Читайте также:
|
|
Дәріс 1
Тақырып. Экологиялық құқықтың түсінігі және пәні
Жоспар:
Азақстан Республикасының экологиялық құқығының пәні, объектілері мен субъектілері
Экологиялық құқық ұғымы
Экологиялық құқықтың әдістері
Экологиялық құқықтың қағидалары
Экологиялық құқық жүйесі
азақстан Республикасының экологиялық құқығының пәні, объектілері мен субъектілері
Құқық саласының сипаттамасын реттеу экологиялық құқығының мәнін анықтаудан басталады. Құқық теориясынан біз мынаны білеміз: белгілі бір саланы реттеудің мәні қоғамдық қатынастар болып табылады, олар іштей бірлікпен, ерекшелігімен, жақындық белгісімен, кейбір басқа да қасиеттерімен сипатталады және адам қызметінің белгілі бір саласын реттеуге бағытталған. Осы қисынды ұстана отырып мынаны мойындау керек: экологиялық құқықтың мәні адамзат қоғамы мен табиғаттың, мемлекеттің және оның субьектілерінің табиғат ресурстарын пайдалану мен сақтау тұрғысында өзара әрекетінің саласында туындайтын экологиялық қатынастар болып табылады. Жалпы бұл анықтама дұрыс, бірақ ол қоғамдық қатынастардың басқа түрлерінен өзгеше, экологиялық құқық қатынастарының мәнін, олардың құқықтық ерекшеліктерін ашып көрсете алмайды.
Экологиялық құқық мәнінің ұғымын іргелі ғалымдар ертеректе зерттеген. Ресей оқулықтарын ерекше атап көрсеткен жөн, олардан біз мынадай анықтамаларды ұшыратамыз: “Экологиялық құқықтың мәні қоғам мен табиғаттың өзара әрекеті саласындағы қоғамдық қатынастар болып табылады... олар тұтастай алғанда табиғи обьектілер мен қоршаған табиғи ортаны қорғау тұрғысында туындап, дамиды”[1], “Экологиялық құқықтың мәні – бұл экология-лық-құқықтық нормалардың қолданылуы саласында қалыптасатын тарихи тұрғыда қазіргі және болашақтағы ұрпақтар мүдделері үшін қоршаған ортаны сақтап қалу мақсатында табиғи обьектілерді (экологиялық жүйелерді)сақтау, жақсарту, қалпына келтіру, тиімді пайдалану тұрғысында міндетті түрде мемлекеттің қатысуы жағдайында азаматтар мен ұйымдар арасындағы өндірістік қатынастармен байланысты болуы”[2].
Бұл анықтамаларды қабылдауға болады, алайда олардың мәнінің ашылуына қарай аталған көзқарастар онша жетілмеген. Біздің көзқарасымыз бойынша, негізгі қателік мынада болып табылады: қоғам мен табиғат қатынастарының сан алуан болуынан ғалымдар тек табиғат қорғау қатынастарын ғана бөліп көрсетеді (В.В. Петров), экологиялық құқықты табиғат ресурсы құқығынан бөліп көрсетеді (Б.В. Ерофеев). Бұл мәселе өте күрделі болып табылады, оның үстіне оның сипаттамасына Қазақстандағы нарықтық қатынастардың дамуы, табиғат ресурстарын тауар айналымына таратуы ықпал етеді, осының салдары ретінде экологиялық қатынастарды зерттеуде азаматтық-құқықтық нормалардың қолданылуы күшейе түседі. Мынадай көзқарастар белең ала бастады: жерді пайдалану тұрғысындағы мүліктік қатынастар (ипотека, жалға беру, сатып алу-сату және т.б.) азаматтық-құқықтық институтының мазмұны болып табылады. Сондай-ақ табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін және қоршаған ортаны ластағаны үшін экологиялық төлемдер мен салықтар салық құқығын реттеудің мәні болып табыла ма дейтін көзқарасты тым даулы көзқарас деп тануға да болар.
Біз бұл сұрақтарға қоғам мен табиғаттың өзара әрекеті туралы тұжырымдаманы әдістемелік база ретінде пайдалана отырып жауап береміз. Экологиялық қатынастар – бұл обьектісі табиғат пен оның құрамындағы элементтер болып табылатын қатынастар. Осының негізінде біз экологиялық бүкіл табиғи кешенге, сондай-ақ оның жекелеген бөлімдеріне бағытталған барлық қатынастарды жатқызамыз. Сондықтан жер, су, тау, орман, фауналық, атмосфералық ауа қатынастары біршама дербестікке ие болады және жер, су, тау, орман, фауналық, атмосфералық ауа құқығының мәні болып табылады, өзінің жалпы белгілері бойынша табиғат ресурстары қатынастарына жатады, олар экологиялық қатынастары құрамына кіреді. Сондай-ақ экологиялық қатынастарға обьектісі табиғат кешені, табиғи орта болып табылатын қатынастарды жатқызу керек, мұның өзі қорықтардың, экологиялық апат аймақтарының құқықтық режимін реттеу мысалынан ерекше айқын көрінеді.
Алайда бұл орайда мынаны ескеру керек: “жер, жер қойнауы, су, ормандар, жануарлар дүниесі, ауа” ұғымы мен “табиғи ресурс” ұғымы арасында айырмашылық бар. Әрбір су экологиялық қатынастардың әрқашан да обьектісі бола бермейді, “орман” экологиялық құқықпен де әрқашан да реттеле бермейді. Мұның бәрі, егер аталған обьектілер табиғат ресурстары болып мына белгілерге сай келген жағдайда ғана мүмкін болады:
а) шығу тегінің табиғи сипаты;
Табиғи ресурс жасанды жолмен алынбауға тиіс, ол табиғат туындысының нәтижесі болып табылады;
б) ол қоршаған ортамен табиғи байланысты болады;
в) әлеуметтік-экологиялық құндылығы. Бұл белгі объектінің атқаратын қызметтерінен байқалады: экологиялық, экономикалық және мәдени-сауықтыру пайдасы бар.
Егер белгілі бір қоғамдық қатынаста табиғат объектісі табиғи ортадан алынатын болса, онда ол экологиялық құқықтың болудан қалады. Ол мүліктік қатынастардың объектісі, яғни азаматтық-құқықтың объектісі болуға, тауар болуға тиіс. табиғаттан алынғанда оған адам еңбегі жұмсалады және ол «бағалану» қасиетіне ие болады, оның құны болады. Өзендегі «су» өзінің физикалық қасиеттері жағынан біртекті өнім болып табылады, бірақ әр алуан заңдармен реттелетін болады. «Өзендегі су» - бұл табиғи ресурс, оны пайдалану мен қорғау экологиялық қатынастардың объектісі болып табылады. «Құдықтағы су» - бұл объект табиғи ортадан алынған және бұл қоғамдық қатынастар санитариялық-гигиеналық және коммуналдық заңнамамен реттелетін болады.
Сөйтіп, мынадай қорытынды жасауға болады: экологиялық қатынастарға объектісі табиғат пен табиғи ресурстар болатын, белгілі бір өлшемдерге сай келетін қоғамдық қатынастарды жатқызуға болады.
Экологиялық құқық қатынастарьның азаматтық, салық және т.т. арақатынасы туралы мәселені мына тұрғыда карастырған жөн. Экологиялық құқықтың мәні болып табылатын белгілі бір экологиялық құқық қатынастарының тобы болады. Бұл құқықтың басқа салалары бұл қатынастарды реттей алмайды және олар жеке сала ауқымында "тұйықталып қалған" дегенді білдірмейді. Экологиялық құқық қатынастары (олардың объектісі табиғат пен табиғат ресурстары болып табылады) азаматтық кұқық нормаларымен реттеледі (мүліктік сипаты - жалға беру, табиғат ресурсын кепілге салу, залалды өтеу және т.б. көрініс табатын қатынастарда), салық құқығының нормаларымен - (мемлекет табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін ақы мөлшерін белгілейтін қатынастарда), қылмыстық құқық нормаларымен — (мемлекет экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін жазалау шараларын белгілейтін қатынастарда) реттеледі.
Құқықтың қылмыстық, азаматтық, қаржы, әкімшілік салалары құқық қатынастарын реттеудің жалпы ережелерін белгілейді және құқықтың әртүрлі салаларында (мысалы, экологиялық) олар өзінің айрықша көрінісін табады.
Экологиялық құқық қатынастарының субьектілері заңды және жеке тұлғалардың кең ауқы-мы болып табылады, оларды жіктеу субьектілердің құқықтары мен міндеттерінің көлеміне, нақты құқық қатынасының түріне, өзге де жағдайларға байланысты болады.
Экологиялық қатынастар субьектілеріне мыналарды жатқызуға болады:
1) Қазақстан Республикасы – біздің мемлекетіміз табиғат ресурстарының меншік иесі бола отырып, экологиялық қатынастардың субьектісі болып табылады және табиғат пайдалану мен табиғатты қорғау мәселелері бойынша құқық қатынастарында міндетті тарап ретінде қатысады;
2) шетелдік мемлекеттер – Қазақстанның табиғат ресурстарын пайдалану мәселелері бойынша экологиялық қатынастардың субьектілері болып табылады, республикаға табиғи ортаға келтірген залалы үшін жауап береді (“Байқоңыр” кешенін жалға беру, шекаралық су обьектілері бойынша бірлесіп су пайдалану);
3) халықаралық ұйымдар – экологиялық қатынастардың субьектілері ретінде халықаралық ұйымдарға мамандандырылған экологиялық ұйымдарды (ЮНЕП, МСОП, Грин Пис), сондай-ақ экологиялық проблеманы шешуде белгілі бір қызметті орындайтын ұйымдарды (ХВҚ, БҰҰ, Сорос қоры, Эберта және т.б.) жатқызуға болады;
4) заңды тұлғалар – бұл топта тұлғалардың кең ауқымын атауға болады. Бұл кез келген меншік нысанының заңды тұлғалары – мемлекеттік кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер; шетелдік кәсіпорындар, бірлескен кәсіпорындар, олар Қазақстанның пайдалы қазыналарын игеруге маманданған және т.б.;
5) жеке тұлғалар – бұл арада Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдік азаматтарды, азаматтығы жоқ адамдарды атауға болады. Олар әлеуетті табиғат пайдаланушылар, экологиялық құқықтарға ие бола алады және экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапты болады.
Дата добавления: 2015-04-20; просмотров: 138 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав |