Читайте также:
|
|
Аграрлық сектордың даму деңгейі қоғамның экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығының айқындаушы факторы болып саналады. Агроөнеркәсіп кешенінің көпукладты экономикасын қалыптастыру және дамыту төрт кезеңде жүзеге асырылды.
Бірінші – қалыптасу кезеңі (1990-1995) агроөнеркәсіп кешенін құрылымдық қайта құрумен сипатталады. 1991 жылы мемлекеттік жер меншігін жетілдіру процестері басталды. Соның нәтижесінде 1995 жылдың соңындағы жағдай бойынша жеке меншік нысандарында 36285 ауыл шаруашылық құрылымдары пайда болды. Мемлекет меншігінде асыл тұқымды мал өсіретін, тұқым шаруашылығымен айналысатын 1405 кәсіпорын ғана қалды. Жер пайдалану құқықтарын теңгермелі қайта құру осымен қатар жүргізілді. Мемлекеттік секторда тұрақты жер пайдалану үшін бар болғаны 925 мың га ауылшаруашылығына жарамды жерлер қалды, осы нарықта шаруа қожалықтарына (фермерлерге) уақытша және ұзақ мерзімді пайдалануға – 28,9 млн.га, ауылшаруашылық кооперативтеріне – 15,7 млн., шаруашылық серіктестіктері мен акционерлік қоғамдарға – 37 млн.га берілді. Осы жылдары акционерлеу нұсқасы бойынша агроөнеркәсіп кешенінің өңдеуші, жабдықтаушы және сервистік қызмет көрсету кәсіпорындарын жекешелендіру аяқталды. Әрі, осындай кәсіпорындардың ең аз дегенде акцияларының 50%-ы жеңілдік жағдайларда ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне берілген болатын.
Аграрлық реформаларды жүзеге асыру барысында, меншік нысандарының алуандығына негізделген, ауыл экономикасының жаңа құрылымы құрылған болатын. Осыған дейін өмір сүрген ауылшаруашылық және өндеуші кәсіпорындардың басым көпшілік бөлігі жаңа ұйымдық формалар (акционерлік қоғамдар және серіктестіктер, өндірістік кооперативтер, фермерлік шаруашылықтар, мемлекеттік кәсіпорындар) болып қайта құрылды.
Екінші – бейімделу кезеңі (1995-1999 жылдар). Бұл кезеңде ауылшаруашылық құрылымдары, өндірістің негізгі құралдарын жаңалау мүмкіндігіне ие емес, негізінен, шығынды шаруашылықтар болып қалды. Осындай ахуал капиталдың интенсивті түрде ауылдан жылыстауына әкелді. Ауыл шаруашылық өндірісіндегі инвестициялардың үлесі 0,4%-ға дейін төмен түсті. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілері несие ресурстарын алуға қолдары жетпегендіктен, онсыз да ауыр өздерінің қаржылық жағдайларын нашарлата отырып, лажсыздан баспа-бас айырбасты (бартерді) пайдаланды. Ауылшаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесі өндіріске ынталандырушылық ықпалын тигізе алмады, бөлінген қаражат тиімді пайдаланылмады. Ішкі нарықты қорғаудың айқын жүйесінің болмауы неғұрлым арзан импорт өнімдерінің елімізді басып кетуіне әкелді және осындай арзан қолды өнімдер отандық тауарларды ығыстырып шығара бастады. Осылардың барлығы, бағалардың сәйкессіздігі, ақыр соңында өндірістің құлдырауы мен ауыл экономикасының қаржылық жағдайының нашарлау себебіне айналды.
Талдау көрсетіп отырғандай, егер 1990 жылы пайдамен жұмыс жасайтын шаруашылықтардың үлес салмағы 96,4%, ал шығынды шаруашылықтар – 3,6% болса, ал 1998 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 23,4% және 72,4% болды. ІЖӨ-дегі аграрлық сектордың үлесі 1990 жылғы 34%-дан 1998 жылы 9%-ға дейін төмен түсті, ал жалпы өнім көлемі 2,4 есе қысқарды. 1997 жылдың соңында үкімет, тиімсіз шаруашылық субьектілерін банкрот деп жариялау, бюджетке төлейтін төлемдері бойынша қарыздары барларға мұрсат беру және жеңілдікпен салық салу жолымен аграрлық секторды қаржылық сауықтыру бойынша түбегейлі іс-шаралар қабылдады.
Реформалау кезеңінде, 1995 жылдың 22 желтоқсанындағы Заң күші бар, «Жер туралы» Президент Жарлығы қабылданды. Ол іс үзінде ауылшаруашылығы мақсатындағы емес жерлерге жекеменшікті заңдастырды. Соның нәтижесінде республикада, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу мен бау-бақшамен айналысатын және саяжай құрылысын жүргізетін, 3,5 мыңға жуық жер учаскелерінің меншік иелері пайда болды.
Үшінші – тұрақтандыру кезеңі (1999-2002 жылдар). 1999 жылы соңғы жылдары алғаш рет ауылшаруашылық өндірісінің елеулі өсуіне қол жеткізілді: ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1998 жылмен салыстырғанда 28,9%-ға, оның ішінде өсімдік (егін) шаруашылығы өнімі – 66%-ға, мал шаруашылығы – 1,8%-ға ұлғайды. Саланы реформалау барысында отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін 2000-2002 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту Бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарламада көзделген мемлекеттік қолдау шаралары: жалпы сипаттағы және арнайы іс-шаралар болып екі категорияға бөлінеді.
Жалпы сипаттағы іс-шаралар – малдардың (жануарлардың) және өсімдіктердің аса қауіпті аурулары диагностикасын, мониторингін және онымен күресуді, карантиндегі өнімдерге зертханалық және фитосанитариялық анализ жүргізуді, ауыл шаруашылық дақылдарының сорттарын санауды, суармалы игерілетін жерлердің мелиорациялық жағдайын бағалауды, мемлекеттік резервтердегі астықты сақтауды, элиталық тұқым өндірісі мен асыл тұқымды мал өсіруді сақтау мен дамытуды, минералдық тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауды, агроөнеркәсіп кешенінің ақпараттық жүйесін құруды және дамытуды, қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуді мемлекеттік қаржыландыру. Оған сондай-ақ ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне жеңілдікпен салық салуды (заңды тұлғалар үшін патент және шаруа қожалықтары (фермерлері) үшін бірыңғай жер салығы), бюджет қарыздарын төлеуге мұрсат беруді жатқызуға болады.Нақты салалар мен өндірісті қолдауға бағытталған арнайы іс-шаралар, негізінен, өтеулі сипатты білдіреді және нарықтағы қаржылық орнықты шаруашылық субьектілеріне арналған: мемлекеттік ресурстарға астық сатып алуды; ауылшаруашылығы техникалары лизингін, көктемгі дала және астық жинау жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттерді несиелейді; мемлекет сыртқы займдар тарту арқылы ауылдағы несие серіктестіктерінің жүйесіне несие береді; экспорт-импорт тәртібін реттеу жағдайындағы тариф саясаты.
Қазақстан Республикасының «Астық туралы» Заңы қабылданды. «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» қолданыстағы Заңға тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді, «Тұқым шаруашылығы туралы» Заң жобасы әзірленді. Ауыл шаруашылығын техникамен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін іс-шаралар қабылданды. Осы мақсаттарда мемлекеттің қатысуымен мамандандырылған мемлекеттік лизинг компаниясы ЖАҚ «ҚазАгроҚаржы»» құрылды. Компанияның өзінің қызметін атқарған уақыты ішінде республика бойынша лизингке 817 трактор, 1348 астық жинайтын комбайн, 508 жаткалар алынып, орналастырылды. 332 МТС құрылып, жұмыс істеуде, олар ауылшаруашылығының тауар өндірушілеріне қызмет көрсетеді. Отандық ауылшаруашылығы машиналарын жасауды қайта өркендету бойынша мақсатты бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Павлодар қаласындағы «Қазақстан трактор» акционерлік қоғамы жаңа шынжыр табанды Т-95 тракторларын жасауды игеріп, шығара бастады, кең ауқымды жаткаларды бірлесіп шығару өндірісі жолға қойылды.
Ауылшаруашылығы тауар өндірушілері үшін несие ресурстарына қол жетімділікті қамтамасыз ету бойынша міндеттер шешілуде. ЖАҚ «Аграрлық несие корпорациясы» мемлекеттік компаниясы құрылды және республикада ауылдық несие серіктестіктерін ұйымдастыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру жөніндегі жұмыстар басталды. Қазіргі уақытта республиканың 11 облысында 49 ауылдық несие серіктестіктері құрылды, ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне 2,3 млрд. теңге несие ресурстары берілді. Құрылған серіктестіктердің жалпы жарғылық капиталы 831,4 млн. теңгені құрайды, оған қатысушылардың саны 1618-ге жетті, ал ауылшаруашылығына пайдалы, олар өңдейтін егістік алқаптар – 2,3 млн. гектарды құрайды.
Төртінші - өсу кезеңі (2002 жылдан). 2003-2005 жылдарға арналған үкіметтің стратегиялық бағытында мемлекет басшысы ауылды басым дамытуды айқындап берген болатын, 2003-2005 жылдарға арналған мемлекеттік агро азық-түлік бағдарламасы мен 2004-2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы осы мақсат үшін әзірленіп, оны Республика Президенті бекіткен еді. Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің аграрлық азық-түлік бағдарламасының негізгі мақсаты болып саналады. Егістік алқаптардың рационалды құрылымдарын қалыптастыру, ауылшаруашылық техникаларын ауқымдық жаңалау және техникалық қызмет көрсетулерді сапалық жағынан кеңейту, орта және ірі тауарлы мал шаруашылығын дамыту, малды асыл тұқымдандыру ісін және элиталық тұқым шаруашылығын қолдау, ерекше қауіпті зиянкестерден, өсімдіктер мен жануарлардың ауруларынан қорғау сияқты ауылшаруашылығы өндірісін тікелей дамытуға бағытталған шаралардан өзге, онда институционалдық тетіктерді қалыптастыратын, мемлекеттік сектордың жұмыс істеу тиімділігіне негіз жасайтын іс-шаралар көзделген.
Жер кодексін қабылдау арқылы ауылшаруашылығы мақсатына арналған жерлерге жеке меншікті енгізу жер қатынастарын қайта құрудың басты шарасы болып саналады.
Онда, көрсетілген жерлерді жеке меншікке беру тетігі көзделген, бұл жағдайда жерді пайдалану құқығы институты сақталады.
Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуге, Стратегияда ерекше назар аударылған. Өңдеуші өнеркәсіптің материалдық-техникалық және технологиялық базасының моралдық жағынан артта қалғанын және физикалық жағынан тозғанын ескере отырып, 2003 жылдан бастап, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар үшін жабдықтарды жаңалау бойынша іс-шаралар жүзеге асырыла бастады.
Сондай-ақ ауыл халқы табысының қолайлы деңгейін қамтамасыз ететін және ресурстарды экономикалық жағынан перспективалы аймақтарға шоғырландыруға мүмкіндік беретін ауылдық аумақтарды дамыту мен ауыл халқын жаңа жерлерге орналастырудың оңтайлы схемаларын қалыптастыру көзделеді. Бұл міндеттер ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Бағдарламаларды іске асыру екі кезеңде жүзеге асады.
Бірінші кезеңде (2004-2006 жылдар) ауылдық елді мекендерді паспорттау, осы елді мекендерге әлеуметтік-экономикалық даму критерийлері (өлшемдері) бойынша жіктеу жүргізу негізінде әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша жағдайға талдау жасау болжанады.
Екінші кезеңде (2007-2010 жылдар) - әрбір селолық елді мекеннің әлеуметтік сыйымдылығын бағалау және ауыл тұрғындарының неғұрлым жоғары өмір деңгейін қамтамасыз ету, ауылдық аумақтарды орнықты дамытудың негіздерін жасау жоспарланады.
Ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларын жүзеге асырудың мыналар нәтижелеріне айналады: кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және экономикалық қызмет аяларын кеңейту негізінде ауылдық елді мекендер тұрғындарының кірістері деңгейінің өсуі; ауыл халқын әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету; ішкі көші-қонды (миграцияны) ынталандыру тетіктерін әзірлеу; 2007 жылы табиғи-климаттық аймақтар мен өндіргіш күштерді орналастырудың ұлттық схемасына сәйкес ауылдықтарды жаңа жерлерге орналастырудың оңтайлы үлгілерін жасау. Үлгінің өзін пайдалану 2010 жылдың аяғына жоспарланған.
Осылайша, бұрынғы жылдардан айырмашылығы, Қазақстанда ағымдағы міндеттерді ғана емес, сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін дамытудың перспективалық міндеттерін шешу үшін қажет қаржы ресурстары бар. Ендігі жердегі басты мәселе оларды тиімді және мақсатты пайдалану және халықтың басым көпшілігінің өмір деңгейі көп жағдайда ауыл экономикасын дамытуға қатысты екенін түсіне білуде. Атап айтқанда, соңғы жылдары республикада әзірленген және қабылданған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Дата добавления: 2015-09-10; просмотров: 114 | Поможем написать вашу работу | Нарушение авторских прав |