Студопедия
Главная страница | Контакты | Случайная страница

АвтомобилиАстрономияБиологияГеографияДом и садДругие языкиДругоеИнформатика
ИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеталлургияМеханика
ОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРелигияРиторика
СоциологияСпортСтроительствоТехнологияТуризмФизикаФилософияФинансы
ХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника

ТҮСІНІКТЕМЕ СӨЗДІК

Әкімшілік әдістер – құқықтық инфрақұрылымдарды қамтамасыз етумен байланысты іс-әрекеттерді қамтитын әкімшілік тұтқалардың жиынтығы. Олар тыйым салуға, рұқсат беруге, мәжбүрлеуге бөлінеді.

Атаулы әлеуметтік қолдау – халықтың аз қамтамасыз етілген жіктерінің нақты топтары үшін мемлекет тарапынан жасалатын қолдау.

Бюджет сыныптамасы – мемлекеттің қаржылық органдарының бүкіл бюджет қызметінің негізі болып қаланған бірыңғай белгілері бойынша бюджет кірістері мен шығыстарын жүйелі топтастыру.

Баланстық әдіс – халық шаруашылығы пропорцияларын айқындау кезіндегі мемлекеттік жоспардың тұтастай алғандағы жекелеген бөліктерінің маңызды байланыстарының бірі.

Бюджеттік әдіс – халықтың өмір деңгейіне статистикалық бақылау жүргізілетін үй шаруашылықтары бюджеттерін зерттеуді білдіреді.

Бюджеттік тетік – мемлекеттің ақша қаражатының орталықтандырылған қорын құру және пайдалану формалары мен әдістерінің жиынтығы.

Төрешілдік (бюрократия) – қоғамдық өмірді ұйымдастыруда оның нақты қызметтерінен (функцияларынан) қол үзген, мемлекет құрылымында өзінің өктемдігін ұстап тұруды мақсат еткен, мемлекеттік аппараттың бір бөлігі.

Жалпы мемлекеттік қарыз – сыртқы және ішкі мемлекеттік қарыз схемасы.

Валюталық шектеулер – резиденттердің немесе резидент еместердің мемлекет аумағында және/немесе резидент еместердің шетелде валюталық операцияларды жүзеге асыру кезіндегі құқықтарының әртүрлі нормативтік-бекітілген шектеулері.

Валюталық саясат – бұл валюталық қатынастар және ақша айналымы аясындағы мемлекеттің және орталық банктің жүргізетін, ел экономикасына және ұлттық валютаның сатып алу күшіне әсерін тигізу түпкі мақсаты болып саналатын бүкіл шаралардың жиынтығы, яғни валюталық саясат-мақсат емес экономикалық реформалар құралы.

Валюталық реттеу – мемлекетаралық және өңірлік деңгейлерде жүзеге асырылатын валюталық операцияларды жүргізу тәртібі мен халықаралық есеп айырысуларды мемлекеттік реттеу. Тікелей валюталық реттеу заң актілері мен атқарушы органдардың іс-қимыл жасау жолымен жүзеге асырылады, ал жанама реттеу – экономикалық, атап айтқанда, нарықтың экономикалық агенттерінің мінез-құлқына (тәртібіне) ықпал етудің валюталық-несиелік әдістерін пайдалана отырып жүзеге асырылады.

Валюталық бақылау – заң негізінде арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар немесе өзге органдар жүзеге асыратын, бекітілген нормативтік әкімшілік және ұйымдық шаралар кешені.

Валюта тепе-теңдігі – бұл заң тәртібінде белгіленген, екі валюта арасындағы қатынас. СДР немесе әлемдік тұрақты валюталардың (немесе валюталар мөлшерінің) базасында, валюталар бірлігіндегі алтынның ресми құрамы негізінде белгіленетін қатынас. Валюта тепе-теңдігі валюта бағамын қалыптастыру үшін негіз болып қызмет етеді.

Сыртқы қарыз – бұл шет мемлекеттерге, фирмаларға, ұйымдарға қарыз. Сыртқы үкімет қарызы: халықаралық даму банкіне (ХБ, ЕДҚБ, АДБ және т.б.); шет мемлекеттер үкіметінен; шетел банктерінен, үкіметтің шетелден несиеге тауарлар мен қызметтер көрсетуді сатып алу нәтижесі ретінде алынатын, шетел валютасындағы займдар нәтижесінде туындауы мүмкін.

Сыртқы мемлекеттік инвестициялық саясат – отандық экономикаға шетелдік инвесторлардың, сол сияқты ұлттық инвесторлардың шетелге инвестиция салуы ретінде, шетел инвестицияларының құрылымы мен ауқымдарын белгілеу түрінде мемлекет жүргізетін сыртқы экономикалық саясаттың бір бөлігі. Елдің сыртқы инвестициялық саясаты капиталдың құйылуы мен жылыстауының үстінен бақылау жасауды, оны реттеу мен оған қолдау жасауды қамтиды.

Ішкі инвестициялық саясат – ішкі капитал құйылуы мен жылыстауын реттейді. Инвестициялаудың басым бағыттарын айқындау, отандық инвесторларды көтермелеу, ішкі инвестициялық сұраныстың өсуін қамтамасыз ету, институционалды инвесторлардың тиімді бәсекеге қабілетті нарығын қалыптастыру, сақтық жинақтарын инвестицияларға айналдыруды трансформациялауды қамтамасыз ету оның негізгі мақсаты болып саналады.

Ішкі қарыз – бұл өз елінің азаматтарына үкіметтің қарызы.

Автоматты тұрақтандырғыш (стабилизатор) - үкіметтің экономикалық саясатын жиі өзгертуді болдырмай-ақ, экономиканың циклдік ауытқуының амплитудасын төмендетуге мүмкіндік беретін, экономикалық тетік. Салық салудың прогрессивтік жүйесі, мемлекеттік трансферттер жүйесі, пайдаларға қатысу жүйесі осындай тұрақтандырғыштар болып қатысады.

Қарызды құнын өтеп сатып алу – қарыз (борышкер) елге өзінің қарыз міндеттемелерін бағалы қағаздардың қайталама нарығында құнын өтеп сатып алуға мүмкіндік беру.

Мемлекеттік қарыз – бюджеттік операциялардың өзіндік өлшемін білдіреді, бірақ та, олардан өзгешелігі, ақша қаражатының ағындарын емес, қорларын өлшейді. Мемлекеттік қарыз өткен уақыттағы бюджеттік операциялар нәтижесінде жұмылдырылған, болашақта ол бюджет есебінен жабылуы тиіс, сыртқы әлем мен қалған экономика алдындағы үкіметтің тікелей міндеттемелерінің жиынтығы.

Мемлекеттік бюджет - мемлекеттің ақша қаражатының орталықтандырылған қорын құру және ұдайы өндірісті кеңейту мен қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсаттарына оны пайдалану жолымен қоғамдық өнімнің құнын бөлу және қайта бөлу процесіндегі мемлекет пен қоғамдық өндірістің өзге қатысушылары арасында туындайтын ақша қатынастарын білдіреді.

Генетикалық әдіс – экономикалық жүйенің осы үлгісінің пайда болуын, оның өзге неғұрлым прогрессивті үлгісіне тарихи тұрғыда көшуін зерделеумен байланысты.

Әлеуметтік мағынасындағы мемлекеттік реттеу – бұл ұлттық шаруашылық субьектілеріне саяси құрылымдардың ықпал етуі.

Мемлекеттік жәрдемақы - әлеуметтік қорғауға жататын қолайсыз мән-жағдайлар болған жағдайда бүкіл азаматтарға төленетін әлеуметтік трансферттер.

Мемлекеттік өнеркәсіп саясаты – жекелеген индустриалды өндірістерді немесе олардың топтарын жаңарту (модернизациялау) құралы емес, бұл өзге, салалық немесе корпоративтік тәсілдердің басты белгілері, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін индустриалды кешеннің және тұтастай түрде материалдық өндірістің динамикасын басқару жөніндегі заңнамалық, әкімшілік, қаржылық-экономикалық мемлекеттік шешімдердің, шаралар мен іс-қимылдардың тұтас жүйесі.

Экономиканың мемлекеттік секторы – тұтастай немесе ішінара орталық және жергілікті мемлекеттік билік органдарына жататын шаруашылық обьектілерінің кешенін білдіреді.

Қос валюта нарығы – белгіленген және өзгермелі валюта бағамдарының тәртібі (режимі) арасындағы аралық орынды иеленетін валюта саясатының формасы. Валюта нарығының екі бөлікке бөлінуі оның мәні болып табылады: коммерциялық операциялар мен қызмет көрсетулер бойынша ресми валюта бағамы қолданылады, ал коммерциялық мәмілелер бойынша төмен көрсетіліп белгіленген бағам тауарлар мен қызмет көрсетулер экспортын қолдау және төлем балансын теңестіру үшін пайдаланылады; ал қаржылық операциялар бойынша – нарықтық бағам қолданылады. Қос валюта резервтерінің кейбір үнемделуін қамтамасыз етеді, өйткені валюталық өктемдік жүргізулерге деген қажеттілік бәсеңдейді.

Девиздік валюта саясаты – мемлекеттік органдардың шетел валюталарын (дивиздерін) сатып алу-сату жолымен ұлттық валюта бағамына ықпал ету әдісі. Ұлттық валютаның бағамын көтеру мақсатында – оны сатады, ал бағамды төмендету үшін – шетел валютасын сатып алады. Девиздік саясат валюталық өктемдік жүргізу, яғни шетел валютасын сатып алу-сату жолымен шетел валютасының бағамына ықпал ету мақсатымен Орталық Банктің валюта нарығындағы операцияларға араласу жолымен жүзеге асырылады.

Нұсқаулық (директивалық) жоспарлау – заңдық күші бар, жоспарларды әзірлеу процесі мен олардың атқарылуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін білдіреді. Олар атаулы сипатқа ие, бүкіл атқарушылар үшін міндетті, ал лауазымды тұлғалар олардың атқарылуына жауап береді.

Дирижизм – экономикалық шешімдер қабылдауда ортақ мүддеге кепіл ретінде мемлекетке жетекші рөл беретін экономикалық саясат.

Дисконттық валюталық саясат – валюта бағамы мен төлем балансын реттеуге бағытталған орталық банктің есептік ставкаларын (мөлшерлемелерін) өзгерту. Валюта саясатының осы түрін жүзеге асыру үшін банктер: қысқа мерзімді капиталдардың қозғалысына; ішкі несиелердің динамикасына; ақша массасының динамикасына; жиынтық төлем сұранысының мөлшеріне ықпал етеді.

Ақша-несие саясаты – несие мен ақша айналымының жағдайына жоспарлы түрде ықпал ету жолымен жиынтық сұранысты реттеу мақсатында Орталық Банк қабылдайтын өзара байланысты шаралар кешенін білдіреді. Қатаң ақша-несие саясаты ақша-несие саясаты құралдарының көмегімен ақша массасын белгілі бір деңгейде ұстап тұруға бағытталған ақша-несие саясаты. Икемді ақша несие саясаты – пайыздық ставкаларды (мөлшерлемелерді) белгілі бір деңгейде ұстап тұруға бағытталған ақша-несие саясаты. Инфляциялық тергеттеу – инфляция индексін белгілі бір деңгейде ұстап тұруға бағытталған ақша-несие саясаты. Ақша-несие өктемдігін жүргізу – елдегі ақша массасын ұлғайтуға бағытталған ақша-несие саясаты.

Ақша-несие рестрикциясы – елдегі ақша массасын азайтуға бағытталған ақша-несие саясаты.

Децилді коэффициент – неғұрлым көбірек табыс табатын азаматтардың 10%-ның орташа кірістері мен одан аздау қамтамасыз етілген азаматтардың 10%-ның орташа кірістері арасындағы қатынасты білдіреді.

Дискрециялық немесе белсенді (активті) фискалдық саясат – жұмыспен қамту деңгейін, өндіріс көлемін, инфляция қарқынын және төлем балансының жағдайын өзгертуге бағытталған үкіметтің арнайы шешімдерінің нәтижесінде мемлекеттік шығыстардың көлемін, салықтарды және мемлекеттік бюджет сальдосын мақсатты бағытталған түрде өзгерту.

Құрылымдық түзетулер жасаудың ұзақ мерзімді бағдарламасы – ұзақтығы 3-4 жылға арналған, әдетте жекешелендіру, демонополизациялау, экономиканы реттеу тетіктерін өзгертуді қамтитын, экономикадағы терең құрылымдық сәйкессіздіктерді түзеуге бағытталған бағдарлама.

Орналастырылғанға дейін – АҚШ-та неғұрлым көбірек таралған, мемлекеттік бағалы қағаздар эмиссиясының стандартты әдісі. Мәселен, 90-шы жылдары АҚШ-та 10 жылдық ноттарды және 30 жылдық облигацияларды сату бойынша аукциондардың 20%-ы орналастырғанға дейінгі болып саналды. Орналастырғанға дейінгінің экономикалық мәні мынада: ескі қарызға бұрынғы сипаттарымен жаңа қарызды қосады; тиімді жорамалдарды арттырады, бұл сауданы ұлғайтады және өтімділікті арттырады.

Кіріс – белгілі бір уақыт аралығында үй шаруашылықтары алатын немесе өндірілген және жеке тұтыну үшін қызметтер көрсету мен игіліктерге ие болуға арналған ақша қаражаты мен материалдық игіліктер сомасы.

Халықтың өмір деңгейі – халықтың материалдық тұтыну деңгейін сипаттайтын көрсеткіштердің жиынтығы, мысалы, халықтың жан басына шаққандағы өнімдерді тұтынуы, бір отбасына немесе 100 отбасына есептегендегі осы өнімдермен қамтамасыз етушілік, тұтыну құрылымы.

Оукен Заңы: циклдік жұмыссыздық 1%-ға ұлғаятын болса, онда нақты ҰЖӨ әлеуетті өнімнен -%-ға артта қалады.

Осыған дейінгі қарыз міндеттемелерін жаңа міндеттемелермен (ұлттық немесе шетел валютасында) алмастыру. Бұл ретте жаңа бағалы қағаздар бойынша пайыз ставкасы (мөлшерлемесі), облигациялардың номинал құнын сақтау жағдайында ескілерден төмен болуы мүмкін.

Индикативті жоспарлау – бұл экономиканың жұмыс істеуіне ықпал етудің негізгі әдісі, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын жүзеге асыру құралы. Ол мемлекеттік экономикалық саясатқа сәйкес келетіндей, экономиканың жағдайы мен дамуын сипаттайтын параметрлер жүйесін қалыптастыру процесін білдіреді.

Институционалды әдістер – ұйымдық-ресімделген іс-қимылдар жүйесі. Бұл іс-қимылдар ұзақ уақыт өмір сүруші құбылыстармен байланысты, мысалы, «құқық институты», «меншік институты».

Құралдар (инструменттер) – яки үкіметтің билігінде тікелей болатын, яки ол жанама ықпал етуі мүмкін экономикалық тұтқалардың жиыны.

Болжамдаудың интуитивті әдістері – күрделі проблемаларды шешу үшін пайдаланылады, ақпараттық қамтамасыз етушілікке қатыссыз, болашақтағы обьектінің жағдайына болжамдық баға алуға мүмкіндік береді.

Инфляция – ақшаның сатып алу қабілетінің төмен түсу процесі.

Басы артық (избыточные) резервтер – міндетті резервтерден артық резервтердің кейбір сомалары, мысалы, алдын-ала болжап білуге болмайтын жағдайлар, өтімді құралдарға қажеттіліктің ұлғаюы алдын-ала болжап білуге болмайтын жағдайлары үшін.

Инвестициялар – бұл кіріс алу мақсатымен, материалдық және материалдық емес активтерді өндіру (ұдайы өндіру) процесінде оның физикалық (материалдық-заттық) және ақшалай формаларында тікелей және орталықтандырылған түрде капитал жұмсау.

Инвестициялық ахуал – экономикалық, саяси, әлеуметтік, ұйымдық-құқықтық, әлеуметік-мәдени, географиялық, сыртқы және өзге факторлардың жиынтығы.

Инвестициялық процесс – инвестициялық құралдарды ұстап тұруға, ұлғайтуға және қалпына келтіруге бағытталған экономикалық қатынастардың жиынтығы. Инвестициялық ресурстардың материалдық байлыққа және қоғамдық игілікке айналуы инвестициялық процестің экономикалық мәні болып табылады. Инвестициялау процесін «инвестициялық ресурстар - өндіріс факторлары – инвестициялық қызмет өнімі» схемасы түрінде сипаттауға болады.

Адам дамуының индексі (АДИ) – адам әлеуеті дамуының үш негізгі компоненттерінің деңгейін бірдей салмақпен өлшейді: өмір жасының ұзақтығы мен денсаулық және халықтың жан басына шаққандағы нақты ІЖӨ-мен. Бірінші компонент өмір жасының ұзақтығын 85 жылға жақындату дәрежесімен (85 жасқа дейін өмір сүру 1 индексімен бағаланады, 25 жыл өмір жасының ұзақтығы 0 индексімен бағаланады). Екінші компонент 2/3 салмақпен (өлшеммен) алынған, халықтың сауаттылық көрсеткішімен және 1/3 өлшеммен алынған, 25 жасқа дейінгілерді қоса алғанда бастауыш, орта оқу орындарында, одан жоғары білім беру сатысында оқитындардың жиынтық коэфициент көрсеткішімен бағаланады. Осы көрсеткіштердің 100% ең жоғары ықтимал мәні 1 индексін береді, ал ең төменгі ықтимал мәні - 0%. Үшінші компонент салыстыру базасы үшін қабылданған кейбір шекті шамаға халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ қатынасымен айқындалады. БҰҰ даму бағдарламасы (БҰҰДБ) методологиясына сәйкес, адам дамуы индексі (АДИ) 0,8-ге тең елдер адам әлеуетінің дамуы жоғары деңгейдегі мемлекеттерге жатады; 0,5-тен 0,8-ге дейін орта; 0,5-тен төмен – деңгейі төмен елдер болып саналады.

Мемлекеттің инвестициялық стратегиясы – шектеулі инвестициялық ресурстарды жұмсау жолымен дәйекті жүзеге асыру белгілі бір мерзімге алдыға қойған мақсаттарға жетуді қамтамасыз ететін, ірі ауқымды шешімдер мен белгіленген қызмет бағыттарының жүйесі.

Инвестициялық тактика – инвестициялық стратегияның қандай да бір нақты кезеңіндегі мақсаттарға жетуге және міндеттерді шешуге бағытталған экономикалық саяси қызмет формалары тәсілдерінің, әдістерінің жиынтығы.

Капиталды көп жұмсамайтын техникалық прогресс – капиталды және еңбекті, ең алдымен капиталды пайдаланудың тиімділігін арттыратын процесс.

Өмір сапасы – жеке адамдардың әлеуметтік өзін-өзі сезінуіне, халықтың әл ауқатына түбегейлі әсерін тигізетін, экономикалық-әлеуметтік, табиғи экологиялық және адамның өмірлік қызметінің өзге де белгілі бір жағдайларын үйлестіретін күрделі және шегі кең категория.

Джини Коэффициенті халықтың топтары арасында жиынтық кірісті бөлуді сипаттайды. 1912 жылы оны бірінші болып енгізген итальян статистигінің атымен аталған. Джини коэффициенті агрегатталған көрсеткішті білдіреді және 0-ден (абсолюттік теңдік) 1-ге дейін (абсолютті теңсіздік) өзгеруі мүмкін. Нақтысында кірістердің бөлінуі аз түрде біркелкі болатын елдер үшін Джини коэффициенті 0,50-ден 0,70-ке дейін ауытқиды, ал кірістері оларға қатысты біркелкі бөлінетін елдерде – 0,20-дан 0,35-ке дейін ауытқиды. Бұл коэффициент неғұрлым үлкен болса, теңсіздік те соғұрлым күшті болады, яғни кірістер деңгейі бойынша қоғамды белдеулерге бөлу (поляризациялау) дәрежесі жоғары болса, бұл коэффициент соғұрлым 1-ге жақын. Қоғамдағы кірістерді теңестіру кезінде бұл көрсеткіштер нөлге жақындайды.

Лаг – бейімделуге қажетті уақыт аралығы; экономика мен саясат аралығындағы күрделі байланыстарды білдіретін көп немесе аз уақытқа созылған кезеңдер. Саяси лагтар проблемасы көп өлшемді. Оған «лагты анықтау» қауіптілік (дағдарыс, коньюнктураның қызып кету және т.б.) симптомдарының пайда болуы және оларды саяси органдардың анықтауы арасындағы уақыт; оны анықтау мен шешім қабылдау; шешім қабылдау мен іс-қимыл аралығы. Содан кейін екінші акт – оған әлеуметтік ортаның бейімделуі, қоғамдық келісім дәрежесі басталады.

Лоббизим – бұл саяси мағынаға және құқықтық негіздеуге ие және демократиялық саяси жүйенің интегралды элементі болып саналатын жоғары білікті қызмет.

Лобби, лоббизм – бұл мемлекеттік органдардың заң шығару және әкімшілік қызметіне ұйымдасқан түрде ықпал ету жолымен азаматтардың әртүрлі топтарының мүдделерін жүзеге асыру жүйесі мен тәжірибесі.

Лоббистер – кәсіби негізде ұйымдасқан және саясаткерлер мен шенеуніктер арқылы түбегейлі саяси және орталанған түрде ықпал етуге ие, жаңа саяси институт.

Макроэкономикалық түзету жасау – ашық экономика заңдарының автоматты қолданылуы, сол сияқты белгілі бір экономикалық саясатты мақсатты бағытталған түрде жүзеге асыру нәтижесінде сыртқы және ішкі жағдайлардың өзгеруіне экономиканың бейімделу процесі.

Макроэкономикалық бағдарламалау - өмір сүруші экономикалық жағдайлардың, алдыға қойған экономикалық мақсаттар мен оларға жету құралдарының жиынтығы.

Болжам жасау әдістері – ретроспективалық мәліметтерді, экзогенді және эндогенді өзгермелі мәліметтерді талдау, сондай-ақ қарастырылып отырған құбылыс шеңберінде өзгерістерді есепке алу негізінде, оның болашақ дамуына қатысты белгілі бір дәрежеде пайым жасауға мүмкіндік беретін, ойлау амалдары мен тәсілдерінің жиынтығы.

Экстрополяция әдістері – құбылыстың бір бөлігінің үстінен оның өзге бөлігіне бақылау жасаудан алынған қорытындыларды (тұжырымдарды) қолданудан тұратын, ғылыми зерттеу әдістері.

Ең төменгі тұтыну деңгейі – оны кеміту тұтынушыны өзінің өмір сүру қалыпты жағдайларын қамтамасыз ету шегіне қоятын, тұтыну жиыны.

Салықтар – бұл бюджетке түсетін жеке және заңды тұлғалардың міндетті төлемдері. Салық салу – кірістер мен мемлекеттік қаражатты толықтыру көздерін реттеу тәсілі. Салықтар сыныптамасы. Салықтар алу тәсілдері бойынша тікелей және жанама салықтар болып бөлінеді. Тікелей салықтар кіріс алушылардан немесе мүліктен тікелей алынады. Жанама салықтар тауар бағасына қосылады және тауарды сату кезінде алынады. Анықтау тәсілі бойынша салықтар пропорционал, прогрессивті және регрессивті болып бөлінеді. Пропорционал салықта – салық мөлшерлемесі (ставкасы) кірістердің мөлшеріне қатыссыз өзгеріссіз қалады. Прогрессивті салықта – салық мөлшерлемесі (ставкасы) кірістің ұлғаюына қарай өседі. Регрессивті салықта – салық мөлшерлемесі (ставкасы) кірістің ұлғаюына қарай төмендейді. Бюджет деңгейі бойынша – жалпы мемлекеттік және жергілікті болып бөлінеді. Пайдалану тәртібі бойынша – жалпы және мақсатты. Жалпы салық бірыңғай қазынаға түседі. Мақсатты салық – белгілі бір мақсатқа пайдаланылады.

Ұлттық немесе мемлекеттік инвестициялық саясат – бұл шектеулі инвестициялық ресурстарды өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну себебі бойынша мемлекет пен шаруашылық субьектілері арасындағы өндірістік қатынастардың жиынтығы.

 

Ұлттық болжам жасау экономиканы дамыту бағыттары туралы ғылыми-негізделген түсініктер жүйесін қалыптастыруды білдіреді. Оның мазмұны оңтайлы шешім қабылдау үшін ықтимал нұсқалар спектрін айқындаумен байланысты.

Бейтарап техникалық прогресс – еңбек өнімділігі мен капиталдың бірдей артуын қамтамасыз ететін процесс.

Норматив – бұл ресурсты пайдалануды немесе өлшем бірлігіне оның үлестік шығысының дәрежесін сипаттайтын, элементтер бойынша оның басты бөліктерінің нормалары.

Ұлттық тәртіп (режим) шетелдік және отандық инвесторларға бірдей қызмет жағдайын беруді болжайды. Бұл тәртіп (режим) бірдей бәсекелестік артықшылықтарды қамтамасыз етуге ұмтылады. Бірақ та, нақты әлемдік тәжірибеде 100% ұлттық тәртіп (режим) мысалдары бізге белгісіз, яғни белгілі бір ерекшеліктерді болжамайтын тәртіп (режим) бізге беймәлім. Мексика заңдары бойынша, мысалы, стратегиялық салалар – мұнай өндіру, мұнай химия индустриясы, атом қуатын, радиоактивті материалдар өндіру, пошта, радио, телеграф, ақша банкноттарын шығару, монеталар өндірісі, порттар, әуежайлар, оның ішінде тікұшақтар қызметіне бақылау және басшылық жасау ұлттық тәртіптегі (режимдегі) ерекшеліктерге кіреді.

Дискрециялық емес фискалдық саясат – жиынтық кірістің циклдік ауытқуы нәтижесінде мемлекеттік шығыстар көлемінің, салықтар мен мемлекеттік бюджет сальдосының автоматты түрде өзгеруі. Дискрециялық емес фискалдық саясат ҰЖӨ-нің өсу (азаю) кезеңдерінде мемлекеттік бюджетке түсетін таза салық түсімдерінің автоматты түрде ұлғаюын болжайды, бұл экономикаға тұрақтандырушылық әсерін тигізеді.

Номинал кіріс – белгілі бір уақыт ішінде алынатын ақшалай кірістер сомасы, ол баға динамикасын ескереді.

Міндетті резервтер нормалары – депозиттер көлемінен пайыздармен белгіленеді. Олар салымдардың түрлеріне қатысты көлемі (мөлшері) бойынша ажыратылады.

Экономикалық саясат обьектісі – ұлттық мемлекеттік шекаралар шеңберіндегі экономикалық жүйе.

Міндетті резервтер – бұл комерциялық банктер елдің орталық банкінде пайызсыз салымдар түрінде сақтауы тиіс депозиттер сомасының бір бөлігі.

Ашық нарықтағы операциялар – бұл ақшаны реттеу құралы Орталық Банктің мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу-сатуын болжайды.

Сыртқы қарыздың салыстырмалы параметрлері сыртқы қарызды төлеумен байланысты әлеуетті қауіп-қатерлердің (тәуекелдердің) индикаторы болып қызмет етеді және елдің төлем қабілеттілігі мен өтімділігін бағалайды, осылайша сыртқы қарызды басқару бойынша ақылға қонымды саясат жүргізуге мүмкіндік береді.

Зерттеу пәні (предметі) - әлеуметтік-экономикалық ақпараттарды жүйелеу, талдау және бағалау тәсілдері және осы негізде экономикалық саяси шешімдер қабылдау; әлемдік экономикалық теория мен мемлекеттік реттеу тәжірибесімен тұжырымдалған экономикалық саясаттың әдістері мен құралдары, сондай-ақ оларды жүзеге асыру тәсілдері.

Тұрақтандырушы бағдарлама – экономиканың терең құрылымдық проблемаларымен байланысты емес баланстардың бұзылуын бір реттік түзету жасауға бағытталған, 1-1,5 жылға созылатын бағдарлама.

Ағымдағы бағдарлама – елдің макроэкономикалық дамуын орта мерзімді жоспарлау немесе болжам жасау бағдарламасы.

Қоғамдық таңдау теориясы – экономиканың және экономикалық саясаттың саяси, құқықтық, психологиялық факторлармен өзара байланысын қарастырады және осымен байланысты мемлекеттік аппаратқа оның сапасы мен қызметіне үлкен назар аударады. Қоғамдық таңдау теориясы, үкіметтің әртүрлі жағдайларда үкімет не істеуі тиіс екенін ескертуге талпыныс жасаудан гөрі іс жүзінде не атқаратынын және атқаруға ұмтылатынын түсіндіруге ұмтылыс жасайды.

Сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі – олардың әрбірінің сатып алу қабілетін теңестіретін валюталардың айырбастау бағамының деңгейі.

Жоспар – дәл белгілі бір мақсаттардың қойылысын және зерттелетін обьектінің егжей-тегжейлі оқиғаларын топшылауды білдіреді. Оның басты белгісі – көрсеткіштердің нақтылығы, уақыт және саны бойынша олардың белгілігі.

Әлеуетті өсу – экономика өсуі тиіс жылдамдық.

Жекешелендіру – бұл мемлекеттік меншік нысандарының жекеменшікке өтуі.

Экономиканың дамуын болжау – сандық және сапалық тұрғыдан көрсетілген және ұлттық экономиканың даму болашақ параметрлері туралы түсінік беретін, дәлелді жорамалдар кешені.

Бағдарламалық-мақсатты әдіс – бұл ірі проблемалардың жоспарлы шешімдер жүйесін қалыптастыру тәсілі. Әлеуметтік, экономикалық және ғылыми-техникалық дамудың негізгі мақсаттарын таңдау, ресурстармен теңдестірілімді қамтамасыз ету жағдайында белгіленген мерзімдерде оған жетудің өзара байланыстырылған іс-шараларын әзірлеу оның мәні болып табылады.

Шетел инвестицияларын көтермелеу (ынталандыру) саясаты – мүмкіндігінше инвестициялардың неғұрлым көбірек көлемін тартуға бағытталған, яғни мұнда оның сапалық жағы емес, саны көбірек маңызды.

Капиталдың құйылуын бақылау саясаты – отандық экономиканы капиталдардың әлемдік нарығының тұрақсыздығы мен сілкіністерден қорғауға бағытталған. Елден капиталдың «қашуына» жол бермеу капиталдың жылыстауын бақылау саясатының негізгі мақсаты болып саналады.

Азық-түлік қауіпсіздігі – бүкіл адамдар және кез келген уақытта өзінің диеталық қажеттіліктерін және белсенді, салауатты өмір салты үшін оған дәмдік артықшылықтар беруін қанағаттандыру үшін саны жеткілікті қауіпсіз және жұғымды (нәрлі) тамаққа деген физикалық және экономикалық қол жетімді болған кезде өмір сүреді. Бүкіл дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Рим декларациясында «өмір сүруге негізгі құқық пен тепе-тең тамақтану құқына сәйкес әрбір адамның денсаулыққа қауіпсіз және толыққанды тамақ өнімдеріне қол жетімді болу құқығын» кез келген ұлттық мемлекеттің қамтамасыз ету міндеттілігі туралы сөз болып отыр.

Протекционизм – сауда саясатының тарифтік және тарифтік емес құралдарын пайдалану жолымен ішкі нарықты шетелдік бәсекелестерден қорғаудың мемлекеттік саясаты. Протекционистік үрдістерді дамыту протекционизмнің бірнеше формаларын бөліп көрсетуге мүмкіндік береді: селективті протекционизм – жекелеген елдерге немесе жекелеген тауарларға бағытталған; салалық протекционизм – белгілі бір салаларды, ең алдымен ауылшаруашылығын қорғайды.

Кірістер саясаты – жеке ақшалай кірістерге (жұмыскерлердің жалақысына) және тауарлар мен қызмет көрсетулер бағаларына және сол арқылы жеке нақты кірістерге ықпал етудің үкіметтік саясаты.

«Тұтыну себеті» - тұтынудың белгілі бір деңгейін қамтамасыз ететін игіліктер мен қызмет көрсетулердің жиыны. «Тұтыну себеті» құнының өзгеруі халықтың кірісін қалыптастыру саясатын жүргізу үшін негіз болып қызмет етеді.

Принциптің ортақтығы бюджет жүйесін ұйымдық-экономикалық орталықтандыру дәрежесін білдіреді. Орталық мемлекетте бірыңғай (ортақ) бюджет жүйесінің мемлекеттік кірістердің, шығыстардың, қаржылық құжаттардың бюджеттік сыныптаманың бірыңғай (ортақ) жүйесінің қолданылатынын білдіреді. Мемлекет тарапынан бюджет қаражатының қозғалысына тиімді бақылау белгілеу ортақтық (бірыңғайлық) принципінің міндеттері болып саналады.

Толықтық принципі үкіметтің барлық қаржылық операцияларының, барлық жиналатын кірістердің және жұмсалатын шығыстардың бюджетте шоғырлануын білдіреді.

Шынайылық принципі мемлекеттің қаржылық операцияларының бюджетте шынайы көрсетілуін, бекітілген сомалардың өз мақсаты бойынша бюджеттік атқарылуына сәйкестігін көздейді.

Жариялылық принципі бюджеттің кірістері мен шығыстары туралы мәліметтерді тапшылық (дифицит) мөлшерімен және оны жабу тәсілдерімен бұқаралық ақпарат құралдарында БАҚ) жариялау талабын білдіреді.

Болжам – есептеу мен тарихи және ағымдағы ақпараттарды талдау негізінде болашақтағы экономикалық үрдістерді топшылау.

Мемлекеттік көмек бағдарламалары – бұл өзінің өмірін қамтамасыз ету үшін табыс табуға қабілетсіз және сақтандыру жарналарын төлеу мүмкіндіктеріне ие емес (мүгедектер және ата-аналарының асырауындағы балалар) тұлғаларға жәрдемақы төлеу бағдарламалары; білім және медициналық көмек алу мүмкіндігі. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерінен қаржыландырылады.

Иелік ететін кіріс – жеке тұтынуға және жеке салым жасауға жұмсалатын шығыстар үшін пайдаланылуы мүмкін; жеке кіріс жеке салықтарды шегергендегі кіріс.

Нақты кіріс – жеке тұлға немесе тұлғалар тобы белгілі бір кезең ішінде өзінің номинал кірісіне сатып алуы мүмкін тауарлар мен қызмет көрсетулердің саны; баға деңгейінің өзгеруіне түзетілген номинал кіріс.

Тұтынудың рационалды деңгейі – жеке адам (индивид) үшін неғұрлым қолайлы тұтыну саны мен құрылымы. Тұтынудың ең төменгі деңгейі «кедейлік шегін» анықтайды. «Кедейлік шегінде» өмір сүретін халықтың үлесі аталған елдегі өмір деңгейін сипаттайтын аса маңызды көрсеткіштердің бірі болып саналады. Осы көрсеткішті төмендету, кедейшілікпен күрес - әлеуметтік саясаттың басты міндеттерінің бірі болып саналады.

Қарызды қайта құрылымдау (қайта ресімдеу) қарыз (борышкер) елдің экономикалық жағдайына және кредитор елдің талаптарына: қарызды ішінара жою; қарыз міндеттемелерінің мерзімдерін одан әрі созу; қызмет көрсету бойынша пайыз мөлшерлемесін(ставкасын) төмендетуге қатысты әртүрлі схемалар базасы шеңберлерінде жүзеге асырылады.

Нақты валюта бағамы – екі елде шығарылған тауарлардың салыстырмалы бағасы. Нақты валюта бағамы, бір елдің тауарлары екінші бір елдің тауарына айырбасқа сатылуы мүмкін арақатынас. Нақты валюта бағамы кейде сауда шарты ретінде айқындалады.

Көбірек қолайлы жағдай жасау тәртібі (режимі) – капиталдың реципиент-елі бір мемлекеттің инвесторларына өзге инвесторларға қарағанда одан аз емес қолайлы жағдай жасау. Яғни барлық шетел инвесторларына бірдей бәсекелестік артықшылықтар жасау оның мәні болып саналады.

Әлеуметтік әділеттіліктің роулсиандық принципі – неғұрлым аз қамтамасыз етілген тұлғалардың пайдалылығы арттырылады.

 

Әлеуметтік әділеттіліктің нарықтық принципі - әділеттілікті нарық орнатады.

Ауыздықтаушы (фискалдық рестрикция) саясат – бюджет шығыстарын шектеу (бюджет тапшылығын азайту немесе оны толық жою), салықтарды ұлғайту немесе осы шараларды аралас жүзеге асыру жолымен экономиканың циклдік құлдырауын (басылуын) шектеу. Қысқа мерзімді перспективада бұл жұмыссыздықтың өсу және өндірістің құлдырауымен (басылуымен) сұраныс инфляциясын төмендетуге мүмкіндік береді.

Сеньораж – ақша басып шығарудан алатын мемлекет кірісі. Сенвораж нақтылы ҰЖӨ-нің өсу қарқынынан ақша массасының өсу қарқынының асып кетуінен туындайды, бұл бағаның орташа деңгейінің көтерілуіне әкеледі.

Жасырын бюджет тапшылығы – Орталық Банктің квазифискалдық (квазибюджеттік) қызметімен, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар мен коммерциялық банктердің қызметімен байланысты тапшылық. Квазифискалдық операциялардың қатарына мыналар жатады:

а) мемлекеттік кәсіпорындардың артық-жұмыспен қамтуды қаржыландыруы және банк ссудалары есебінен немесе өзара қарыздарды жинақтау жолымен жалақы мөлшерлемелерін (ставкаларын) нарықтық мөлшерлерден жоғары төлеуі;

б) экономикалық реформалардың бастапқы сатыларында Орталық Банктен бөлініп шыққан коммерциялық банктерде жұмыс істемейтін ссудалардың (мемлекеттік кәсіпорындардың кешіктірілген қарыз міндеттемелерінің, үй шаруашылықтарына, фирмаларға және т.б. жеңілдік несиелердің) үлкен портфелінің жинақталуы. Бұл несиелер, негізінен, Орталық Банктің жеңілдік несиелерінің есебінен төленеді, әрі өтпелі экономикадағы «жаман қарыздар» («плохих долгов») портфелдерінің көлемі аса елеулі;

в) Орталық Банктің (өтпелі экономикада) үкіметке пайызсыз және жеңілдікпен несиелер беру (бидай, күріш, кофе және т.б. сатып алуға және т.б.) және жұмыс істемейтін ссаудаларға қызмет көрсетуге коммерциялық банктерге қайта қаржыландыру несиелерін беру валюталарының айырбас бағамын тұрақтандыру жөніндегі шаралардан келген шығындарды қаржыландыру, сондай-ақ Орталық Банктің ауылшаруашылық, өнеркәсіп және тұрғын үй бағдарламаларын жеңілдік мөлшерлемелер (ставкалар) бойынша қаржыландыруы және т.б.

Ынталандырушы (көтермелеуші) (фискалдық өктемдік жүргізу) саясат – экономиканың циклдік құлдырауын (басылуын) жою және мемлекеттік шығыстардың ұлғаюын, салықтардың азаюын немесе осы шаралардың аралас қолданылуын болжайды. Ұзақ мерзімді кезеңде салықтарды төмендету саясаты бюджет әлеуетінің өсуіне әкелуі мүмкін.

Сыртқы қарызды (берешекті) басқару стратегиясы – экономикалық, саяси шаралардың, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың жиынтығы. Елдегі саяси тұрақтылықты және сыртқы кредиторлармен жақсы қатынастарды ұстап тұру саяси шаралардың мәні болып саналады. Әлеуметтік шаралар - әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Экономикалық шаралардың қатарына: қарызды құнын өтеп сатып алуды; акционерлік капиталға қарызды айырбастауды; осыған дейінгі қарыз міндеттемелерін жаңа міндеттемелермен алмастыруды; қарызды қайта құрылымдауды жатқызуға болады.

Құрылымдық тапшылық – бұл экономиканы дамытуға ірі мемлекеттік салымдарды жүзеге асыру қажеттілігі салдарынан немесе төтенше мән-жағдайлар (лаңкестерге қарсы операциялар жүргізу, табиғат аппаттарын немесе өзге де төтенше жағдайларды жою) нәтижесінде туындайтын бюджет тапшылығы.

Мемлекеттің әлеуметтік саясаты - әлеуметтік процестерді реттеу және қажетті нәтиже алу мақсатында оған реттеушілік ықпал етуге бағытталған шаралар жиынтығы.

Әлеуметтік қорғау – халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын және қоғамдық өндіріске қосылмағандарды қолдау, сондай-ақ еңбек тәртібін мемлекеттің реттеуі арқылы жалданып жұмыс істейтін тұлғаларды және оларға ақы төлеуді, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау. Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) ұсынатын тұжырымдарға сәйкес, әлеуметтік қорғау жүйесі шараларының кешеніне мыналар кіреді: тұрақты, ақы төленетін еңбек қызметін ынталандыру; негізгі әлеуметтік қауіп-қатерлер (тәуекелдер) туындаған жағдайларда әлеуметтік сақтандыру тетіктерінің көмегімен оны жою және еңбек кірістерінің бір бөлігін өтеу; әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып саналмайтын халықтың әлсіз топтарына арналған әлеуметтік көмек тетіктерін беру; азаматтардың білім беру және медициналық көмек сияқты негізгі құқықтар мен қызметтер алуына қолжетімділік.

Әлеуметтік көмек – бюджет қаражаты есебінен халықтың белгілі бір сипаттарын қосымша қорғауға арналған жүйе.

Әлеуметтік қызмет көрсетулер жүйесі (денсаулық сақтау, білім беру, кәсіби даярлық, жұмыспен қамту қызметі), олардың әрбірінде жеке кәсіпорындардың бар екендігіне қарамастан әлеуметтік инфрақұрылымдар саласының мемлекеттік секторына сүйенеді. Мемлекет өндірісті қаржыландыруға және сол арқылы халыққа олардың қол жетімділігін ұлғайта отырып әлеуметтік қызмет көрсетулерді бөлуге қатысады.

Құрылымдық валюталық саясат – валюта жүйесіндегі құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыруға бағытталған үзақ мерзімді шаралар жиынтығы.

Сауда еркіндігі – сұраныс пен ұсынысқа еркін нарықтық күштер негізінде дамитын мемлекеттің сыртқы саудаға барынша аз араласу саясаты.

Сауда саясаты – импорт пен экспортқа тікелей шектеу және салықтар, субсидиялар арқылы сыртқы сауда көлемін реттеуге бағытталған үкіметтің саясаты. Мемлекеттің сыртқы саудаға араласу ауқымына қатысты протекционистік сауда саясаты және еркін сауда саясаты болып ажыратылады.

Мемлекеттік қарызды (борышты) басқару кең мағынасында – заем алушы, кредитор және кепіл ретіндегі оның қызметімен байланысты, мемлекеттің қаржылық саясаты бағыттарының бірін қалыптастыру. Тар мағынасындағы мемлекеттік қарызды (борышты) басқару – мемлекеттің қарыз (борыш) міндеттемелерін шығаруға және орналастыруға дайындықпен және мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын реттеумен, мемлекеттік қарызға (борышқа) қызмет көрсетумен және борышты өтеумен, ссудалар мен кепілдіктер берумен байланысты іс-қимылдардың жиынтығы.

Жедел амортизация – оларды пайдаланудың нақты мерзіміне қарағанда, құралдарды неғұрлым қысқа мерзімде амортизациялық қорға есептен шығару.

Әлеуметтік әділеттіліктің утилитарлы принципі – қоғамның барлық мүшелерінің жалпы пайдалылығы артады.

Ағымдағы валюта саясаты – валюта нарығындағы валюта бағамын, валюта операцияларын және қызметін күнделікті жедел реттеуде пайдаланылатын қысқа мерзімді шаралардың жиынтығы.

Еңбекті үнемдейтін техникалық прогресс – еңбекті, капиталды, дегенменен еңбекті үнемдеуді қамтамасыз ететін процесс.

Федералдық резервтік жүйе (ФРЖ) – бүкіл елде орналастырылған және мемлекеттік билікке толықтай тәуелді, 12 федералдық банктер арқылы таныстырылған, АҚШ-тың орталық банкі.

Фискалдық саясат – бұл мемлекеттік шығыстардың және салық салудың көлемін өзгерту арқылы экономикаға ықпал ету.

Функционалдық әдіс – нақты экономикалық тетіктің қолданылуымен, «жұмыс жасауымен», экономиканың сол тарихи кезінде тұтастай түрде қалыптасқан ұдайы өндірісімен байланысты.

Циклдік тапшылық (профицит) – салық түсімдерінің автоматты түрде қысқаруынан (ұлғаюынан) және іскерлік белсенділіктің басылуынан, мемлекеттік трансферттердің ұлғаюынан (қысқаруынан) туындаған мемлекеттік бюджеттің тапшылығы (профициті).

Әлеуметтік әділеттіліктің эгалитарлы принципі – қоғамның барлық мүшелері бірдей игілікке ие болады.

Экономикалық шаралар – бұл нарықтық процестердің дамуын мемлекетке қажетті сүрлеуге (атап айтқанда, жиынтық сұраныс пен ұсынысқа, капиталды орталықтандыру дәрежесіне, экономиканың құрылымдық аспектілеріне) бағыттау үшін соның көмегімен белгілі бір жағдай жасалатын мемлекеттік ықпал ету шаралары. Қаржылық және ақша-несие саясаты, бағдарламалау және болжам жасау экономикалық шаралар қатарына жатады.

Экономикалық саясат – үкімет әзірлеген бағдарлама бойынша мемлекет жүзеге асыратын, экономикалық жүйенің бір динамикалық жағдайынан екіншісіне саналы түрде өтуі.

Экономикалық өсу – экономика ауқымының ұзақ мерзімді тұрлаулы өсуі, яғни абсолютті түрде, сол сияқты халықтың жан басына шаққанда – ҰЖӨ-нің немесе ұлттық табыстың (ҰТ) үдемелі өсу процесі.

Мемлекеттің экономикалық стратегиясы – шектеулі ресурстарды жұмсау жолымен дәйекті жүзеге асыру белгілі бір мерзімге алдыға қойған негізгі міндеттерге жетуді қамтамасыз ететін, ірі ауқымды шешімдер мен белгіленген қызмет бағыттарының жүйесі.

Экономикалық тактика – экономикалық стратегияның қандай да бір нақты кезеңіндегі мақсаттарға жетуге және міндеттерді шешуге бағытталған экономикалық-саяси қызмет тәсілдерінің, әдістерінің және формаларының жиынтығы.

Ығыстырып шығару күшті әсері (эффектісі) бюджеттің өктемдік ету салдарынан туындаған пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуінен сұраныстың кемуі.

 




Дата добавления: 2015-09-10; просмотров: 141 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав

Түйін | Ақша-несие саясатының мәні, құралдары | Негізгі бағыттары | Азақстан Республикасының өңірлік экономикасының ерекшеліктері | Азақстан өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық сипаттамасы және мемлекеттік реттеудің ерекшеліктері | Неркәсіптің ұлттық экономикадағы рөлі және оны тиімді мемлекеттік реттеудің қажеттілігі | Неркәсіпті мемлекеттік реттеудің мәні | Сыртқы сауданы, капиталдар миграциясын және валюта-қаржы аясын мемлекеттік реттеу | Төлем балансы және валюталық реттеу негіздері | Азақстан Республикасындағы валюталық реттеудің ерекшеліктері |


lektsii.net - Лекции.Нет - 2014-2025 год. (0.041 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав