шарттарын орындау, ережелерін насихаттау жағынан бірнеше топқа бөлінеді. Солардың бірі – «жахрия» немесе «йассауишілік» деп аталады. Бұл бағыттың негізін қалаған – Қожа Ахмет Йассауи болып табылады.

Ақынның «Диуани хикмет», «Мират-ул Қулуб» және «Пақыр-наме» деп аталатын шығармалары Ахмет Йассаудің сопылық ілімінің, дүниетанымы мен философиясының теориялық негізі болып табылады. Ахмет Йассауи дүниетанымының жалпы желісін екіге бөліп қарастырған жөн. Бірінші – моральдық-этикалық (парасаттылық), ал екіншісі – сопылық хикметтер деп атауға болар еді.

Ахмет Йассауи ілімінің моральдық-этикалық бөлімі адамның бойындағы адамгершілік қасиеттердің мәртебесін арттыра түсуді көздеп, «инсони камал» («кемелденген адам») дәрежесінежетуді мақсат етеді. Ал «кемелдік» дәрежесіне жету үшін адам сан алуан ілім-ғылым түрлерін игеру қажет.

Ахмет Йассауи «Ақыл кітабында» «Аллаға жақындай түсу үшін әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі – тариқат. «Тариқат» - дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләзаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арта түсу болып табылады. Бұл басқыш суфизімнің негізгі идеясын, мұрат мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі – маръифат. «Маърифат»- негізінен дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы-күллі дүниедегі болмыс – тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі – хақиқат. «Хақиқат» («фано») – Аллаға жақындап, оны танып- білудің ең жоғарғы басқышы. Сопылық түсінік бойынша, шариғатсыз – тариқат, тариқатсыз – маърифат, маърифатсыз – «хақиқат» болуы мүмкін емес.

А.Иассауи орта ғасырдағы көшпелі тайпалардың дүниетаным мүмкіндігін ескере отырып, исламның кей қағидаларын Жұмақ пен Дозақтың айтысы түрінде түсіндіреді. Сол арқылы жұмақтың да, Дозақтың да шынайы сипаты оқырманға тайға таңба басқандай етіп айқын көрінеді. Әрине, бұл айтыста Жұмақ жеңіп шығады. Айтыстың мұндай түрі ежелгі түркі жұртында болғанын М.Қашқаридің сөздігінеен білеміз. Мұнда айтыс Қыс пен Жаздың пікірталасы түрінде берілген. Қ.А.Йассауидің «Диуани хикметін» адамды имандылыққа, ізгілікке жетелейтін құдіретті күш, бағдарлама деуге болады. Йассауи әр адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді.

Адам бойындағы имандылықтың ең басты көрінісі мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады.

Йассауи «Даналық кітабында» қанағат сезімін үлкен философиялық категория ретінде қарастырады. Ақын қанағатсыз жандарды, яғни нәпсісін тыя алмаған жандарды тойымсыз итке не ұлып қайтқан итке теңейді. Ақын қанағат сезіміне мән беріп, нәпсіңді тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екендігін оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады.

Қ.А.Йассауи өз хикметтерінде мына жалған өмірдің өткінші екенін, оған алданып қалмау керектігін оқырман есіне салып отырады:


Басынан әркімнің-ақ жалған өтер,

Баянсыз – жатпай жиған мал да бекер.

Қарындас, ата-анаң қайда кетті?

Ағаш ат солар мінген саған жетер.

 

Хақты сүй, пендешілік қамын жеме,

Кісінің қыл көпір тұр, малын жеме.

Қарындас, қатын-бала кімнен қалмас,

Қожа Ахмет сынды, сорлы, сағың неге?


 

Йассауи есімін әлемге мәшһүр еткен шығармасы «Ақыл кітабы», оны даналық кітабы деп те атайды. Ақын өз кітабын О.Азия мен қыпшақ даласының түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған құран мен хадистерді түсініп оқуға мүмкіндік береді.

«Диуани хикмет» түркі тілдес халықтардың 12 ғ. сақталған әдеби жәдігерліктерінің бірі болып саналады. Бұл өлеңдер жинағы қазақ халқының да орта ғасырлық нұсқасы болып табылады. Йассауи хикметтерінің тілін ұзақ уақыт бойы зерттеген көрнекті ғалымА.К.Боровковтың пікірі бойынша, Ақыл кітабы оғыз-қыпшақ тілінде жазылған. Кезінде ол өлеңдер көпшілікке түсінікті, өте таза тілмен жазылған. Бірақ бертін келе оны көшірушілер өз тараптарынан көптеген араб-парсы сөздерін қосып жіберген.

Бұл өлеңдер жинағының алғашқы түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы 15 ғ. орта кезінде араб емлесімен көшірілген. «Ақыл кітабы» Қазан (1887 және 1901ж.), Стамбул (1901ж.), Ташкент(1902 және 1911жж.) баспаларынан бірнеше рет жеке кітап болып басылып шығады. Ең толық нұсқасы Қазан басылымы болып табылады. Мұнда 149 хикмет берілген. Соның 109 хикметі Йассауидің өзінікі екені даусыз, ал қалғандары шәкірттері тарапынан жазылып, жинаққа еніп кеткен жыр жолдары.

Түркия ғалымы Ф.Көпрүлзаде А.Йассауи хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, әлеуметтік бағдарын тұңғыш рет әдебиеттану ғылымы тұрғысынан жан-жақты зерттеп, ол туралы келелі ғылыми еңбек жазғаны мәлім.

Белгілі орыс ғалымдары А.Н.Самойлович, Е.Бертельс, А.Боровков, Г.Благова, т.б. А.Йассауи жырларын зерттей келіп, кезінде оны жоғары бағалады. А.Йассауи поэзиясын зерттеу ісіне Рустамов, Малаев, Зохидов сияқты өзбек ғалымдары да едәуір үлес қосты.

«Диуани хикметті» қазақ тіліне аударма жасағандар – М.Жармұхамедов, М.Шафиғи, Е.Дүйсенбайұлы, С.Дәуітұлы т.б.

«Мират-ул Қулуб»

Қ.А.Йассауидің сопылық дүнетанымын оның қара сөзбен, рисала (трактат) түрінде жазған еңбектерінен де танып білуге болады.

Ал «Мират-ул Қулубта» ғұлама шариғат, тарихат, хақиқат деген ұғымдардың мәні мен мазмұнына, әдістемелік принциптеріне жеке-жеке түсінік береді. Аталмыш ұғымдар жайында А.Йассауидің тұжырымдары, ой-пікірлері берілген.

«Көңіл айнасы» кітабы «шариғат жайында», «тариқат жайында», «хақиқат жайында» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Бұл аталған ұғымдар туралы М.пайғабар: «Шариғат – айтқан сөздерім, тариха т – істеген амалдарым болса, хақиқат та халім» деген екен.

Ал А.Йассауи: «Шариғат – сырт ағзаларымен амал ету болса, тарихат –жүрекпен, яғни көңілмен амал етудеген сөз, ал хақиқат –жүрек түбінде жатқан сырдың құлпын ашатын кілтті табу»-депті.

Шейхтер мен сопылар шариғат жолын ұстау үшін адамдардың ішкі жан дүниесін тәрбиелеумен айналысу керек. Міне, осындай тәрбиелеу тәсілдерінің бірі – риязат деп аталады. Бұл негізінен адамды түрлі күнәдан арылту, күнәсін мойындату, адамды төзімділікке баулу дегенді білдіреді.

Сопылық өмірдегі ең ұлы соғыс – «жихад»– адамның өз нәпсісіне қарсы жүргізілетін аяусыз, қатыгез майдан. Мұны мужахада деп атайды. Нәпсіге қарсы соғыс – жүректі таза ұстау үшін, әділет жолында жүру үшін, сопы-әулие болу үшін жүргізіледі.

Сопылық дүниетанымда адамгершілік дегеніміздің өзі, ең алдымен, өзін емес, өзгені ойлау, яғни бүкіл қоғамның қамын ойлау, қоғам үшін жанпидалық көрсету дегенді білдіреді.

«Көңіл айнасы» деген еңбектің ғылымға белгілі екі нұсқасы бар. Біріншісі –Швецияның Упсала қаласындағы университет кітапханасының сирек кездесетін кітаптар қорында сақтаулы тұр. Бұл 1833 жылы көшіріліп жазылған.

«Мират –ул Кулубтың» екінші нұсқасы Қаз. ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде сақталып келеді.

А.Йассауи өзінің сопылық дүниетанымын «Пақыр-наме» атты рисаласында мейлінше тереңдете түскен. «Пақыр-наме» рисаласында «тарихат», «марифат», «хақиқаттың» әрқайсысы он-оннан қырық мақамнан тұратындығын айтады.

Әділдік жолына түсу, ақиқатты іздеп табу, адамның рухани өмірінің таза болуы сияқтықұбылыстардыА.Йассауи ислам дінінің шарттары арқылы түсіндіруге әрекет жасайды. Ақын халық мүддесін ескергісі келмеген тәкаппар жандарды әшкерелеп отырады. Халықты ізгі қасиеттерге, адамгершілікке үндейді.

Ақын жырларын зерттеу, тәржіма жасау істері шыңдап қолға алына бастады. Есімдері әлемге мәшһүр Низами, Руми, Сағди, Хафиз, жәми сияқты шайырлар кезінде сопылық ағымның ұтымды сарындарын пайдалана отырып, гуманистік идеяға құрылған ғажайып жыр-дастандар жазғаны мәлім. Түркі тілдердегі сопылық әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі – Ахмет Йассауи хикметтерінің әлеуметтік астары тереңде жатқанын аңғару қиын емес.

Сөйтіп, Ахмет Йассауи – тек дін насихатшысы ғана емес, сонымен бірге ол адам бойындағы ізгі қасиеттерді көкке көтере мадақтаушы, өз оқырмандарын әділ, мейірімді, сабырлы, жомарт, кішіпейіл болуға шақырған ойшыл ақын. Ахмет Йассауи жырлары тек қазақ еліне ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтарға орта мұра екені мәлім. Арада сан ғасырлар өтсе де, өзінің мән-мағынасын кемітпей, қайта уақыт озған сайын қадір-қасиеті арта түскен бұлғажайып хикмет-жырлар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, руғани мұра ретінде өмір сүре беретіні дауыссыз. Ахмет Йассауидің сопылық сарындағы ой-пікірлерін оның оның шәкірттері жалғастырып, кезінде көптеген хикмет-жырлар жазғаны мәлім. Ғұлама ақынның ел ішінде ең танымал болған дарынды шәкірттерінің бірі Сүлеймен Бақырғани еді.

4. «Бақырғани кітабы»

Хакім ата (туған жылы белгісіз – 1186 жылы қайтыс болған) –сопылық-дидактикалық сарындағы әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі, ислам дінінің «жаһрия» (йассауишілік») деп аталатын ағымын қыпшақ даласына уағыздап, таратушы көрнекті діни қайраткер. Болашақ ақын қазіргі Қарақалпақстанға қарасты Қоңырат қаласына жақын жердегі көне қамал-қала Бақырғанда туған. Түркі әлемінің ғылым мен өнер ошақтары – Исфиджаб (Сайрам), Фараб (Отырар), Йассы (Түркістан) шаһараларында ұзақ жылдар оқып, ислам ілімінің аса көрнекті ғұламаларынан дәріс алған.

Кезінде «ұстаздардың ұстазы» атанып, «ұлы шайхы» дәрежесіне жеткен ғұлама-ақын Ахмет Йассауидің ең қабілетті шәкірті, із басары болған.

Бақырғани жасы ұлғайған шағында ел арасында Хакім ата деп аталып кеткен. Ақын мұрасы тек XIX ғасырда ғана қайта жинақталып, Қазан, Ташкент, және Стамбул баспаларынан «Бақырғани кітабы» деген атпен бірнеше рет (1846,1877,1882,1898 ж.ж.)басылып шықты.

«Бақырғани кітабы» - түркі тілдес халықтардың XIX ғасырдан сақталған сопылық- дидактикалық ағымдағы алғашқыәдеби жәдігерліктерінің бірі. Бұл жыр жинағы орта ғасырлық қазақ әдебиетінің де мұрасы болып табылады. Ақынның хикмет –жырлары кезінде қазақ ақын-жыраулары поэзиясында кеңінен тараған ақыл- өсиет айту сарынындағы жыр- толғау үлгісімен үндес болып келеді. «Бақырғани кітабы» негізінен бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімді шартты түрде көңіл күй жырлары деуге болады. Ал екіншісі сопылық идеясын насихаттауға раналған дидактикалық –философиялық хикмет -өлеңдері, үшіншісі – Алланың мадақтауға арналған жырлар («Меърож-наме»), төртіншісі – «Ақыр заман көріністері» дастаны, бесіншісі – «Бибі Мариям» толғауы. «Бақырғани кітабының» басты идеясы – оқырманын ізгілікке, имандылыққа, рухани тазалыққа үндеу. Ақынның айтуынша, әрбір адам рухани тұрғыдан кемелденген дәрежеге жетуі үшін Алланы (Хақты абсолюттік рухты) толық танып-білуі тиіс. Ал бұл биік мақсатқа жетуі үшін адам алдымен Ахмет Йассауи айтқандай, төрт асудан сүрінбей өтуі керек. Олар: шариғат, тариқат, маърифат, хақиқат екенін жоғарыда айттық.

Ақын өз жырларында сопылық идеяның негізгі қағида-шарттарын айта отырып, сонымен бірге адамның қоғамда атқаратын қызметіне гуманистік тұрғыдан түсінік береді. Бақырғани Алла сыйлаған өмірдің ләззатынан безбеуге, махаббат қызығын көруге, ғылым мен өнерді меңгеруге үндейді. Адамды құрметтеу арқылы құдайға құдайға құрмет көрсетуге болатынын зор шабытпен жырлайды. Бақырғани өз хикметтрінің бірінде:

Әрбір адамды көргенде қыдыр деп біл,

Әрбір түнді киелі қадыр деп біл, -

дейді.

Ақын мұнда «қыдыр» сөзін - әрбір үйге бақыт, дәулет әкелетін әулие, ал «қадыр» сөзін – құдайдан көмек тілейтін, қасиетті түн мағынасында айтып отыр.

Ол өзінің «Құл Сүлеймен сөйлейді» деп басталатын өлеңінде ғашықтық сезімін көкке көтере мадақтайды.

Ақын өзінің көңіл күй жырларында адам баласына ғана тән сүйіспеншілік сезімін философиялық тұрғыдан түсіндіруге әрекет жасайды. Адам хаққа (Құдайға) жақындау жолында бірте-бірте кемелдене түседі. Тазарып, жақсара береді.

Міне осындай жан тазалығының бір көрінісі – сүйіспеншілік сезімі. Бұл – адам парасатының ең жоғарғы сатыларында ғана жетіліп, шешек атады. Сол арқылы Алланың құдірет күшін тағы бір танытып өтеді. Адам сүйіспеншілік арқылы жан тазалығына іштей тағзым етеді. Махаббаттың ұлы құдіреті алдында өзінің пенде, құл екенін сезінеді:

Ұлы сезім болмағанда нетер ем.

Бұл жалғаннан мен қамығып өтер ем.

Махаббатсыз жүректе имам жоқ,

Ғашықтық дертінің дауасы жоқ. (225,28)

 

Сүлеймен Бақырғанидің хикмет -өлеңдері бейне бір адам рухы мен адам нәпсісі арасындағы айтыс –тартыс секілді болып келеді:

 

Нәпсім айтты: бұл бес күндік өмірде,

Бәрін істе, не ой келсе көңілге.

Гүлстанның аралап қал бағын да,

Жеміс жинап, пісіп тұрған шағында.

 

Рухым айтты: шарихаттың жолын бақ,

Ілімменен шарихаттың жолын тап.

Таңсәріде оянуды ұғынғын,

Он бесінде жай намазға Жығылып.

 

Бұл айтыс осылайша ұзаққа созылып, ақыры жүгенсіз нәпсіні, адам бойындағы ең асыл қасиет –қанағат сезімі жеңіп шығады.

Сүлймен Бақырғани «Ақыр заман көріністері» атты жыр –толғауында адам, заман, қоғам туралы пәл сапалық ой- пікірлерін айтады. Мұндағы басты идея –заманның жақсы яки жаман болуы адамзаттың моральдік- этикалық іс- әрекетіне, рухани тұрғыдан тазалығына, имандылығына, мұсылман парыздарын мүлтіксіз орындауына, т.б. байланысты деп біледі.

Ақыр заман келгенде нелер болар,

Түрлі-түрлі пәлемге әлем толар.

Ғалымдар шарап ішіп, ойнас жасап,

Абыр-ой атақ – бәрі де босқа қалар.

Білгішсініп ғұламалар шарап ішер,

Арам жеңіп, адалдар отқа түсер.

Бәле жатқан қапшықтың аузын ашып,

Абыр-ой атақ – бәрі де босқа қалар.

Адал жандар араммен бірге болар,

Көрер көзге көп әйел ойнас қылар.

Дін білмейтін бейбақтар сайран салып,

Абыр-ой атақ – бәрі де босқа қалар.

Ақыр заман болғанда ғұламалар азғындар,

Мұсылманның ұл-қызы есалаң боп, қазмырлар

Кеуде қағып, кәпірлер өктем болар,

Абыр-ой атақ – бәрі де босқа қалар.

«Бибі Мариям» -пайғамбарлар, әулие- әмбиелер, әлемнің жаратылысы, т.б. туралы сопылық –дидактикалық мазмұндағы жырлар. Мұнда Ғайса пайғамбар өз анасы Мариям бибімен өмір мен өлім, мейрімділік пен зұлымдылық, жақсылықпен жамандылық жайында әңгімелеседі. Бақырғани оқырман қауымды имандылыққа, ізгілікке, құдайға құлшылық етуге шақырады.

Қорыта айтқанда, Қарахан дәуірі көркем сөз өнерінің ғажайып үлгілері болып табылатын Жүсіп баласағұның «Құтты білік», ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыры», Ахмет йассауидің «Ақыл кітабы» және Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырғани кітабына» талдау жасау арқылы қазақ ақын –жыраулары поэзиясындағы дидактикалық –шешендіктолғаулармен мақал-мәтелдердің қайнар бастаулары ежелгі түркі дәуірінің көркем сөз өнерінде жатқанын айқындадық.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. Жолдасбеков М. Асыл арналар. -А.,1986

2. Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі. Оқулық. -А.1986.

3. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. Оқулық. -А.2005

4. Қазақтың көне тарихы. Зерттеу. -А.,1993

5. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы: Санат, 2006.

 

 




Дата добавления: 2015-02-16; просмотров: 95 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав

<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>
Совершенствование функции мотивации| Общая характеристика элементов VI А группы периодической системы элементов. Кислород и его соединения. Получение и свойства

lektsii.net - Лекции.Нет - 2014-2024 год. (0.039 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав