Читайте также: |
|
Алшабеков А.Б.
Дебиет теориясы» пәнінен
Лекциялар тезисі
Шымкент, 2012
Кіріспе
Қамтылатын мәселелер:
-әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сыны және бұлардың бірлік-байланысы;
-әдебиеттану ғылымының тектология, историография, библиография секілді жанама тараулары;
-әдебиет туралы ғылымның өзге ғылымдармен байланысы;
-қазақ әдебиеттану ғылымы және сынының туу, даму тарихына шолу.
Әдебиет (араб сөзі, қазақша-сөз, үлгілі сөз)-өнердің негізгі түрлерінің бірі, яғни сөз өнері. Сөз-адамның ой-сезімін жеткізудегі бірден-бір күшті құрал. Сөз өнері-өнер атаулының ішіндегі ең құдіреттісі, сондықтанда халқымыз «Өнер алды—қызыл тіл» деп бекер айтпаған.
А.Байтұрсынов өзінің әйгілі «Әдебиет танытқышында» өнердің әр түрлі болатындығын, олардың өзіндік ерекшеліктерін (сәулет өнері-архитектура,, сымбат өнері-скульптура, кескін өнері-живопись, әуез өнері-музыка) айта келіп, әдебиетке: «Нәрсенің жайын, күйін, түрін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері. Бұл-сөз өнері.
….Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадырынша сөз өнері атқара аладаы. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын-сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді»,-деп анықтама береді.
Әдебиеттану-сөз өнерін, тарихи-әдеби процесті, әдебиет дамуының заңдылықтарын, көркем шығармаларды, жазушылардың шығармашылығын зерттейтін ғылым. Әдебиеттану-филология ғылымдарының бір тармағы.
Тіл ғылымы граматика, фонетика, лексикология болып жіктелетіні секілді, әдебиетану да бірнеше салаға бөлінеді: Әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сыны.
Әдебиет тарихы әр халықтың әдебиетін тарихи қалыптасу тұрғысында қарастырып, дәуірге бөліп, әдеби бағыттарды, оған үлес қосқан ірі жазушылар шығармашалығын нақтылы зерттейді.
Әдебиет теориясының негізгі мақсаты-әдебиеттің даму заңдылықтарын, көптеген шығармаларға, әдеби процеске ортақ сипат белгілерді айқындау. Сондықтан әдебиеттің қоғамдық өмірмен байланысын ашатын идеялық, танымдық, ұлттық және интернационалдық сипаттарын, көркем шығарманың құрылыс бітімін, мазмұны мен түрі, тіл ерекшеліктері, әдебиетте қолданылатын көркемдік әдістерді кең тараған жанрларды тағы басқа осындай мәселелерді зертеп білуге көбірек мән беріледі.
Әдебиет сыны көркем шығармаларға талдап баға беру, олардың идеялық мазмұнын, қоғамдық мәнін, басты көркемдік ерекшеліктерін ашып беруді мақсат етеді. Ол өз тұсындағы әдеби процеспен тығыз байланыста болады. Бұрынғы қай дәуірдің әдебиетін алсақ та, ондағы идеялық ізденіс, күрес-тартыс анық танып білу үшін сол кездегі әдебиетке көзқарасты, әдебиет жайлы ұғым-түсініктерді және сол пікірдлердің ақын-жазушыларға қандай талап қойып, қай тұрғыда айтылғанын ескерудің мәні зор.
Әдебиеттану ғылымының жоғарыда аталған жекелеен салалары әрқайсысы өз алдына өрістеп-өркендей отырып, бір-бірімен сабақтас, тығыз байланыста болады. Әдебиет теориясы
әдебиет тарихына сүйеніп дамиды. Өткен замандардағы және бүгінгі әдеби процесті теориялық тұрғыдан қарап тану, түсіндіру—оның басты міндеттерінің бірі. Ал әдебиет тарихы ғылым ретінде ойдағыдай өркендеуі үшін теориялық принциптерді, әдебиет теориясының жетістіктерін пайдалануы шарт. Сондай-ақ, әдебиет теориясы бүгінгі әдеби процесті талдап ғылыми топшылаулар жасау үшін оның әдеби сынмен тығыз байланыста болуы қажет.
Әдебиеттану ғылымының бұлардан басқа текстология, библиография секілді жанама тармақтары да бар.
Библиография:
1. Белгілі бір мәселе немесе автор шығармаларына байланысты әдебиеттердің көрсеткіші;
2. Жарияланған, басылып шыққан басылымдар жөніндегі пікірлер жарық көрген газет, журналдардың бөлігі. Қорыта айтқанда, әр түрлі пәндер бойынша кітаптарға, зерттеулерге анықтама-малұматтар беретін, көмекші құралдар жасайтын жанама ғылым саласы.
3. Текстология-филологияның шыағрма мәтінің анық-қанығын сақталған қолжазбасымен, түпкі нұсқасымен салыстырып тексеретін, жариялайтын саласы.
Текстология дербес ғылым ретінде 1917 жылдан кейін ғана библиографиядан бөлініп шығып, методологиялық тұрғыдан танылады. Белгілі бір көркем шығарманың тарихын анықтау үшін тексеру тәсілдерін қарастырады, түпнұсқаны айқындау мақсатында зерттеп, екшеуден өткізеді, қосымша нұсқаларды, басылымдарды қарайды.
Текстологияның негізгі міндеті—автор мәтінінің нағыз, дәл нұсқасын анықтап, ешбір қоспасыз, қатесіз жариялау.
Историяграфия--әдебиет теориясының, тарихының, сынының тарихи даму туралы дәйектемелер мен деректер, мәлімдемелер жинағы.
Әдебиеттану ғылымының пәні, зерттейтін обьектісі сөз өнері болғандықтан, ол да әдебиетке, өнерге жақын сезіледі. Әдебиет өмірді бейнелеп көрсетсе, әдебиеттану ғылымы соның мәнін, өзшелелеп айқындап көрсетуді мақсат етеді. Яғни, әдебиет ғылымында да ой бейнелілігі мен сезімталдық қажет, ол әдебиеттің қоғамдық-эстетикалық мәнін түсініп-білу қажет. Бұл жағынан алғанда, әдебиет ғылымы сөз өнерінің, жалпы көркем өнердің көп қасиет—жетістіктерін бойына сіңіріп, нәр алып, өркендейді.
Алайда, әдебиеттанудың өз ғылым болғандықтан, ғылыми-логикалық ой-жүйесіне тән жүйелеп талдау, қорытынды-түйін жасау, қисын-байланыстарды көре білу шеберлігі, теориялық ұғым-түсініктерді айқындауға жүйріктік те қажет. Бұл ретте
әдебиеттанудың зерттеу тәсілдері философия, логика, эстетика, психология ғылымдарымен ұштасады.
Ғалым сыры, тіршілік құпиясы, жазмыш жұмбағы-адамзат тарихының қай кезеңінде де болмасын, ақындар мен философтарды бірдей ой азабына салған мәселер
«Философия мен поэзия қарсы біткен екі заңғардың басында тұрғанмен, бір ғана жайт төңірегінде сөз қозғайды»,-деп жазады неміс философы М.Хайдгер. Философиялық шығарма мен қадым заман ақындарының туындыларынан ежелгі дүниетаным іздері байқалса, ол-философия мен поэзия арасындағы мәңгі бірліктің, сарындастықтың айғағы.
Әр адамның көңілінде әсемдік жайындағы өмір тәжірибесінен туған түсініктері болады. Сол түсінік оны үлкен идеяларға жетелеп, әсем сезімге бөлеп, бақытына жол сілтейді. Жүректе асыл, пәк сезімнің ұялауы оған күшті ерік, жігер береді. Ол табиғатты, өмірдегі, өнердегі әсем құбылыстарды тап басып, тани біледі. Ал сол адамдағы асыл ойды, әсем сезімді ғылым арқылы терең ашып түсіндіруге болады. Адамдардың шындықты, өмірді сезіммен танып, өмірді өнер арқылы ашуы-эстетикалық таным деп аталады.
Әдебиеттану ғылымының шеңбер-шегі әдеби процестің дамуына байланысты кеңейіп отырады.
Сондай-ақ әдебиеттану ғылымы қазақ әдебиетіне қоса дүниежүзі әдебиетіне қатысты ірі көркемдік құбылыстарды да талдап, олардың қорытынды түйін жасап, өмірлік қажетімізге жаратып отыруға тиіс.
Бақылау сұрақтары:
1.Әдебиет туралы ғылымның объектісі және оның салалары.
2. Әдебиет тарихы, оның өзіндік ерекшеліктері мен зерттеу обьектісі не?
3.Әдебиет теориясының негізгі мәселелері, әдебиет теориясының зерттелу деңгейі.
4.Әдебиет сыны және оның өзекті мәселелері не?
5.Әдебиеттану ғылымының историография, библиография, текстология секілді жанама тараулары және олардың ерекшеліктері қандай?
6. Әдебиеттану ғылымының басқа ғылымдармен (философия, эстетика, логика, психология, тіл тілі т.б.) байланысы неде?
Дата добавления: 2015-01-29; просмотров: 264 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав |