Читайте также:
|
|
Қаржылық жүйенің әрекеті оның құрамдас бөліктерінің өзара іс-қимылдарынан көрініс табады. Қаржыға қатысты жүйенің қызметі қаржылық қатынастар агенттері арасындағы қаржылық ресурстар мен ақшалай қаражаттар ағыны арқылы жүзеге асады. Ақшалай қаражаттардың қаржы жүйесіндегі ауыспалы айналымы адам ағзасындағы қан айналымы тәрізді экономикалық өміршеңдіктің белгісі болып табылады. Қаржы ағындары экономикалық қызмет өнімдерін, бөлу, айырбастау бойынша экономикалық үдерістерге қатысушылар арасындағы қатынастарды айқындайды.
Қаржы ағындарын мемлекеттік реттеу өзінің түпкі мәні бойынша қаржы ағындары мен ақшалай қаражат жинақтарын басқару болып табылады. Қаржылық байланыстар мен қатынастарда қаржы жүйесінің негізгі бес агенті (қатысушысы) әрекет етеді. Олар: мемлекет, ұйымдар, үй шаруашылығы, ұлттық банк (кейбір елдерде орталық банк) және коммерциялық банктер.
Мемлекеттен шаруашылық жүргізуші субъектілерге қарай қаржы ағынына мемлекеттік сатып алулар төлемі, яғни кәсіпорындар мен ұйымдардың мемлекеттің тапсырысы бойынша дайындаған тауарлары мен орындаған қызметтері үшін бюджеттен төлемдері жатады. Мемлекет шаруашылық жүргізуші субъектілерді қайтарымды және қайтарымсыз формада ақшалай ассигнациялауға (қаржы бөлуге), оларға дотация беруге, салықтар мен төлемдер бойынша жеңілдіктер тағайындауға хақылы.
Бюджет қаражатынан және бюджеттік емес мемлекеттік көздерден төленетін мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын және оның шамасын, зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы мөлшерінің деңгейлерін реттей отырып, мемлекет тұрғындарға арналған ақша ағынын кеңейту немесе кеміту мүмкіндігіне ие болады. Осыған ұқсас түрде салық түрлері мен қойылымдарына, төлемдерге, мемлекеттік қызмет көрсету тарифтеріне әсер ету арқылы мемлекетке бағытталған ақша ағындарын да реттейді.
Қаржылық байланыстар мен қатынастардың барлық негізгі субъектілері сыртқы қаржылық байланыстарға қатысады, яғни олар қаржы ағындары арқылы басқа елдермен қатынасады. Тұтастай алғанда мұндай ағындар ақшалай қаражатты шетелге шығару және олардың келуін көрсетеді.
Қаржыны реттеу қызметінің дербес тармағы – несиені және несиелік қатынастарды реттеу болып табылады. Несие – бұл бір тұлғаның екінші бір тұлғаға уақытша, қайтарымдылық шартымен беретін ақшалай қаражаттары. Несиелік қатынастар дегеніміз – қарызға берумен және қайтарумен ақша есептеулерін ұйымдастырумен, ақша белгілерін және бағалы қағаздарды эмиссиялаумен, сондай-ақ несиені инвестиция көзі ретінде пайдаланумен байланысты ақшалай қатынастар.
Мемлекеттік бағалы қағаздар рыногы – мемлекеттің қаржылық саясатының маңызды құралы болып табылады.
Оның атқаратын негізгі функциялары:
1. Әртүрлі деңгейдегі билік органдары бюджеттерінің тапшылығын қаржыландыру. Мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару және оны ашық рынокта сату нәтижесінде үкімет ақша қаражаттарын алып, оларды мемлекеттік бюджет тапшылығын жабуға жұмсайды.
2. Нақты жобаларды қаржылдандыру. Әдетте, нақты жобалар үшін бағалы қағаздарды шығару әдісін муниципалдық (қалалық, жергілікті) билік органдары қолданады. Мақсатты бағалы қағаздарды рынокқа шығару арқылы олар тұрғындар мен ұйымдардың уақытша бос ақша қаражатарын қажетті жобаларға тартады.
3. Айналымдағы ақша массасы көлемін реттеу. Бұл функцияны, әдетте Ұлттық Банк жүзеге асырады. Банктің мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуы айналымдағы ақша массасын көбейтеді, ал оларды сату, керісінше ақша массасын кемітеді.
4. Қаржы-несие жүйесінің өтімділігін (ликвидность) қолдау. Ұлттық Банктің бұл маңызды функциясы мемлекеттік облигациялар рыногы арқылы жүзеге асады. Өтімділікті ұстап тұру үшін сыйымды, айналым қорларын «жұтып» қоятын банктердің және активтерді тиімді айналдыратын өтімді рыноктың болуы қажет.
Дата добавления: 2015-09-10; просмотров: 214 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав |